Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар (Жетінші дәптер)

ӘДЕБИЕТ
11386

Баяғыда бала күнімізде қой жайып Алтайдың таз биігіне шыға қалсақ болды, ересек ағаларымыз:
– Әнеу көрінген үлкен алқап – ойман жері, – дейтін қамшыларын шошаңдатып. – Ал одан әрмен, сонау қарлы шыңдардың арғы жағында ұраңқай деген ел бар...
Малшы ағаларым нұсқаған ойман мен ойрат – көршіміз, яғни іргедегі алтай халқы, Таулы Алтай жері ғой. Балық аулап, суыр атып дегендей, есейе келе біз де ол жаққа аракідік ат ізін салып жүрдік. Бірақ «ұраңқай» деген ел жұмбақ қалып, аяқ жетпес қияң секілді көрінуші еді.
1990 жылы жолымыз түсіп, сол ұраңқай еліне де барудың жөні келе кеткені...
Ол былай болды.


Оқи отырыңыздыр:


Алматы суретшілер училищесінде бірге оқыған Майоол деген курстасымыз болып еді. Бізден бірер курс жоғары Ондар деген тағы бір тувалық жігіт оқыды. Бірде осы жігіттерден хат алдық. Бір топ курстастарын еліне қонаққа шақырыпты. Өзгелердің жағдайлары келмеді ме, білмедік, әйтеуір Балтас Оспанов деген суретші досым екеуміз ештеңеге қарамай, «Саян қайдасың» деп тартып отырдық.

Майоол мен Ондарды білетін біз, тегі ұраңқай жұрты монғол тектес жалпақ бет, домаланған шойқара біреулер ме деп едік, тіпті де олай емес екен. Кімді көрсең де кәдімгі өзіміздің қазақтан аумайды. Қарасы да, қоңыры да, мөлдіреген аққұбасы да, біз секілді сарысы да толып жүр. «Ұраңқай» деп жүргеніміз – қазіргі тувалықтардың ежелгі жазбалардағы аты болып шықты.

– Тегі, тілдері келіңкіремеді ме екен, картаға республикамыздың атауын «Тува» деп жазып жіберіпті, әйтпесе әлімсақтан бері бізді «тыба» деген, – деп ақталғандай болды ағайындар.
Орыстанған ондай мақамдарға біздің де құлағымыз үйренген, өзіміз де жетісіп жүргеніміз шамалы, сондықтан, тым-тым қазбалап, ағайынды ұялтпауға тырыстық. Жуковқа келген тілді Жамбылға келтіре алмай, тілімізді мазақ еткендей сақаусыратып, діңкеміз құрып жүрген кезде, өзге халықтың жөнін жөндеу біздің не теңіміз.

Қызыл қаласының көшесінде жүргенде Алматыдай емес, алшаң басып қазағы көп Қызылордада жүргендей еркін сезіндік.

Қызыл қаласының түстік шетінде, Енисейдің жағасында етегінде дөңгеленген дәу Жер шары бар, зәулім монумент тұрды. Салтанатты ескерткіштің астында «Центр Азии» деген жазуды көрдік. Азия континентінің кіндігі осы Қызыл қаласы болып шықты.

Ресейдің ұлы өзені Енисей осы Тувадан басталады екен. Би-хем, Ка-хем деген апалы-сіңлілі екі өзен қосылып, Енисей құрайды, сөйтіп ол Мұз мұхитқа барып құяды.
Туваның таулы-тайгалы өлкесінде де болып қайттық. Табиғаты Катонқарағайдан айнымайды. Адамдары да біздің Алтайдың қазақтары сияқты, күнделікті қоңырқай тірлігін күйттеген момақан жұрт. Аламанмен шатағы жоқ, өздерімен өздері секілді әсер қалдырды.

Туваның мемлекеттік өлкетану музейін де тамашаладық. Музей директоры Монгуш Кенин Лопсан деген елге аты мәшһүр ақын екен. Өлең кітабы Москвада да шығыпты, прозалық романдарын да көрдік, таныстық. Монгуш ағамыз оларға қосымша тарих ғылымдарының докторы, профессор екен. Докторлық диссертациясы Сібір халықтарындағы шаманизм тақырыбын зерттеуге арналыпты. Туваның халық жазушысы, ел арасында «Туваның бас шаманы» атағын да иеленіпті. Өзі әңгімешіл, дарқан көңілді бауырмал кісі болып шықты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Монгуш Кенин Лопсан.Монгуш ағамыз бізді музейге кіре берісте күтіп алған. Мен Алматыдан қонақ болып, елмен танысуға келдім дегендей сөз айттым. «Жоқ, – деді ол кісі. – Сендер қонақ емессіңдер, сендер атажұрттарыңа келіп тұрсыңдар. Барша түркі халықтары Алтай мен Саянның бауырынан шыққан, осы араны неше ғасыр мекен еткен, сосын осы арадан жан-жаққа тарап кеткен».Монгуш ағамыз тағы бір қызық деректі айтты. Алпысыншы жылдардың ішінде осы музейге Сәбит Мұқанов та ат басын тіресе керек. Ол кезде Монгуш жас жігіт екен, Сәбеңді де өзі қарсы алыпты. «Музейге келіп тұрған Сәбит Мұқановтан кейінгі қазақтар сендерсіңдер!» – деп, біздің мәртебемізді бір көтеріп тастады.

– Қазақ біздің ағамыз, – деді сөз арасында Монгуш Лопсан.
– Неге олай дейсіз? Бәлкім ата жұртта қалған сіздер аға шығарсыздар. Қайткенмен де, атажұрт үлкен шаңырақ сияқты емес пе? – дедім мен.
Ақсақал басын шайқады, келіспеген сыңай танытып, ойланып қалды. Сосын:
– Үлкен шаңырақта қашанда ұлдың кенжесі қалушы еді ғой? – деді. – Сондай-ақ советтік сана кімнің саны көп болса – соны «ұлы» деп құлшылық етіп келдік емес пе. Қазақ ағайынның қазіргі саны 10 млн-ға жетті деп қуанып жатырмыз. Олай болса қазақты «аға» деуден біз әсте арланбаймыз, қайта «алыстағы інім еді» деп бауырларыңызға тарта жүріңіздер. Әттең, - деп өкініш білдіргендей тағы да басын да шайқай берді.

Ие, не өкініш бар дегендей біз жамырай қарадық.Тувалық шаманның (бақсының) отты айнала зікір салған ойыны.

– Бәріміз түрік халықтарымыз, ағайын едік, түп тамырымыз бір еді, – деді Могуш ағамыз. – Тағдыр бізді жан-жаққа шашып жіберді. Біріміз православие, біріміз мұсылман, енді біріміз ламашы болып жер жүзіне тарап кеттік. Маған салса түрік халықтарының баршасы Көк тәңірге сиынып, табиғатты құдырет тұтып қала бергені жөн еді. Ендігі айтарым, мынау ауыздық бермес қаймалысқан заман тұңғиығына жұтылып кетпей, аман жүрейік бәріміз де.
Біз Туваның ең қадірлі ақсақалына Алматыдан арнайы алып келген сый-сияпатымызды тапсырып, рахметімізді айтып музейден әсерленіп шықтық.
Әлгінде Туваның астанасы Қызыл қаласын Қызылордаға балағанымыз тіпті де негізсіз емес еді. Қайда барсаң да жергілікті халықтың көптігін байқап көңіліміз марқайып жүрді. Үйде де, көшеде де өз тілдерінде сөйлегендерін көргенде тағы да іштей риза болыстық. Жалпы тыбалықтар республикада тұратын этностардың 64 процентін құрайды екен. Яғни, жартысынан көбі деген сөз. Қалғандары негізінен орыстар мен хакастар. Соңғы дерек бойынша еліміздегі тыба халқы 207 мыңның үстіне шығыпты. Сондай-ақ Монғолияда 25 мыңдай, Қытайда 3 мыңдай қандастарымыз тұрады десті.

– Республикада жергілікті халықтың басым болуы, қазіргідей дүние бұлаңға түсіп, алатайдай бүлініп жатқан уақытта былайғы кірме жұртты қатты алаңдатып, көңілдеріне үрей ұялатса керек, – дейді тыбалық достар ағынан жарылып, – Былтырғы жыл түймедейді түйедей етіп, байбалам салып, бізді «ұлтшыл» деп әлемге паш етіп айқайлап жүргендері де содан... Әйтпесе ауылдас жастардың мас болып, шекісіп қалуынан әлеуметтік астар, ұлтаралық жанжал іздеудің мүлдем қажеті жоқ еді.

Иә, былтырғы жыл «тыба халқы орыстарды сыйдырмай, елден қуалап жатыр» дегенді біз де естігенбіз. Естіген бойда күнделікті жаңалықтар мен ақпаратқа құлақ түрдік. Ақыры немен тынар екен деп елеңдегеніміз тағы рас. «Қамшының дәмін таяқ жеген біледі» дегендей, ондай қиын-қыстау кезең 1986 жылғы желтоқсанда біздің қазақтың да басынан өтті ғой. Сондықтан алыстағы ағайын жұрттың тілеуін іштей тілеумен болған едік.

– Әрине, оңай болған жоқ... Қызарған шоқты үрлей берсең алаулаған отқа айналмай ма, – дейді достар. – Бізде де солай болды... Ұсақ жанжалды қоздыра-қоздыра келіп, азамат соғысына айналдырып жібере жаздасты ғой.
– Қазақ ағайындарың да сендер үшін алаңдап, қорқып отырды.
– Тегіміз бір ғой, олай болуы әбден заңды... Сексен алтыдағы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына біз де қатты абыржыдық. Баспасөздегі хабарларда бір шикіліктің барын іштей сезгенбіз. Кейін, Мұрсалиев деген әзірбайжан жігіті шындықтың пердесін ашып салды. Мұрсалиевтің ол мақаласын көзіне жас алмай оқыған адам бізде сірә жоқ шығар.Туваның биік таудағы Тоджы алқабында жергілікті жұрт солтүстік бұғыларды бағумен айналысады.

Мұрсалиевтің Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы көлемді мақаласы республикалық газетте жарияланыпты. Өзі де мың жасағыр азамат екен, қазақтарға араша түсіпті, желтоқсан оқиғасына шынайы баға беріп, биліктің өктем саясатын әшкерелепті. Сол мақаласы үшін ол жігіт кейіннен қатты қудалауға түсіп, КГБ-нің қыспағында қалыпты. Әйтеуір, құдай сақтап, заман өзгеріп, басына төнген қауіп-қатерден әзер құтылған секілді.
Бұл естігенімізге көңіліміз толқып, Мурсалиевпен жүздессек деп едік, ол жігіт Тоджы алқабына іссапарға кетіп қалыпты. Қашан келері белгісіз екен.

Үш күн бойы біз тыбалық бауырлардың риясыз сый-құрметіне бөлендік. Республиканың біршама киелі орындарымен таныстық, ел араладық, жер көрдік. Мемлекеттік баспаның қызметкерлерінің шақыруымен дөңгелек стол ұйымдастырдық, тыбалық жазушылармен кездестік, еік жақты кітаптар алмастық. Тыбалық ағайынның да қазақ секілді қонақжай, қолдары ашық халық екеніне көзіміз жетті. Сөйтіп. төртінші күні достарға ризашылығымызды жеткізіп, қош айтысып Алматыға аттандық.

author

Әлібек Асқаров

ЖАЗУШЫ

Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....