Гүлнұр Ембердиева. Махаббат періштесі (хикаят)

ӘДЕБИЕТ
9996

«Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектері Болат пен Айнұрдың рухына арналады

БЕЙТАНЫС, ЕСКЕРТКІШ ЖӘНЕ МЕН 

Мен оны мамыр айында міндетті түрде жолықтырамын. Үйімнің жанындағы махаббат аллеясында күнтізбедегі кестесін бұзбайын дегендей тұп-тура бірінші мамырдан бастап, бес күн бойы тапжылмай отырады. Шашын желкесіне қоя берген, үстінде қызыл көйлек, қара шалбар, қою сары түсті пиджак, қарапайым көптің біріне ұқсамайтын жігіт кез-келгеннің назарын аударатындай үлгіде киініп алған. Осымен бесінші көктем дәл осы орындықта, терең ойланып, сонау түпсіз аспанның шегін тапқысы келгендей көкке сүзіліп, әлдебір уақытта сол аллеяда орнатылған ескерткіш қос ғашықпен сырласқаны ма үзіле қарап отырғаны. Барын тек осы орындық пен ғашықтар ескерткішімен бөліскісі келетіндей. Күндегі қалпы осы. Бүгін төртінші күн отырғанына. Ішкі әуестігім осы бір қызық жанның құпиясын білгісі келді. Не де болса тілдесіп көрейін деп ойладым. Жұмыстан бірер сағатқа сұранып, жүгіріп саябаққа жеттім. Көз ұшынан байқап келем, әлгі орындықта екі адам отыр. Бәлкім, ол іздегенін тапқан шығар деп қызғанып кеттім. Жандарына жақын келгенде... Бөтен қыз бен жігіт. Іздегенім алыстап кете қоймаған секілденіп алақ-жұлақ жан-жағыма қарап қоямын. Бірақ, құпия досым ізім-ғайым жоқ. Салбырап кері қайттым. Ертең ол келер ма екен? Санамда осы сұрақ жаңғыра берді. Үміт пен күдік қатар ойнап тұр. 

Таң атпай тұрдым. Терезеге барып, саябақ жаққа көз тастадым. О, тоба менің құпия досым ескерткішке қараған күйі дәл сол орындықта отыр. Дәл қазір ұстап алмасам кетіп қалардай асыға киініп, сыртқа жүгірдім. Жанына жақындаған сайын белгісіз қорқыныш ұялай бастады. Егер ол ақыл-есі ауытқыған біреу болса ше? Жо-жоқ, мүмкін емес... Жақындадым, әдемі ер адамның әтірінің иісі желпіп өтті. Жанына барып отырдым. Ол үнсіз, ескерткішке қараған күйі қимылдар емес. Маған назар аударған жоқ. 

– Сіздің есіміңіз кім? – даусым сылбыр шықты. Селт етпеді. Әлде естімеді ма екен? 

– Сіздің есіміңізді білуге бола ма? Жалт қарады. Енді байқадым, нұрсыз мұңлы көздері жасырын сырдың ұяшығындай. Жарасымды келбетінің сынын майда-майда әжімдер бұзғысы келгендей із сала бастапты. Екеуміздің көз қарашығымыз тоқайласып қалды. Атып жіберердей, тұра қашқым келді. Бірақ, бұл адамның сырын білуге деген құмарлық іркіп ұстап қалды. Батылдық жия бастадым. 

– Сіз мұнда бесінші жыл келіп отырсыз білем, - дедім. Маған зерделей қарады. Өзіне назар аударған адамның қандай екенін білгісі келгендей. 

– Қайда тұрасыз? Әнтек жымиды да теріс айналды. Қорқынышым сейіліп, еркінси бастадым. 

–  Менің атым Сағыныш. Басын көтеріп алды.

– Сағыныш, сағынышым менің, сарғайған сары күн! Даусы зарлы естілді, адамды айтты ма әлде, менің есіміммен байланысты уақыт па оның ойын қозғаған? Аңғара алмай қалдым. Екеуміз де үнсізбіз. Ойын оқығым-ақ келеді. Қалай оның көңілінің кілтін табамын? 

– Сен өміріңде уәде беріп көріп па едің? Оның даусы нақты әрі анық естілді. Селк еттім, тосын сұрақ күтпеген едім. Енді, мен үнсіз қалдым. Не деп жауап берерімді білмеген едім. 

Ол менің жауабымды күтпеді де: 

– Мен уәде бергенмін, соны орындап келем! Сұраулы жүзбен бетіне қарадым. Салмақты сөзінен даусым шықпай қалған секілді. 

– Сен менің мұнда неге келетінімді білгің келеді ғой? Басымды изей бердім, сөйлесем бәрін бүлдіремін, үндемегенім дұрыс. 

– Сағыныш десе дегендей-ақ, – деп енді маған көз тоқтатып қарады. Әлгі Сағынышы сүйгені болды, ол мені сонымен салыстырып отыр деген ой дың ете қалды миымда. Орнынан тұрып жүре берді. Мұндай сорақылық болады екен ғой. Енді бұл адамның сырын білу үшін, тағы бір жыл күтуім керек пе? Артынан тұра жүгірдім. 

– Ағатай, тоқтаңызшы! Ол қарар емес. Жолдың арғы бетіне шығып үлгерді. Мен де қалмадым. Орталықтағы «Сакартвело» мейрамханасына кірді. Ізін ала мен де бас сұқтым. Шеткерек тұрған үстелдің бірінен орын алыпты. Тура өзіне қарама-қарсы келіп отырған мені аңғарғысы да келмеді. Тапсырыс беріп үлгерген. Даяшы бір стақан су, бір стақан сүт құйып алып келіпті. Енді не істер екен? Ол іштей күбірлеп біраз отырды. Бір сәтте маған қарап тіл қатты: 

– Кім екеніңді білгім келмейді. Сен менің жадымдағыны жаңғыртқалы отырсың ғой? Мен үнсіз қалдым. Сөйлеудің ретін таппадым. Менің жауабымды күтпестен ары қарай сөйлегісі келген, іркіліп қалды. Бір сәтте көзінің тостағанына жас толып, қарашығы ұлғайып шыға келді. Мен сілейген қалпы отырмын. 

– Жасым жиырма сегізде, – деді де бір қойды. Алдымда отырған жігіттің шынында менімен жасты екеніне сенбей, егделенген жүзінен өмір іздедім. Ары қарай тағы үнсіздік. Ол бірінші сүтті сіміріп салды. Көзін жұмып біраз отырды. Суды қолына алды. Іштей дұға еткендей күбірледі де оны да сіміріп салды. Орнынан тұрып жүре берді. Мен тағы соңынан қалмай еріп келем. Бір-біріне басын сүйеп тұрған қос ғашықтың ескерткішіне қарай беттедік. 

– Бұл сыр өзіммен бірге кетпейтінін білгем. Соңымнан қалмай еріп келесің... Ыһым,ыһы, ыһы, – деп сөзінің соңын аяқтамай жөтеліп ала жөнелді. Қып-қызыл болып булығып барып басылды. Шыдамдылық таныттым. Ішкі әуестік қана менің төзімімді түлетіп отырған. Әйтпесе...

 – Әйтпесе... – деп қалды менің бейтаныс досым. Мен ойымды оқыды ма деп дір ете қалып, жалт қарадым. 

– Әйтпесе, әлдеқашан өлетін едім ғой мен де, – деп күбірлеп кетті... Менімен жасты болса да тым нәзік еді. Шашы сұйық, көзі боталап тұратын. Оның жүзіне үңіле: 

– Ол қайда? – дегенмін мен ойын жұтпасын деп. 

– Ол Аспанда, бізге күлімдеп қарап тұр. Тұрып кетуге ниеттендім. Мынау есі дұрыс адам болмады деп ойлап үлгердім. 

– Сол сөзді бекер айттың ғой, сен! Денем дір етті, ой оқитын адам ба? Бетіне қарасам ескерткішке қарап отыр. Уһ, дедім. 

– Мен енді сені осы ескерткіштің жанына келгенде тапқандай боламын. Біз бірге жүрген жер, жұтқан ауа, әр көктемде қайта көктейтін гүлдер...бәрі, бәрі сенің көздерің...Тоқташы, сенің көздерің... Ол маған тіке қараған, көзімді бұрып әкете алмадым, жіпсіз байлағандай. 

– Сенің көзің ішкі әлеміңнің бөлек екенін айтады, ал мен басқадан ұқсастық іздедім. Бірақ, онымен салыстыра алмадым. Танысым орнынан тұрды, аяңдай жүріп, батқан күнге қарай ұзап кетіп бара жатты. Кеудемде сан сұрақ, бірақ бір тылсым мені жібермей ұстап қалды. Соңынан барудың реті жоқ екенін түсіндім. Келесі жылы ол келер ма екен? Құшақтасып, бір адам болып бітісе тұрған ескерткішке ұзақ қарадым. Оның өмірі осы қос ғашықтың мекенінің ұясы ма екен? 

...Сүйретіле өз мекеніме қайтып келемін. Буырқанған ағысты толқын мені бағытына алып қуып келеді, қуып келеді. Мен қашқым келеді, бірақ аяғымда тұсау бардай сүріне беремін. Қарт Каспийдің толқыны мені жұтса, демім таусылғаны да. Жүрегімдегі алаң көңіл, анамның мені жоқтаған көз жасын теңіздің арнасына сыйдырмай дауылдатты. Жиырма сегіз көктем бірінен соң бірі бүршік атты да, одан кейінгісі бұлыңғыр тартты. Құлағым бітелгендей. Жо-жоқ, мен тағы да көктем көргім келеді деймін, естимісіңдер мен көктемімді көремін. Айғайлап келемін. Жүрегімнің қатты қағысы құлағымды ашқандай. Бір сүрініп, бір тіктеліп келе жатқан менің алдымнан биік шынар көрінді. Жанталас, жан далбаспен биігіне өрмеледім... Қара терге түсіп ояндым, жүрегім жиі-жиі соғып кетіпті. Өмірімде теңіз көрмегенмін, тау етегінде өскен маған бұл түс тегін кірмеді. Оянғаныма тәуба дедім, иә менің оянуым керек! 

Таңертең ескерткішке бардым. Енді ғана зерделей мұқият қарадым. Төңкерілген қазантастың үстінде құшақтасып, бір дүниеге айналған қос мұңлықтың бейнесі. Қазантастың ортасы қиыспаған күйі қақ бөлінген. Бәлкім, бұл дүниеде қосылмаған тағдырлардың тарихын мүсінші осылай білдіргісі келді ме екен? 

– Қызым, сенің түрің таныс болып барады! Бұл жерден жиі көреміз. Жасы алпыстардан асқан, қара торы ер адам күлімсіреп тұр. 

– Сәлеметсіз бе? – дедім қысылғандай күй кешіп. 

– Иә, бұл жер жастардың сырласатын мекеніне айналып барады, балам! – деп күбірлеген ол бұрылып, мөп-мөлдір суы тынши жатқан қауызға ойлана қарап тұрып қалды. Ескерткіштің қасынан алыстағым келді. Сол көшенің бойындағы баспалдақпен жотаға өрлеп барамын. Биіктен бәрі кіп-кішкентай болып көрінеді. Біздер адамдар Тәңірдің назарында түймедей ғана дүние болармыз. Мәңгіліктер бар ма? Бәріміз ескерткішке айналармыз, басымызға қойылған кішкентай ғана тас, бұл дүниеде болғанымызды айғақтар. Осы күнге дейін қаншама адам өмір сүрді, кетті. Бірақ, солардың моласы қайда? Тек ұлылардың мазарын ұрпақ сақтап қалды. Ал, қалғанын жер жұтты. Ірі-ірі қалаларымен қоса жоққа айналды. Біздің баратын жеріміз сол, қараңғы қара жердің қойны, жарық дүниеге із қалдыру миллионнан біреудің ғана маңдайына жазылған дүние ма екен? Миымда «Алладан ұзақ ғұмыр емес, мағыналы ғұмыр сұра» деген сөздер қайталана берді. Бұл жерден кеткім келмеді. Бір құпия, үлкен өмірдің дастаны жатқандай осы арада. Әне, әлгі қария ескерткіштің айналасындағы гүлдердің астын қопсытып, тазалап жүр. Киім киісі жинақы, тап-таза, қарауыл, болмаса тазалаушыға ұқсамайды. Осы қос мұңлық пен мына кісінің арасында байланыс бар ма? Кешегі бейтанысты ол кісі білер ме екен? Төменге қайта түстім. 

– Еңбек рәтті болсын! 

– Рақмет қызым! 

– Сіз мұнда жұмыс істейсіз бе? Жоқ, бұлай сұрамауым керек еді, бірақ кеш, аузымнан шығып кетті. 

– Көріп тұрсың ғой, жұмыс істеп жатырмын. Тағы қысылып қалдым. 

– Сіз мұнда үнемі келемісіз? 

«Бұл жермен қандай байланысыңыз бар?» - деп сұрауым керек еді, сауалым басқаша болып шықты. Соңғы гүлдің түбін қопсытып, түбін нығыздады да: 

– Мынау гүлдің ерекше түрі. Қызым Гүлжан Қытайдан алып келді. Жаздың күні иісі танауыңды жарып, айналаны әдемілікке бөлейді. Жылда өзі көгереді, – деді. Мына сөзден біраз сырдың ашылайын деп тұрғанын ішім сезіп қуанып кеттім. 

– Иә, жазда бұл жер кішігірім иранбаққа айналады. Қаламыздағы ең сұлу жер ғой, – дедім оның сөзін құптай кетіп. 

– Мына ескерткіштің авторы кім? – дедім. Негізі «Бұл ескерткіш кімге арналған?» -деген сауал тұрды көкейімде. 

– Сен ана екі ғашықтың ескерткішін кім салғанын білесің бе? – деді қария бізден жиырма метрдей қашықтықта орналасқан, бір-біріне басын сүйеп, сырласқан күй кешіп орындықта отырған үлкен ескерткішке назарымды аударып. Үнсіз басымды шайқадым. Білмегеніме ұялдым. 

– Мына ескерткіштің авторы соның шәкіртінің туындысы деседі. 

– Рас айтасыз ба? Екі ескерткіштің арасында бір байланыс бар ма? – деп қалдым. 

– Сен кездейсоқтыққа сенесің бе? 

– ... Қария жауабымды күтпеді, екі ескерткішке кезек-кезек қараған күйі: 

– Сенетін болсаң, бұны жай ғана кездейсоқтық деп қабылда. 

– Демек, сіз бұл ескерткіштердің тарихын жақсы білесіз ғой? 

– Иә, сенің бұл жерге жайдан-жай келмейтініңді алғаш көргенде-ақ ұққанмын. Бірақ, не сырың бар екенін білмеймін. 

– Кездейсоқтық меніңше болмайды. Өмірде себепкер деген бар. Өзімді осы ескерткішпен байланысты сияқты күй кешемін. Тіпті бейтаныс... Дәл осы сәтте оның қалта телефоны безілдеп қоя берді. 

– Әрине Гүлеке, табыстаймын. Өзім де біраз жұмыстарды атқарып тастадым. Иә, иә... Телефонын өшіріп, қалтасына салды. 

– Бұл ескерткіш біздің өміріміздің бір бөлшегі. 

Миым ток жүріп өткендей дың ете қалды. Мына ескерткіштегі қыз бен жігіттің бірі бұл кісінің перзенті. «Біздің өміріміздің бір бөлшегі». Телефон соққан әйелі. Қария бұрылып жүре берді. Көзіндегі жасты көрсеткісі келмеді ме екен? Менің де жүйке-жүйем алай-дүлей болып кетті. «Қандай ақымақпын» деп өзімді жазғырдым. Қарияның жүрегін жаралап, есіне алғысы келмейтін дүниелерді қазбалаған жауыздай сезініп, өзімді жек көре бастадым. Кете берді қария. «Кете берсін, сол дұрыс болар». Сілейіп қанша уақыт тұрғанымды білмеймін... Аспанды бұлт торлап, жауынның ақ тамшылары бетімді кезек-кезек сүйе бастады. Мазасыз миым тамшылардың шыққан жерін анықтағысы келгендей, көкке қарап, алақанымды тосып, айнала бастадым. Мөлдір тамшылар жарыса түсіп, жерге сіңіп кетіп жатыр. Жаңа ғана бар еді, бірақ жоқ. Жинала-жинала шалшық суға айналар, бірақ теңіз болмас. Көңілім құлазып, су-су болып үйге қайттым. Кешінде ыстығым көтерілді. Апта бойы үйде жатып қалдым. Ойыма нелер оралып, нелер келмеді десеңші. Дәл сол минуттарда жүрегім тоқтап қалатындай азаптандым. Өлсем, әлгі жұмбақ сырды кім шешеді? Бәлкім, қос ғашық маған махаббаттарын жария етуімді аманаттаған болар, сол бейтаныс арқылы. Жо-жоқ, өлмеуім керек деп аласұрдым. Ойымнан жиырма сегіз деген сан кетпей қойды. Екі бейтаныс, ескерткіш те санамда жаңғыра береді... 

Күн жылынған, мен жазылып, ескерткішке келдім. Менің барымнан да, жоғымнан да бейхабар тілсіз тас сол күйі тұр орнында. Тіршіліктің бар екенін білдіргісі келгендей гүлдер бой көтеріп, көктеп қалыпты. Бүгін бұл маңда адам көп сияқты көрінді. Қыдырып жүрген жастар. Сонадайда иіле сәлем салғандай болып тұрған келіншек талдың астында бір-біріне мейірлене қарап жас жұбайлар суретке түсіп жатыр. Ә, бәсе, мыналар соларға ерген топ болды ғой. Беріректе қыз бен жігіт әңгімелесіп тұр. Кеуделеріне ақ гүл таққан. Сыпайылықпен сызыла басып, бері аяңдады екеуі. 

– Өкінішті иә, естуімше мына ескерткіштегі қос ғашық шет елде оқыған екен. Үйленуге келе жатқан жолда ұшақ апатынан қайтыс болыпты, теңізге құлаған, – деді қалыңдықтың құрбысы терең күрсініп алып. 

– Несі өкінішті? Бірі кетіп, екіншісі бұл дүниеде қалса нағыз өкініш деп соны айт, – деді күйеу жолдас қызды қоштамай. 

– Шын сүйгендер қосылмайды деген осы болар, – қыз да қалысар емес. 

– Олардың рухы бірге емес пе? Қаншама ғашықтар олардың рухымен сырласады! 

– Сенің сөзіңнің жаны бар шығар, бірақ мен өз ұстанымымда қаламын. 

– Шын сүйгендер қосылмайды дегенмен ба? Ол сөзіңді қоштар едім, бірақ біздің бүгінгі отау иелері бір-бірін сүйеді ғой. 

– Шынайы махаббатты отау құрумен шатастырып алатынымыз да бар... 

– Сен сүйгеніңмен бас құрау ақымақшылық дегің келе ме? 

– Жарайды, бұл жерді пікірталас алаңына айналдырмай, ғашықтардың жанына барайық, – деп, қалыңдықтың құрбысы күйеу жолдасты қолтықтап жас жұбайлар жаққа аяңдады. Менің түсім есіме түсті. Менің арпалысым, теңіз ден қашқан жансауғам дәл сол минутта ажалмен бетпе-бет келген мына ескерткіштегі жандардың күйі болар. 

Кездейсоқтыққа сенесің бе? 

Қария осылай демеп па еді? Бұл кездейсоқтық емес. Ескерткіштегі жазуға назарым ауды. «ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кардиф университетінің магистратурасында оқып жүрген тараздық Болат Карентаев пен ақтөбелік Айнұр Сүлейманова елге үйленуге келе жатқанда 2005 жылы 23 желтоқсанда Каспийге құлаған ұшақ апатынан қайтыс болды». Көзім бұлдырап кетті. Екеуі түйедей құрдас 1977 жылы туған. Өмірлері жиырма сегіз жастарында қиылған. Менің де жасым жиырма сегізде. «Кездейсоқтық емес!» деп күбірледім. Тамағыма кеп қалған өксікті ірки, бір үлкен тірлікке бел байлағандай бойымды жиып алдым. Осы күннен бастап, мен тас мүсінге жан бітіргім келді. Оларды қолымда құдірет болса сөйлетер едім-ау... 

ЖҰМБАҚ КЕЗДЕСУ 

Таңғы бес жарым. Ұйқының тәтті кезі. Ал менде ұйқы жоқ. Тараз вокзалындағы сапырылысқан елдің тіршілігіне көз тастап, тағы да ойға беріліп отырмын. Әне, «Қызылорда-Көкшетау» пойызы келіп тоқтады. 

– Кешігіп кезіккен біздер кім ек? Дірілдей шыққан дауыс назарымды аударып алды. Ұзын бойлы жігіт ағасы, өзінен біршама жасы кіші қыздың маңдайынан сүйіп жатыр. 

– Ағатай, қош болыңыз! – қыздың солқылы басылмаған секілді. Ықылық ата бір ауыз сөзді зорға айтты. 

– Әттең, егер маған өмірім қайта берілсе... – дейді жігіт ағасы таусыла. 

– Үндемеңіз! – қыз жіңішке, нәзік саусақтарымен оның ернін басты. Бұл сәт қайта келмейтінін сезді ме, екеуі үнсіз қалды. Тыныштықты жолсерік бұзды, қызға әлдене деді. Пойыз орнынан қозғалып барады. Жігіт ағасы біраз жерге дейін қол бұлғап жүгіріп барды да, менің көз алдымнан жоғалды. Вокзал үнсіз. Ештеңе болмағандай мелшиеді. Қаншама сырдың, қоштасудың, табысудың куәсі болды екен бұл қарт вокзал. Санам саққа жүгіріп кетті. 

– Қызым, мынау келген «Алматы – Ақтөбе» пойызы ма? – дегенде селк ете қалдым. Жанында кішкентай бала, екі дорба арқалаған әже тұр. 

– А, иә... – есіме енді түсті, бұл менің пойызым ғой. 

– Иә, әже бұл сол пойыз. 

– Алда, пәтшағар жүр кеттік қазір қалып қоямыз, – деген «менің» әжем баланы дедектетіп ала жөнелді. Мен де тұрдым орнымнан. Жолсерік төсек жабдықтарымды әкеп беріп, билет пен құжаттарымды тексерді. 

Қарап тұрды да: 

– Тараздан бұл вагонға сіз ғана міндіңіз. Шымкентке дейін жалғыз баруыңыз мүмкін, – деп шығып кетті. 

Маған бәрібір, жалғыздық серігіме айналған. Ойым бар жалғызсыратпайтын. Жастыққа басымды қойдым. Ұйқым келер емес. Сақырлаған пойыздың рельстері мені Ақтөбеге Айнұрдың туған еліне, мәңгілік қоныс тапқан жеріне әкетіп барады. «Қобда, Нева суларын сүйіп өскен, әсем гүлін құшаққа жиып скен...» -осы бір өлең жолдары санамда жаңғыра берді. Көз алдымда аққа оранған аққу бейне. Сәукеле арман, ару қыз. Сүйгенімен елге келе жатқан қыз табаны Тараз топырағына тимеді. Бірге кеткен арман, елес болған ғашықтар бейнесі көлбеңдейді. Олардың ескерткішіне жан бітіп бара жатқандай. Ұйқы иіріміне тартып барады... 

* * * 

Алакөлеңке бөлме. Бүгінгі түн еркегі жоқ үйдің есігін ерекше күзетейін дегендей Алатабанда маза жоқ. Сыбдыр естілсе арс ете қалып, елегізіп жатыр. Күздің қара суығы да өзінің міндетін орындағысы келгендей бұлттанып тұр. Қарашаның қырбақ қары түсіп үлгерді. Алакөлеңке бөлмеде бір тіршілік иесі бар. Ыңырана дем шығарып, көзін іліндіре алмай, екі жамбасына кезек-кезек аунайды. Бұл Гүлзипа. Жолдасы Амангелді ауыл шаруашылығының тексеру тобымен бірге алыс аудандардың біріне кеткен. Гүлзипа жолдасының маңдайынан бір иіскеп, «мен келгенше босанып қалып жүрер ме екенсің?» деп лажсыздан кеткендей күйін есіне алып, күрсініп қойды. Терең демалған Гүлзипа орнынан тұруға ниеттенді. Үш баланы өмірге әкелген ана жүрегі бұл сәбиді де ерекше күтуде. Үлкен ұлы да маған іні керек деп көп қыңқылдайтын. Екі қызы тұлымшағы желбіреп, аналарының қас-қабағына қарап бәйек болады. Бұл үйде ұйықтамай жатқан тағы бір адам бар. Ол Амангелдінің анасы келінінің уақытын есептеп түн баласына көз ілмей шығып жүр. Бала да жоқ үйде. Немере деген тәтті ғой. Қолындағы баладан үш немере, кіші ұлдан да ұрпақсыз емес. Құдай көпсінбесін адам ұрпағымен мың жасайды ғой, Алла бергеніңе шүкір десе де, келінінің жерік болғанын күтіп жүрген. Келіні ешкімнің ойына келмейтін, әлгі табыла бермейтін, бағасы да удай теңіздің астында жүретін балықтың қара уылдырығын баласына тапқызып, үстемелете жегенде «а, Құдай Ақсарбас» деген. Алдамапты, іші томпая бастағанда көңілі жадырап сала берді. Енді сәтін салса, көзі ілініп барады... 

– Апа, апатай! – деген дауыстан оянып кетті. Таң қылаң беріп қалыпты. – Жарығымнан хабар келді ме? – деп, сақ жатқан әже, орнынан сергек тұрды. Дереу кіші ұлын шақыртты. Бебеулеген жедел жәрдем балалар босанатын үйге жетті. Өмірге іңгәлап тағы бір перзент келді, балпанақтай ұл. Тұп-тура бес кілә. Бұл кезде Амангелді тексеруге кеткен ауданда дабыра болған. 

– Оу, тексеруге кім келді? Болат дей ме? Әлгі облыстағы дөкей ме? Ол дүлей табанымыздан таспа тілмесе жарар еді, – деген алақұйын көңілдер дегбірсізденіп отырғанда, бір топ комиссия мүшелерімен Амангелді кіріп келген. Күткендері көңілдерінен шыққан аудан басшысы мен қосшылары таңертең Амангелдінің сүйінші хабарын естіп «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген мәтелді естеріне алып, құтты болсын айтып жатты. 

– Әбеке, осы ұлыңның атын Болат қойшы, біз Болат келеді деп күтіп жүрсек, бұл дүние есігін ашатын сәбидің дүмпуі екен де,–деп аудан басшысы өтініш айтқан. Аман ойланып қалды, өзінің Болат атты туған інісі бар. Мына көпшілік те қолқа салып қояр емес. 

– Баланың атымен маңдайына тағдыры жазылады деген бар. Болат әкім де, біздің Болат та ел азаматы. Шымыр да елгезек болып өссін. Келістім, – деген өзі қуанышын көпшілікпен бөліскен әке. 

* * * 

– Анашым, анау не? 

– «Ол кім?» деп сұрау керек. Ол апа. 

Ояндым. Таң атыпты. Маған жас жұбайлар қоныстас болыпты. Екі-үш жасар балалары сұрақ қойып әлек. Орнымнан тұрдым. Жан-жағыма қарап апа іздедім, менен басқа ешкім жоқ. Оған қарап жымидым. 

– Апа, қаншадасың? – деді бала жүзімдегі мейірімді пайдаланып. 

– Сіз деп айту керек үлкен адамға, – деп анасы лезде үйретіп жатыр. 

– Апа, қаншадасың, Сіз,– деді бала сөзін түзеп. 

– 28-демін. 

– Қартайып қалыпсыз ғой, – деп таңдайын қақты бала. 

– Онысы несі, апа жап-жас қой, олай деме, – деп анасы шыр-пыр болды. 

– Сен қаншадасың? – дедім жымиып. 

 – Мен алтыдамын, – деп бес саусағына, екінші қолының бас бармағын қосып көрсетті. 

– Әрине, саған қарағанда үлкенмін. Атың кім? – Арман. Ата-анасы балаларының бал тіліне мәз болысып күледі. Бір-біріне ынтызарлығы көзқарастарынан, ықыластарынан байқалады. Шынайы махаббаттан өмірге келген бала ақылды болады деуші еді. Ой жетегіне еріп вагон-мейрамханаға өттім. Біраз газеттерді ала салғанмын, парақтап отырмын. Даяшы келе жатыр, тапсырыс берейін деп сөйлеуге ұмтыла бергем. Ол мені көрмегендей жанымнан өтіп кетіп, артымда отырған адамның қасына барып тоқтады. 

– Бір стақан сүт, бір стақан су! Жүрегім тоқтап қала жаздады. Жалт қарадым. Сол. Иә, дәл өзі... Менің бейтанысым. Ол мені байқамайтындай, сол баяғы мұңлы кейіппен, ой тұңғиығына батыпты. 

Бұрылып қараған күйі: 

– Қайдан келесіз? – дедім. 

– Сен келе жатқан жақтан. 

– Қайда барасыз? 

– Сен бара жатқан жаққа. 

Мен терең күрсіндім, неге олай еттім өзім де білмеймін. Бейтанысым менің жүйкеммен ойнағысы келіп тұр. Сүті мен суын алып даяшы жетті. Бақылап отырмын, күбірлеген сөздері естілмеді, сіміріп салды кезек-кезек. Даяшы маған мәзір ұсынды. Ештеңеге зауқым тартпай қалды. Бейтанысыма көз тоқтатып қарағанмын. Мүмкін, қарай бергім келген шығар. Қызыл көйлегі, мойнына салған жұқа қара-қызыл орамалы үйлесім тауып тұр. Ерекше адам. Сыртынан қараған адам төрт құбыласы түгел бақытты жан деп ойлайтындай. – Сен бақыттысың ба? Көзіме тура қараған, жанары өңменімнен өтті. О, Жаратқан осы бір адам менің ойымды оқитындай үрейленемін, кейде. Үнсіз қалдым. 

– Шынайы сүйіп, ол адамды сағынудың өзі бақыт шығар, – дегенмін біраз уақыт өткен соң. Селк ете қалды. Бекер айттым, тағы бүлдірдім. 

– Жоқ адамды сағынғаннан ауыры жоқ, түсінесің бе, ол жоқ. Ал мен іздеймін. 

– Бәрі уақытша. 

– Не қатыгезсің, не сезімің жоқ тасжүрексің. 

– Мүмкін. 

Ол күткен жауап болмаса керек: 

– Сенің ғашық болуың қажет, бәлкім сол кезде мейірімің оянар. 

– Ол менің қолымда тұрған дүние емес. 

– Сен менен үйренесің, сүюді де, сүйгізе білуді де... Орнынан жылдам көтерілген ол вагоннан шығып бара жатты. Артына мойын бұрып қарамады да. Не айтпақ болды, ұға алмадым. Соңынан жүгіру бекер. Оның мінезі түсініксіз. Купеме келдім. Ұзын-сонар созылған жазық дала, сарғайған сары аңызақ. Селкеу сезімі сандалған сан тағдырлар. Ұйықтау керек, бәрін ұмыту үшін… Ескерткіш, бейтаныс, ескерткіштің қасындағы гүл өсіруші. Түсім бе, әлде өңім бе, қолымда қалам, жазып жатқан сияқтымын… 

* * * 

Жарықты кең бөлме. Үлкен терезеден түскен күн сәулесін гүлді перде көлегейлейді. Бөлменің оң жақ қабырғасын тұтас алған теңіздің толқындары суретіне жабыстырыла шеберлікпен орналастырған үлкен аквариум. Бұл хауызға қарасаң құдды теңізде жүргендей күй кешесің. Ондағы Ата балық пен Ана балық мекендерін жұмаққа айналдырғандай. Бұлардың жаратылысы тіпті сұмдық. Теңіздің түбінде жүретін, сирек кездесетін омыртқалылар тобына жатады. Уылдырық шашпайды, бірден итбалық әкеледі,оны ата-анасы жұтып үлгереді. Сондықтан аз. Болат есіктен алқын-жұлқын кірді. Жанында досы Петя бар. Тіпті, алдынан шыққан анасын қағып кете жаздады. 

– Жарығым-ау, не болды? 

– Анашым, бүгін менің балықтарымның «босанатын» күні, жанында болмасақ, ұрпағын жеп қояды. 

Гүлзипа күліп жіберді. Баласы өзінің бөлмесін фаунаға айналдырған. Қабырғасының бәрін түрлі өсімдіктермен көмкеріп, дизайнын жасауға да өзі күш салды. Сабақтан келе сала балықтарын тамақтандырып, олардың көбейетін сәтін санап жүрген. Петя екеуі сол сәтті күтіп, қолдарына саймандарын ұстап, дайындалып отыр. 

– Петя, қара, біздің пациенттер «босанып» жатыр. Дереу колбаларды дайында! Ілкімді сәтті Петя да күтіп тұрған, хирургтің көмекшісіндей ұша жөнелді. 

– Міне, мынау анасы, босану бөлімінде қалады. Жаңа туған сәбиді бөбектер бөліміне әкетеміз, – деп колбадағы құйрығы бұлғаңдаған итбалықтарға қарап Болат мәз болды.

– Анашым, менің балығымның саны жүзге жетеді. Маған тағы колба керек, әйтпесе олар сыймай қалар, – деген жүзі қуаныштан нұрланып. Құдды бір күрделі операциядан шыққан хирургтей терлеп те кетіпті. Баласының ыждаһаттылығына тәнті болған Гүлзипа: 

– Жарайды, ертең алып келемін, – деп баласының маңдайынан өпті... 

* * * 

– Балық, балық, балық аламыз! Оянып кеттім. Пойыз «Арал» станциясына келіп тоқтапты. Сыртқа шықтым. Қапырық ауа жаныңды қоярға жер тапқызбайды. «Тассай» газсыз суын алдым. Соншалықты тастай емес. Есіме өзім туып-өскен ауылымдағы Алатаудың бөктеріндегі күркіреп аққан Тассай бұлағы түсті. Алуан алып тастардың үстін тіліп ағатын тау бұлағы суын ішсең тісіңді қақсатады. Сағынып кеткендей болдым. Сағыныш. Түу, тағы бейтаныс есіме түсті. Тұла бойы мұңға толы бейбақты аяғандай болдым. Біраз сергіп алайын деп айналаға көз тастадым. Ерсілі-қарсылы ағылған адам. Бұл жерде бір сәт қараң-құраң толастамайтын секілді. Кенет, кенет көзіме ол шалынды. Вокзалды бетке алып кетіп бара жатқан оның сұлбасын бірден таныдым. Менен тағы алыстап барады. О, Тәңірім, оны ойлай бастасам, шыға келеді. Шыға келеді де жоқ болады. Артынан тұра жүгіргім келген, бірақ белгісіз күш жібермеді...

* * * 

Таңертең Амангелдінің шайын беріп, әдеттегідей жанында отырған Гүлзипа бірдеңе айтқысы келгендей ыңғай танытты. Жарының өз қас-қабағына қарап мазалай бермейтінін білетін отағасы айта бер дегендей басын изеді. 

– Әкесі, Болатың Қырымға «Артекке» баратын болды! Баласының жақсы оқып, үлгілі жүретінін білетін әкесі бұл хабарға таң қалмады. 

– Заттарын дайындап қойған шығарсың. 

– Әрине, тек... 

– Не болып қалды? 

– Оның досы, көршіміз Петяның әке-шешесі жұмыстан шыға алмайды, екеуін бірге Алматыға апарып, ұшаққа салып жіберу керек. 

– Оған алаңдама, өзім апарып саламын. Осы кезде Болат та келді. Таңертең ерте тұрып, үстіне костюм-шалбарын киіп, жағасы аппақ қардай көйлегін өзі үтіктеп те алыпты. Күнделікті әдеті осы. Сабақтан келе сала, мектеп формасын ықтияттап іліп, үйге киетін киімдерін киеді. Ал, қосымша сабаққа кететін болса, оған да арнайы киімін дайындап жүргені. 

– Анашым, мен кеткенде Барысқа жақсылап қараңыз. Ашығып қалмасын! Ұлының итіне, балықтарына назары ерекше екенін білетін әкесі жымиып алды да:

–  Сен кеткен соң, Барысыңды жұмысқа саламыз, – деді. 

– Әке, оның жұмысы үй күзету ғой, – деп бұртиды Болат. Ұлының үлкен адамдарша ойлап жүретініне әкесі сүйсініп қалды. Болат Барысты күшік кезінен өзі асырады. Тамағын арнайы өзі дайындап, үсті-басын жуып, оны да тазалыққа үйретті. Барыс та ауыл иттерінің дағдысына салып, көрінген жерге жата кетпейді. Өз ұясы бар, Болат өз қолымен жасаған. Биіктігі бір метрдей кең үйшікті тақтайлар қағып, екі шетіне терезе жасап, шыны да орнатты. Сырлап, ішіне киіз де төседі. Аптасына бір рет үйшікті тазалап отырады. Екеуі алысып ойнағанда Болат пен Барыстың достығына тәнті болмайтын адам жоқ. Енді міне, он күнге тастап кеткісі келмей, қайта-қайта табыстап жатқаны. 

* * * 

Байқоңыр станциясы. 

– Нан, жұмыртқа! – деп айғайлаған саудагерлердің даусынан өзге бір тыныштық орнапты. Сонадайда бір ала ит пойыздан мініп-түскен жұртқа жалтақ-жалтақ қарап шоқиып отыр. Иығымнан біреу тартқандай болды. О, Тәңірім, бұл менің бейтанысым болар деп ойлауым сол-ақ еді, жүрегім тарсылдап соғып кетті. Ол мені аңдып жүр ме, неге соңымнан қалмайды деп ойлауым мүң екен, ашуым келді. Ендігі жерде ренішімді жасырудың реті жоқ, бар ойлағанымды жайып саламын. Жалт бұрылдым. Бұрылдым да іркіліп қалдым. Жап-жас талдырмаш қыз: 

– Апа, жолға қайнаған картоп пен қуырылған тауық етін алыңыз, – деп жалынғандай жымияды. Бейтанысым болмағанына өкіндім бе, әлде қуандым ба білмеймін. 

– Жарайды, маған орап бер, – дедім селсоқ. Қыз бала жылдам дайындап берді. Ақшасын төлеп, вагоныма бұрылғаным сол еді, ойыма әлгі ит түсті. Бұрылып қарадым. Әлгі жерде шоқиып әлі отыр. Сол орнынан қозғалмапты. Оған қарай жүрдім. Маған марғау қарап қойды. Күткен адамым сен емес дегендей. Алдына тауық етінің орауын жазып тастадым. Иіскемеді де. Басынан сипап едім, көзіне көзім түсіп кетіп, жүрегім дір ете қалды. Мөлдіреген жас, шарасынан төгілейін деп тұр. 

– Байғұс-ай, иең пойызбен кетіп қайта оралмады ма екен? Мәңгілік ештеңе жоқ, – деп күбірлеп кері қайттым. Пойыз қозғалды. Терезеден қарадым. Іздегенім әлгі ит. Орнында отыр, ескерткіш секілді қозғалмаған күйі қатып қалыпты. Оның тірі екенін білдіретін жалғыз белгі жанары ғана. 

* * * 

– Гүлжан әпкетай мен прокуратурада жұмыс істегім келмейді. Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін қызыл дипломмен бітіріп келіп, облыста прокурор болып жүрген Болат үлкен әпкесі Гүлжанға бар сырын айтатын. 

– Неге? Әлде қиналып жүрсің бе, тәжірибең аз болып. 

– Жоқ, бұл жауапкершіліктен қашу емес, жазықсыз жандардың көз жасына қалғым келмейді. 

– Әкең біле ме бұл шешіміңді? 

– Әкем мені ерекше жақсы көреді. Бірақ оның сезімін пайдаланып, өз айтқаныммен де жүргім келмейді. Бірақ бұл менің жұмысым емес. Іздегенім басқа. 

– Сонда қайтпексің? 

– Елордада тұрғым келеді, ата-анамды қолыма алып парыздарын өтесем... 

– Болатжан, сен ғашық болып қалған жоқпысың? Сүйгенің сол бас қалада ма? 

– Жоқ, әпкетай! Менің жүрегіме шоқ салған қыз әлі кездеспей тұр. Бәлкім бақытым сол жақта болар. 

– Маған тоқ етерін айтшы, – деді Гүлжан інісінің ойын толық білгісі келіп. 

– Менің шет тілін жақсы білетінімді білесіз. Ақтаудағы халықаралық теңіз сауда порты заңгерлік қызметке шақырып отыр. Жетістікке әкемнің беделімен емес, өз маңдай теріммен жетсем деймін. 

– Мынауың төбеден түскендей жайт болды ғой. Сенен жаман прокурор шықпасы анық, – деп Гүлжан інісінің белді неге буып отырғанын әлі де болса түсіне алмай дал. 

– Бұл жақта бар мүмкіндігімді шектеймін. Шет тілін меңгердім, соны тәжірибеде пайдаланғым келеді. 

– Алтыным, ол жұмыс та жеңіл деп кім айтты? 

– Білем, өмірде талапсыз ештеңеге жете алмайсың. Сондықтан мен өмірімді басқа арнаға бұрмақпын. 

– Сен тым жақсы прокурор боласың. Әлі де ойланып көрші, – деген қашанда сабырлы Гүлжан. 

– Бұл менің әбден пісіп-жетілген ойым. Тараздың аспанын Ақтау төріне айырбастаған Болат аз уақытта шет елмен біраз келісім-шартқа тұрып үлгерді. Сүйікті ұлының сыртқа кеткеніне басында Амангелді қапаланса да, әрбір мақтау қағазы, дипломдарын көрсеткен сайын ұлын мақтан етті. Ай сайын келіп тұратын Болатты бәрі асыға күтті. Мейірімді, жомарт ұлды көпшілік күтетініндей бар. Жоққа қарайласып, барға тілеулес болып жүретін Болат өзінде жоқ болса қиналған жанға Гүлжаннан ақша алып беретін. Бақуатты әкесіне салмақ салмай, өз тірлігін жасауды құп көреді. Сол жылы Елордадан ипотекаға бір бөлмелі үй алғаны туралы қуанышын әпкетайы Гүлжанмен бөлісті. 

– Кез келген адамда баспана, жаяу жүрмеуі үшін астында темір тұлпары, үйін жылытып, қазанын қайнатып отыратын жары болса жеткілікті, – деген телефондағы қоңыр даусы әпкесін елжіретті. 

– Несиеге машина алдың, мынауың да әжептеуір өсімі бар дүние, ертең қиналып қалып жүрме, – деген ақылына Болат: 

– Сол несиеге алған машинамды әкеме сыйлағым келеді, оған қалай қарайсың? – деді. 

– Өзің біл, жаным. Тек үлкен қалада қиналып қалма, – деді әпкесі інішегін еркелете сөйлеп. Болаттың бұл ойы жүзеге аспай қалатынын екеуі де білмеді сол кезде... 

Болат кабинетінде отыр. Бүгін қатты шаршады. «ҚазМұнайтас» компаниясымен шет елдік фирма арасындағы келіссөз ойдағыдай өтті. Осы кездесу бүкіл күш-жігерін алып қойғандай. Кабинетіне жан досы Арман кіріп келді. Қашанғы көңілді қалпы: 

– Бауырым, кабинетіңде қамалып әлі отырмысың? 

– Ә, Арман қош келдің! 

– Сен не мен үшін бүгін маңызды күн екенін ұмыттың ба? 

– Не, есіме түсірсеңші? 

– Бүгін Динаның үйіне құда түсуге барамын ғой. 

– Иә, иә кешір бауырым, мына қағаздарға еніп, өзімді де ұмытып кетіппін. 

– Сен маған машинаңды бере тұрамын деп уәде еткенсің. Жеңгеңе сенің машинаңды мініп барайын. 

– Әрине, тек мені үйге жеткізіп салшы, шаршап отырмын. 

– Оған сөз бар ма? Ал, кеттік. Болат үйге келе ұйқыға жатқан. Түн ортасы ауа телефонының безілдеген даусынан оянды. 

– BMW маркалы сіздің көлігіңіз ба? 

– Иә, – деді ұйқылы-ояу, – Не болып қалды? 

– Машинаңызды бүгін кім мініп еді? 

Ұйқылы-ояу жатқан Болат Арманға бергенін есіне түсіріп, әлдеқандай жайсыз хабарды еститіндей жүрегі су ете түсті: 

– Арман? 

– Досыңыз жол апатына ұшырады, қалалық ауруханада жан сақтау бөлімінде... Телефонды тастай сала, апыл-ғұпыл киіне сыртқа ұмтылды. Болат ауруханаға жеткенде таң қылаң беріп қалған. Жансақтау бөліміне кіргізбеді. Хаттама толтырып жүрген жол полициясы қызметкері қарсы алды: 

– Машина мүлдем жарамай қалған. Оң жақ беті түгел жанып кеткен. Қарсы келе жатқан жеңіл автокөліктің жүргізушісі масаң күйде рульге отырған. Апат соның салдарынан болған. Досыңыздың аман қалуы екіталай. Болаттың көзіне жас үйірілді. Туған бауырдай қиыспас досы ажал аузында. Тәңірден тілек тіледі. Тура тойының қарсаңында, ендігі тағдыры не болмақ? Болаттың уайымы орынсыз емес еді. Кеше ғана өмірге үлкен үмітпен қараған соқталдай жігіт бүгін екі дүниенің ортасында жатыр. Өмір деген қандай өкініш. Тек бір үміт, бір үміт қана үзілмей тұр... Арман ауруханада көп жатты. Бір жақ беті, денесімен түгел күйген. Операцияның неше түрінен өтті. 

– Болат менің жағдайым мынау, сенің машинаңды төлей аламын ба, алмаймын ба... – деп, көзіне жас үйірілген досы иегі кемсеңдеп кетті. 

– Арман сен маған қарызбын деп ойлама. Тек сауығып кетші, әлі-ақ тойыңда ән салатын боламыз. 

– Бауырым, қайдағы той? Дина менің мына түрімді көргісі келмей ме, ат ізін салмады... – досының жанарының тостағаны суға толып шыға келді. 

– Қайғырма, Динамен өзім сөйлесемін, той көйлегімен алдыңа жетектеп келемін, – деп Болат досын жұбатты. 

Болат бір шешімге келгендей палатадан асығыс шықты... 

Дина жүдеп қалыпты. 

– Қалың қалай? – деді Болат. 

– Көріп тұрсың ғой халімді. Тағдыр бұлай қатал қарайды деп ойламаппын.

– Бұл саған келген сынақ шығар, ал сен тағдырыңнан тұра қашқың келеді, – деді Болат өкпелі күйде. 

– Енді қайтем, мүгедек жанмен өмірімді қалай байланыстырамын? 

– Сендердің махаббаттарың көпке үлгі емес пе еді? Арманның орнында сен болсаң, ол қандай шешім қабылдар еді? Осыны ойладың ба? 

– Олай болмаған соң ойландың не, ойланбадың не? 

– Арманды тастап, бақытты боламын деп ойлайсың ба? Ол сенің жүрегіңде өмір бойы жазылып тұрады ғой. Себебі, Арман сенің махаббатың, өткен өміріңдегі естелік. Жарайды, естелік болып қалса, қанекей? Сен оны сүймейді деп ойламаймын. Болаттың сөзі Динаның жүрегін қозғап өтті. 

– Жағдайы қалай? 

– Жағдайы жаман емес. Сен барсаң, тіпті оңалып кетер еді. Сен болмасаң, Арманды бақытты ететін жан та былады, бірақ сен өкініп қалма! – соңғы сөзін айтқан Болат тұрды да жүре берді. Шешімді шығаруды Динаның өзіне қалдырды. Оның жанарындағы жас қимастықты білдіріп тұрғанын түсінді. Ертеңіне маңызды жиналыстан шыққан Болаттың телефоны безілдеді. Арман екен. 

– Досым қалайсың?

 – Өзің жақсымысың бауырым? 

– Дина келді. 

– Бәрекелді, ол келуге тиіс еді ғой, несіне таңданамын! 

– Саған рақмет! 

АҚ ЖАУЛЫҚ АРМАН 

Ақтөбеге жеттім. Пойыздан мүжіліп түстім. Ақырын жүріп, машина шоғырланған жерге жеттім. Тараздың көкпеңбек желегіне үйренген мен тал-дарағы аз, сахараға орналасқан қалаға келгендей күйге түстім. 

– Қалай жеттіңіз? – бейтаныстың сұрайтын кезекті сауалы. 

– Жақсы, рақмет, – деп ізет жасаған болдым. Бұл сапар маған соншалықты ауыр болатынын сезгендей, жүрегім алабұртып кетті. 

– Ақтөбеге бірінші рет келдіңіз бе? 

– Иә, сіз қай жерге барушы едіңіз? 

– Маған, ммм, – тілімді тістей қойдым. Бейтаныс жігітке қалай түсіндірем? 

– Мен Тараздан келдім. 

– Оһо, әжептеуір алыс жер ғой. Мұнда не айдап келді сізді? Айта беріңіз көмегім болса аямаймын. 

– Осыдан бес жыл бұрын, әуе апатынан қаза болған тараздық жігіттің сүйгені туралы қандай да бір дерек іздеп келдім. Ақтөбенің тумасы. 

– Сүлейменовтердің қызы ғой, Айнұр. 

– Дәл өзі, – дедім қуанышым қойнымнан ақтарыла. 

– Білеміз ол оқиғаны, Сіз құдаша болдыңыз ғой. Мен қазір, оның інісі Саламатты танимын, хабарласа қояйын. 

– Рақмет, – дедім күбірлей, мына жігіттің жолыққаны ісімді оңға бұрар деген оймен. 

– Саламат, сен вокзалға келе аласың ба? Мұнда бір қыз сендерді іздеп жүр, – деді. Біраз тілдескен соң, «Қазір, жетеді» деді жігіт. 

– Тараз әдемі қала шығар? 

– Иә, әдемі, Таразды жердің жаннатына айыр бастамас едім, – дедім. 

– Жап-жасыл, көрікті, таза қала деседі, мұндағылар, – деп әңгімеге тартып барады. 

– Иә, онда Айнұрдың келін болып түспегені өкінішті, – дедім, даусым сылбыр шықты ма ол ес тімегендей сыңай танытты. 

– Қазақша әдемі сөйлейсіз. 

– Ауылда өскен қазақтың қызымыз ғой, – дедім. Жанымызға қып-қызыл неміс иномаркасы келіп тоқтады. 

– Міне, Саламат та жетті. Екеуі амандасып жатыр. Өзім құралпы сары жігіт жымиып кеп, сәлемдесті. 

– Мен Болаттың елінен келдім. Айнұр туралы білгім келеді. – Сіз жазушы болдыңыз ғой. 

– Иә, олардың аманатын арқалап жүргендеймін, олардың үнін жеткізгім келген... 

– Қайда тоқтамақсыз? 

– Әлі белгісіз! 

– Жүріңіз мен сізді Айгүл апайыма апарайын. 

– Ол кім? 

– Айнұр екеуміздің әпкеміз. 

– Жақсы. Бес қабатты үйдің жанына келіп тоқтадық. Лифтімен көтеріліп барамыз. Қабырғадағы түрлі жазулар мені өзіне қарата берді. «Нюра, я люблю тебя!». Бәлкім бір кездері осы лифтімен Айнұр да көтерілген болар. Ауа кеңістігінде жады жоқ. Әйтпесе, тасқа басылғандай қалар еді-ау. 

– Өтіңіз, келдік. Екеуміз қоңыр былғарымен қапталған үлкен есікке жеттік. Ашық тұр. Саламат хабарлап, айтып қойған секілді. Іштен аппақ әдемі орта жастағы қыз шықты. 

– Саламатсыз ба, келіңіз! Көзіне көзім түсіп кеткен, бәлкім Айнұрдың келбетін іздедім ба екен. 

– Шай қояйын, шаршап келген боларсыз. Шай үстінде амандық-саулықтан әрі әңгіме қозғалмады. 

– Сіз, біраз жатып демалыңыз. Ертең сізді Саламат ауылға апарады. 

Сұраулы кейпімді байқаған Айгүл: 

– Мен жұмыстарыммен бір жаққа барып келейін. Сосын сөйлесерміз. 

Жаттым, ұйқыға кетіп барамын... 

* * * 

Таңертең Саламат, Айгүл үшеуміз Қобдаға жолға шықтық. Қазақ тарихында батырлығымен әйгіленген Әлия Молдағұлованың туып-өскен жеріне жол түсті. Ой саққа жүгіріп барады. Жолай көзім ілініп кетіпті. 

* * * 

Гүлжанның телефоны шырылдады. Беймезгіл уақытта бұл кім деп ойлаған. Інісі Болат екен. Телефонды көтерді. Ар жақтан інісінің асығыс сөйлеген даусы естілді. 

– Әпкетай, мен «Болашақ» бағдарламасымен Англиядағы Кардиф университетіне оқуға түстім. 

– Алтыным-ау, докторлығыңды да қорғадың. Ақтауда табысты жұмысың бар. Жоспарыңда шет елде оқу жоқ еді ғой. 

– Әпкетай, бәрін кейін білерсің. Тек ата-анама дұрыстап түсіндіріңізші. Мен мұхит асып кетіп барамын. 

– Дың, дың, дың... Телефондағы байланыс үзіліп кетті. 

* * * 

Мұржаларынан түтіні будақтаған кішкентай ғана ауыл. Батыр қыз Әлияның туған мекені. Жып-жинақы қаздай тізілген мына үйлердің қайсысы Айнұрдың өскен, балаң табанының ізі қалған жер екен деп ойлап келемін. Ауыл ортасындағы көк қақпаға келіп тоқтадық. Іштен шыққан үлкен әйелді көріп, Айнұрдың суреттегі түріне қатты ұқсаттым. 

– Жарығым-ау, Айнұр сияқты кіп-кішкентай қыз екенсің ғой, келе қойшы құшағыма алайын, – бұл Шолпан Айнұрдың анасы екен. 

– Жүр, жүре қойшы Елемеске барайық, ол да күтіп отыр. Жарығымның есімін жаңғыртатын адам ды жазушы дегенге үлкен әйел екен десем, кіп-кішкентай қыз екен ғой, – деп, анасы ай-шайға қаратпай бізді машинаға отырғызды. Ауылдың ор тасындағы екі қабатты ауруханаға келдік. Күтіп отырмыз, аз уақыт өтпей іштен ақ халат киген қараторы кісі шықты. Бұл Айнұрдың әкесі Елемес екен. Маңдайымнан өпті. Бәріміз үйге қайттық. Мені Айнұрдың бөлмесіне орналастырды. Кішкентай бөлме. Қабырғаға Болат пен Айнұрдың құшақтары айқаса түскен үлкен суреті ілінген. Құдды екеуі Тараздағы ескерткіштегідей бір адам бола, бітісе қалыпты. Бір жақ қабырғаны ала Айнұрдың заттары, суреттері қойылған үлкен шкаф тұр. Көзіме ілінгені тұмар іспеттес, темір тиындар тізілген қызыл жіп. Білекке тағатын болуы керек, қысқарақ көрінді. Шолпан апай жаныма үлкен альбом әкеліп жайғасты. 

– Айнұр тоғыз баланың ішіндегі алтыншы көрген перзентіміз. Әр баланың өз несібесі бар деп, балаларды еңбекке баулып өсірдік. Елемес дәрігер, мен балаларымды бірінен кейін бірін өмірге әкеліп еңбекке көп араласа алмадым. – Мен сіздерге салмақ түсірмеймін. Қандай жетістікке жетсем де өз күшіммен жасағым келеді, – деуші еді. Қызы туралы Шолпан апай сүйсіне айтып отыр. Бір суретті қолына алды. 

– Мұнда Айнұр менің он сегіз жасымдағы кезімнен аумайды. Елемес ерекше жақсы көруші еді. Басқа қыздарым «Папа, сен бізді жақсы көрмейсің!»деп қызғанатын. Сонда Айнұр «Мен мамамнан аумаймын, сондықтан мені әкем ерекше көреді» деп қытықтарына тиетін. Көзі боталаған, аққудың көгілдірігіндей қыздың суретіне ұзақ қарадым. Сұлулық осындай болар, сірә. Еріні, көзі, бет-әлпеті үйлесім тауып орналасыпты, бір мін таппайсың. Қабырғадағы суретке бас көтере қарадым. Екеуі жарасымды. Күлімсіреп қарайды. «Мен әкемнің сүйіктісімін!» дейтіндей екеуі де. 

– Кішкентайынан өте таза жүретін. Ақтөбедегі экономика колледжіне оқуға түсті. Кейін Қазақ американ университетіне қабылданды. Екі мыңыншы жылы «Таң» телеарнасында жүргізуші болды. Мәскеу қаласындағы «Сеймар» жобасын жүзеге асырушы ретінде тарихта қалды. Ана ақырын күрсінді. 

– Ақтаудағы «ҚазМұнайтас» компаниясында экономист болып жүргенде Болатпен танысыпты. Сол жылы жазда біз қызымыздың туған күніне бардық. Таңертең күтіп алған қызым бізді қыдыртып, мені дәрігерге апарды. Аяғым бастырмай ауырып жүрген болатын, уайымдамасын деп айтпап едім, әкесі жасырмапты.

– Анашым, мен дәрігерлермен сөйлесіп қойдым. Ертең барамыз. Әлі-ақ футбол ойнайтындай боласың, – деген еді-ау ботам деп Шолпан апай қызының суретіне сағынышпен қарады. Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, таршылықты да, қуанышты да көрген ана жүрегі, асыл перзентін дүниеге әкелгеніне тоба дейтіндей. 

– Сол күні туған күні еді, 7 тамыз. Үйге Болат келді. Жүз голландық раушаны бар. Айнұрды қатты жақсы көретінін көзқарасы жасырмай тұрды. Менен қатты ұялды. Көп отырмай кетіп қалды. Англияға Айнұр оқуға түскен соң, Болат та түсіпті. Жанындай жақсы көрген аруын жалғыз жібергісі келмеген болар деген ой түйдім. 

– Мына суретті қарашы, Айнұр «Болашаққа» түсуге құжаттарын тапсырып келген соң, он күндей жанымызда болды. Сонда басынан үнемі орамал тастамады. «Мен тамаша келін боламын, өмірге көп бала әкелемін» деп айта берді. 

Суретті қолыма алдым. Елемес пен Шолпанның ортасында, екеуініңиығына асыла, басына ақ орамал байлаған Айнұр күлімсірей қарайды. Осы кезде жақсы адамдардың тағдырының баянсыз болғанына налыған көңілімде бір күйініш жүгіріп өткендей болды. Неге олар? Сол жолы халықаралық BBC телеканалына дикторлыққа байқаудан өтіп, орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде хабар тарататын журналист ретінде жұмысқа қабылданып келіпті. Әлде, шынашақтай қызға көз тиді ме екен? Ойым он саққа бөлінді. 

– Қызым уақытын босқа өткізбейтін. Білесің бе, әлгі халықаралық журналдың бірінші бетіне суреті де шықты. Айнұр жан-жақты болып шықты. Әдемілігімен қоса ақылды, өзінің жан сұлулығы мен тән сұлулығын да күткен қыз екені әрбір суреттерінен көрініп тұр. Альбомды парақтап отырмын. Болат пен Айнұр Англияда, Мәскеуде, аэропортта... Иә, Болат екеуінің аэропортта түскен суреттерін қолыма алдым. Соңғы кадр. Екеуі бір үрейлі сюжет көргендей жалт қараған секілді. Алаң көңілдері алабұртқан бейнелерінен аңғарылады. Әлде маған солай көрінді ме екен? Менің ойланып бір суретке тесіле қарағанымнан үнсіздікті бұзғысы келді ма, Шолпан апай орнынан тұрып ілініп тұрған қызыл жіпке тізілген тиындарды қолына алды. 

– Бұны Айнұрдың қолынан шешіп алдық. Суға кеткенде денесінде қалған жалғыз зат осы... – деп, ана білезікті аялай ұстап тұрды да маған берді. 

– Екеуі ұшақ құлап бара жатқан соңғы минуттарда, бір-бірінің белдіктерін байлап үлгеріпті. Денелері құшақтасқан күйі бірге табылған. Балапандарым ажалға... Шолпан апайдың көзінен жас суша ағып жатыр. 

– Білесің бе? Егер Алла маған «Бір ғана тілегіңді орындаймын, айт» десе, Болат пен Айнұрды қайтаршы дер едім, – деген ананың сөзі жүрегімдегі лықсып келген затты күшпен итеріп жібергендей болды. Бағанадан бері тамағыма тығылған тастүйін өксік ытқып шықты. Көзімнен аққан жас бетімді жуып, өксіп қоя бердім. Қайтейін, бұл кездесу маған жеңіл тиіп отырған жоқ. Айнұрдың анасы бұл жолы жыламады. Солқылдап барып басылдым. Альбомдарды жаптым. 

– Ертең көрейікші, мен демалайын. Шолпан апай сөзге келмеді. Альбомды суреттерімен қастерлей жинап, шкафқа салды. Маған Айнұрдың диванына төсек салып берді. Шешініп жатқанымша күтіп тұрды. Шамды сөндірерден бұрын төрдегі суретке қарады да: 

– Қайырлы түн жандарым, мен ұйықтауға кетіп барамын! Сен де жайлы жат, қызым! – деді маған қарап, мен басымды изедім. 

Бейтанысты ойладым. Оның сүйгені өмірден өтіп кеткен болар. Ал өзі тірі қалып, беймаза күй кешіп жүр ме? Бұл болжамым расқа шықпағай деп тіледім. Таңертең Шолпан апай ерте оятты. Айгүл мен Саламат кеше кетіп қалған. Жұмыстағы адамдарды мен де мазалағым келмеді. Айнұр жатқан қорымға кетіп барамыз. Алыстан мәңгілік орнын тапқандардың мекені көзге шалынады. Елемес ата машинасын қорымға жетпей тоқтатты. Ары қарай жаяу бардық. Айнұрдың мәңгілік мекеніне жақындаған сайын жүрегім сазып, әр түрлі ойдың жетегінде жеттім. Қызға қойылған ескерткішті бұрын көргендей болдым. Ортасынан найзағай қақ бөлген қызыл мәрмәрдің бетіне Айнұрға деген қимастық сөз жазылыпты, ал қара түске суреті ойылып жасалған. Оларға қойылған ескерткіштің астындағы қазантас та қиыспай қақ бөлінген. Тіршілікте өмірлері қиыспады... Беймезгіл ажал әкеткен ару тіпті сұлу көрінді. Шөкімдей топырақтың астында талай арман мен ұлы махаббат жатқанын ойлау қандай ауыр. Әулиеата жерінен, сүйіктісінің мекенінен қарлығаштың қанатындай болып мен жеткенде Айнұр арудың аруағы бір аунаған болар. Мен жыламауға тиіспін, сол махаббатты жеткізуге маған қуат бер. Құран оқылды. Кері қайттық. Бәріміз үнсізбіз. Айнұр оқыған мектепке соқтық. Дәлізбен жүріп келе жатырмыз. Кабинеттерден мұғалімдердің дауыстары естіледі. Бір кабинет Айнұр мен Болатқа арналыпты. Екеуінің суреттері, жеткен жетістіктері буклеттер болып тізіліпті. Үш терезе, Айнұр отырған көк парта бәрі-бәрі мелшиеді... 

* * * 

– Егер сен бүгін өлетініңді білсең не істер едің?– деді Айнұр Болатқа. 

– Жаным, неге мұндай сұрақ қойдың? 

– Менің өмірім сенімен басталады, сенімен аяқталады. 

– Білем, тек... – деп сөзінің соңын жұтқан Айнұр, 

– Үйіңдегілер тойға дайындалып жатыр? Сенің мына келісімшартың болмағанда әлдеқашан Таразда болар едік. Кемеміз жеткенше қай заман. Ақтауда бірер күн аялдаймыз, одан әрі Шымкентке ұшып, Таразға жетеміз. Қандай ұзақ жол... 

–Ендеше мұнда Ақтауға жүк ұшағы ұшқалы тұр. Кеттік пе?

–Кеттік...

* * * 

Әп-сәтте әуеден құлаған ұшақты қарт Каспий жұта салды...

* * * 

...Аппақ сәуле ойнап тұр. Айгүл жақындаған сайын сәуле де ұлғая түседі. Аппақ есіктің сырты әдемі әшекейленіпті. Тұтқасына қол салған. Тап-тастай екен, бүкіл денесін қарыды. Ішіне кірді. Төрде екі төсек тұр. Беті аппақ матамен жабылған. Ақырындап жеткен Айгүл матаны жұлып алды. Астындағы төсек табытқа айналды. Арғы жақтан, түкпірден елес көрінді. Бажайлап қарады. Айнұр мен Болат бұған қол бұлғайды... Шошып оянды. Көрген түсінен секемденген Айгүл тұра салып жеті нан пісірді. Май қызып тұрса да наны қызармады. Алаңданып үйіне телефон шалды. Кіші інісі көтерді тұтқаны, жылап тұр: 

– Айгүл әпке, жаңа ғана теледидардан Англиядан келе жатқан екі студент ұшақ апатынан қаза болды деп айтып жатыр. Президенттің өзі көңіл айтты, – деп аңырап тұр. 

– Не дейсің? Олар жолаушы тасмалдаушы кемемен келмеуші ма еді? Болат пен Айнұрдан басқа студент жоқ деймісің, бізге хабар жеткен жоқ қой, – деп Айгүл сылқ түсті. Тезірек ата-анасының жанына Қобдаға жетуге асықты. Айгүл келгенде үлкен ағасы Бакуге кеткенін естіді... 

* * * 

Болат пен Айнұрдың денесін Ақтөбеге жеткізген соң, Амангелді бастаған топ Тараздан Ақтөбеге тартты. Бір-бірін жақсылықта көріп құдандалы боламыз деп отырған екі жаққа да бұл қаза ауыр соқты. Қабырғалары қақырап сөгілсе де ендігі жерде жастарды соңғы сапарға шығарып салуды ойлаған Амангелді Елемеске өз ойын айтты. 

– Құда, Болат ұлымыз болса, Айнұр қызымыз. Екеуі бір-бірін сүйді. Өмірлері бірге қиылды. Енді рұқсат болса, Айнұр мен Болатты бірге жерлейік. Тараз топырағында өмірде қосылмаса да, о дүниеде бірге жатсын, – деген ойын әрең жеткізді. Көзінен жасы бұршақтап отырған Елемес үндемеді. Ауыл ақсақалдарының бірі: 

– Әбеке, ата салтымызда, дінімізде үйленіп, некесі қиылмаған жастарды бірге жерлеу жоқ. Сондықтан, біз бұған келісе алмаймыз, – деп кесіп айтты. Амангелді ұлын табытпен Таразға алып қайтты. Болат пен Айнұрдың жамбасы бір күнде, бір сағатта туған жерлеріне қойылды. 

* * * 

Бүгін қайтатын күнім. Шолпан апай келді менімен қоштасуға. Пойыздың жүруіне бірер сағат қалды. Заттарымды жинап болып, Шолпан апайдың жанына келдім. 

– Тура Айнұрымдай қыз екенсің. Ол да сенің жасыңда кетті ғой. Тек енді сен бақытты бол қарағым. Ол тірі болғанда сені көрмейтін едім ғой, – деп кемсеңдеп жылады. Мен жұбатудың ретін таппай орнымнан тұра беріп едім, қолымнан ұстап, мені қазір жіберсе мәңгілікке айрылып қалатындай көзінен жас бұршақтады. Анасының даусын естіп, жүгіріп келген Айгүл қолын зорға ажыратты да маған шыға бер дегендей есік жақты көрсетті. Мен кеттім, Айнұрдың елінен Болатқа үлкен сәлемдеме әкеле жатырмын. Ол қосыла алмай ажал айырған қос ғашық туралы естелік. 

* * * 

Менің пойызым да келіпті. Саламат жол сөмкемді қойды да: 

– Жолың болсын жазушы қыз! Қосыла алмай, ғұмырлары қиылған қос ғашық туралы кітабың шыққанда алғашқы автографты маған бересің! – деп жымиып қоштасты да, шығып кетті. Мен Айнұрдың туған жерін де, ата-анасын, бауырларын да ол тірі болғанда көрмейтін едім-ау деп ойладым. Алдымда тағы да ұзақ жол. Осы сапардан кейін бейтанысым кездессе, оған жылышырай танытатындаймын. Тіпті, жүрегімде бір бүршік жарғандай мейірім ояныпты. Арқаланып, дорбаланып әйел кірді купеге.

– Қызым, қай жерге дейін барасың? 

– Таразға. 

– Ә, жақсы болды, мына кісі ауырып бара жатыр. Менің ағам еді, шай-пайын дайындап беріп, бас-көз болып бар. Жақсылығың Алладан қайтсын! – деп ер адамды орнына отырғызды. Ыңқылдап әлгі кісі жата кетті. 

– Жарайды, – дедім мен. Пойыз жылжи бастады. Телефонымның шылдыраған даусынан оянып кеттім. Бөтен нөмір. Көтерсем бе, әлде... деп ойланып отырмын. Безектеп қояр емес. Алдым: 

– Іздегеніңді таптың ба? Таныс дауыс. Аяқ-қолым дірілдеп қоя берді. 

– Жұмбақ шеше аласың ба? Дың, дың етіп байланыс үзілді. Сағатқа қарадым. Он екіден жиырма кетіпті Ақтөбе уақытымен. Бізде он бірден асқан болар. Жұмбақтың шешуін тапқым келді. Ұзақ ойландым. Жұмбақ? Жұмбақтың өзі жоқ қой. Ол мені жындандырғысы келеді. Түске дейін ұйықтаппын. Жолсерік оятты. Қолында бір стақан сүт пен бір стақан су қойылған патносы бар. Сізге беріп жіберді, – дейді. 

– Қайдан? – дедім бірден кім жібергенін біліп отырмын. 

– Көрші вагонда жатқан жігіт. Міне, жұмбақтың жауабы осы болар. Дереу телефонымды алдым. Кешегі нөмірге қоңырау шалмақпын. Бірақ, теле фонымда нөмір сақталмапты. Қалайша мен ештеңе өшірген жоқ едім ғой. Көрші вагонға қарай жүгірдім. Сырғытып есігін аштым. Менің танысым, иә менің танысым теріс қарап бірдеңеге үңіліп отыр. Алдында мальберт. Бір сұлба байқалады. Қарасам сурет. Тараздағы махаббат ескерткішінің суреті. 

– Келдің бе? – деді ол мойын бұрмастан. Қазір соңғы штрихын қояйын, міне дайын болды. 

– Сіз суретші ма едіңіз? 

– Иә, мен суретшімін, бірақ өз өмірімнің әдемі суретін сала алмадым. Бері бұрылды. Жо-жоқ, о Тәңірім бұл неткенің? Бұл қай мазағың, қай азабың. Егіліп түстім. Бейтанысым жоқ, басқа адам, мүлдем басқа адам отыр. Кейін қайттым. Маған не болды өзі, ақылымнан адасқан шығармын. Онымен сөйлескім келмеді, тіпті менің қаламдағы, менің ескерткішімнің суретін неге салып отырғанын сұрамадым да. 

ЕКІНШІ ЖҰМБАҚ КЕЗДЕСУ 

Қолымда кітап. Тас мүсінге айналған ғашықтар хикаясы. Солардың ескерткішінің алдында отырмын. Ескерткіш үнсіз, менің тілім байланғандай. Іштей сырласамын. Есіме осы кітапты жазуыма түрткі болған бейтанысым түсті. Ол қайда екен? 

– Саламатсыз ба? Ту сыртымнан шыққан дауысқа селк ете қалдым. Ойпырым-ай осы адам менің ойымды оқитындай. Күлімсіреп, бейтаныс тұр. Ол емес, басқа. 

– Қайырлы күн! Көктен түстіңіз бе? – дедім, оны көргеніме қуанғаным жоқ, беймарал кейіп танытып сөйледім. 

– Сен үнемі осы жерде отырасың. Біреуді күтесің бе? 

– Не? Түсінбедім сізді? 

– Сен арқылы өзімді таптым десем сенер ме едің? Мәссаған, мына жұмбақ адам қазір маған махаббатын мойындағалы тұр ма? 

– Иә, мен мойындаймын. Бұл ескерткіш махаббат символына айналғандай. Мынау да менің ойымды оқитыны күмәнсіз. 

– Сіз үнемі осы жерге мамыр айында келетін адамды білесіз бе? – деп сұрадым. – Ол туралы бәрін білетін сияқтымын. 

– Сіз мені аңдыдыңыз ба? – аңқау басым тарс еткізіп ақымақ сұрақ қоя салдым. – Аңдығаным жоқ. Анау жетінші қабаттың сол жағындағы терезе меніңкі. Сол жерде жұмыс істеймін. Жұмысымнан бөлек бір қызметім бар. 

– Ол не? Неге екенін елең ете қалдым. 

– Осы жерге көктем шыға келе беретін біреуге қарап отыру. 

– Бейтаныс? 

– Иә, таныс та бейтаныс. 

– Оның кім, қайда екенін білесіз бе? 

– Мен емес өзіңіз де білесіз ғой оны. 

– Иә, білемін. Түсініксіз, жұмбақ кейіпкер... 

– Ха-ха-ха, сіз өзіңізді жұмбақ жанға балап отырсыз. Сірә, тегін адам емессіз-ау. Өзім де сезіп едім. 

– Не? Мен? 

– Иә, сіздің өзіңіз. 

– Сіз мені түсінбедіңіз. Мені ешкім түсінбейді деп айтып қала жаздап, тілімді тістедім. Орнымнан тұрып, кетуге ыңғайландым. 

– Менің атым Нұрым. 

– Бақытты болыңыз! 

– Иә мен міндетті түрде бақытты боламын. Осылай болатынын сезгенмін. Менің жандүнием кімге тәуелді болған? Үнсізбін. 

Үйге ертерек қайтқым келді. Етегі қиық ақ плащымды кие салып, жаяулатып шықтым. Жаңбыр төпеп тұр. Осы жауынмен бірге көңілімнің кірбіңі жуылып кетсін деп кімге ерегіскенім белгісіз, келе жатырмын. Ойыммен алысып қос ескерткіштің алдына жеткенімде кілт тоқтадым. Ескерткіштің үстінен аққан су сел болғандай ағады. Бәлкім, бұл қос мұңлықтың көз жасы ма екен? Мен егіліп кеттім. Себебі сырласатын, мұңдасатын бейтанысым жоқ. Енді ол да мына ескерткіштің қос иесі секілді қайтып оралмас... Тісім тісіме тимей дірілдеп барамын. Басым айналғандай... 

– Сен мықтап қателестің! Басымды әзер көтергенмін. Бейтанысым тұр. Түу, ол менің ойымды оқиды. 

– Сені сүйетін, сені бақытты ететін адамың тура қасыңда жүр. Ал сен оны байқамайсың... Түсінбей қалдым. 

– Менің өмірім осы ескерткішпен біте қайнасқан. Ал ескерткішке келетін сан тараулы тағдырларға тек жақсылық тілеумен жүретін махаббаттың жебеушісі ғанамын. Ал сен өз уәдеңді орындадың. Ендігі жерде жүрегіңді ойла! Жан-жағыңа қара. Қара жан-жағыңа! Дәл осы сәтте найзағай ойнап, күн күркіреді. – Бақытыңды осы жерден табасың, – деген бейтаныс бұрылып алып жүре берді. 

– Тоқташы, қайда тастап кетіп барасың? Менің сұрақтарым көп еді. Махаббатым, махаббатым қайда екен? Жауап берші, сезімнің періштесі? Талықсып кеттім. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашқанда жып-жылы бөлмеде қатар қойылған үш орындықтың үстінде жатыр екенмін. Үстімде ер адамның пиджагы. Жанымда күлімсіреп Нұрым отыр. Көзімді ашқанымды көріп қуанғаны болса керек: 

– Түу, ақылыңнан алжастың ба? Бір қарағанымда жоқ сияқты едің, кеңсеге барып келсем ескерткіштің жанында, су-су болып сілейіп тұрсың. Киіне салып жеткенімде, мені күтіп тұрғандай қолыма сұлқ құлап түстің. 

– Сен менің жанымнан ешкімді көрмедің бе? 

– Жоқ сен жалғыз өзіңмен өзің тұрдың. Тіпті, сені де ескерткіш деп ойлап қалар едім, егер танымасам. 

–  Рақмет, мен сол жерде өлуім керек еді, – дедім тістене. 

– Сен қызық адам екенсің, өзіңді өзің өлтіргелі жүрмісің? Кел екеуміз тамақтанып алайық, жұмыстан кеш қайтатын күні анам сорпа жасап беріп жібереді. Оһо, анамның сорпасына жететін тағам дүние жүзінің мен деген мейрамханасында жоқ шығар, – деген Нұрым екі шыны ыдысқа сорпаны бөліп құйды. Тәтті иіс танауымды жарып, тәбетім ашылды. Орнымнан әзер тұрдым. Қолым дірілдеп кетті. Ол ептілікпен қасықты алып, ерніме сорпаны тосты. Бір ұрттап едім, дүние дөңгеленіп сала берді. 

– Байғұсым-ай, – деген Нұрымның даусынан әлде бір жақындықты сезініп, көңілім босап кетті. 

– Мен үйге қайтайын! 

– Тоқта, өзім апарып саламын, мына түріңмен бір жерде құлап қаларсың! 

– Менің үйім мына қарама-қарсы тұр ғой. Өзім-ақ барамын. 

– Қарсыласпа! 

ЭПИЛОГ ОРНЫНА 

Бүгін кешке Астанаға ұшамын. Іссапар, бір ғана күнге. Пойызбен жүргенге уақыт жоқ. Амалсыздан ұшаққа билет алдым. Жүрегім алабұртып барады, әуежайға көңілсіз жеттім. Телефоным шырылдады. Нұрым. 

– Кетіп барасың ба? 

– Иә! 

– Жылы киініп Ал ол жақта салқын. 

– Рақмет, – менің жауабым да салқын болды. 

– Хабарласармын, өзіңді ойлайтын бір адам бар екенін ұмытпа, – деді. Мына сөзден кейін жаным рақаттанды. Манағы бергі қорқынышым сейіліп, қанаттанып міндім ұшаққа. Ұшақ ақырындап көкке көтерілді. Жер беті, анау тұрған менің ескерткішім, бәрі-бәрі түймедей болып қалып барады. Көзім ілініп кетіпті. Қолымнан біреу ақырындап түртті. Жанымда отырған жігіт ағасы екен. Ар жағында: 

– Сізге кофе әлде шырын ба? – деп стюардесса күлімсірейді. 

– Кофе! Мыжылатын стақанды қолыма алып құшырлана иіскедім. Тәп-тәтті иіс Нұрымды есіме түсірді. Жанымда сол болғанда ғой деп ойлап үлгердім де, шошып кеттім. Болат пен Айнұрдың тағдырының нүктесін ұшақ қойып еді-ау. Жанымдағы жігіт ағасы қолына бутербродын алып, қомағайлана асайды. Жүрегім айнып кетті. Кофеге зауқым болмай қалды. 

– Қорқасыз ба? – деді ол, 

– Шегедей қатып отырғаныңыздан байқалады. 

– Иә, бірінші рет ұшуым. 

– Бір жолы ауа райы қолайсыз болып, айналып-айналып осында қона алмай, Шымкентке бір-ақ жеттік. Таразға маңызды келісім-шарт жасауға келе жатыр едім. Бәрібір кешіктім, – дейді аузын сүртіп жатып. 

– Аман қалғаныңызға қуанбайсыз ба? – дедім жақтырмай. 

– Жаныңнан қымбат не бар, тәйірі! 

– Иә, бүкіл өмірің көз алдыңнан өтеді екен, басқа ешкімді емес, төрт баламды ойладым,–деді күрсініп. Сөйлегім келмеді. Есіме жоғалып кеткен бейтанысым түсті. Мына ақша бұлттардың арасынан шығып қалса таңданбаушы едім. Оның соңғы сөздері есіме түсті. «Мен саған сүюді үйретемін!». Неге екенін Нұрымның бейнесі көлбеңдеп кетер емес. «Өзіңді ойлайтын бір адам бар екенін ұмытпа!» деді ғой. Сол түні ол мені көрмегенде ұшақта отырмас па едім? Әрі-сәрі ойдың жетегінде Астанаға жеттім. Ұшақ әуежайға жақындады. «Біртүрлі» жүрегім лоблып, басым айналды. Бұл күйімді көрген көршім «Мықтап ұстаңыз» деп сыбырлады. Жоғарыға қарадым. Айнадай жылтыраған төбеден артқы орындықта отырған баласы бар жұбайлар анық көрінеді. Мазасызданып жылаған нәрестені анасы жұбатып жатыр. Миым дыңылдады. Шырылдаған сәбидің даусы тыншыр емес. Көзімді жұмдым. Астанада қылаулап қар жауып тұр екен. Жұмысым бітіп, ертеңіне пойызға отырдым. Алаңдаулымын. Нұрым хабарласпады. Неге мен оны іздей бастадым? Телефоным шырылдады. Қуанып кеткем. Ол емес, анам. Біраз сөйлестік. Купедегі серігім әйел адам екен: 

– Жақсы болды ғой. Әлдеқандай көрші болады деп уайымдап едім. Жымиып қана қойдым. Жаттым, ұйықтағаным дұрыс болар. Телефоным безілдеп жатыр. «Балқаштың балығынан ала кел!» Хабарлама Нұрымнан екен. Ұшып тұрғанымды білмей қалдым. Жолсерікке жеттім: 

– Балқаштан қашан өтеміз? 

– Таңғы бесте, – таңданған жолсерік сұраулы кейіппен жауап берді. 

– Мен, мен балық алуым керек. 

– Жарайды, оят демекпісің? Оятайын. Ол жердің балығы қымбат, жейтін адам да қымбат болды-ау шамасы, – деген жолсеріктің сөзі құлағыма жағып кетті. 

– Иә, қымбат, – дегенімде жүрегімде мақтаныштың мәртебелі сәті ойнап кетті. 

Таразға жеттім. Үйіме келдім. Терезеден ескерткішім қарап тұр. Мелшиген қалпы. Шайынып алайын деп жуынатын бөлмеге кірдім. Жарығы күйіп кеткен бе, жанбады. Ақтарып жүріп, жаңа шам тауып алдым. Енді ауыстыру керек. Қуықтай жуынатын бөлменің ішіне үстел түгілі адам зорға сыяды. Екі аяғымды екі жақтағы жақтауына тіреп, ваннаның үстіне шықтым. Шамды мұқият бұрадым, жарық жарқ ете қалды. Сол сәтте аяғым тайып кетіп ашық тұрған есіктен асүйге ұшып түстім. Оңбай құладым-ау, талықсып кетіппін. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Телефон даусынан есімді жиыппын. Орнымнан тұрсам, оң аяғым ісіп кеткен, бастырмайды. Сүйретіліп жүріп телефонға жеттім. 

– Неге телефонды көтермейсің? Жиырма рет қоңырау шалған шығармын, – деген өзімсінген Нұрымның даусын есітіп көңілім босап кетті. 

– Менің... Мен құлап, аяғым шығып, – деп жылап қоя бердім. 

– Қазір жетем, Жаным... 


Оқи отырыңыз: Құрмет Қонарбай. Қарлығаштың ұясы(Әңгіме)



Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...

Сұхбат

Instagram мен TikTok-та мұғалімдер мен оқушылар жайлы қызықты видеоларымен таныла бастаған ер мұғалі...