Көне кітап – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты көшпелі көрме ашылды

РУХАНИЯТ
2098

ҚР Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық музейлер күніне орай Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Көне кітап – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты көшпелі көрме ашылды.

Көрмеге «Насаб-нама» нұсқаларында Түркістан  жеріне алғаш ислам дінін әкелуші, Түркістан жеріндегі алғашқы ислам мемлекетінің негізін салушылар ретінде Исқақ баб, Абд ал-Жалил бабтардың дінді таратуы жайлы насабнамалар, Ахмет Ясауидің шежіресі жазылған насабнама, Ахмет Ясауидің мөрі, Диуани хикмет, қолжазбалар, дұға кітаптар, пайғамбарлар өмірі жазылған көне кітаптар, фих мәселелері т.б жәдігерлер ұсынылды.

ҚР Ұлттық музейі Ақпараттық-имидждік жұмыстар қызметінің жетекшісі Дәулеткерей Құсайынов: «Адамзат хайуанаттар әлемінен бөлініп шыққан кезінде тіліне қарыздар болса, сол тілінен төгілген сөз маржандары кітапқа да қарыздар. ХVI ғасырда өмір сүрген жазушы, сатирик, педагог Эразм Роттердамский: «Мен үшін жерұйық – кітапханам қайда болса, сол жерде» депті. Ұлттық музейде тұрған Күлтегін ескерткіші де дана халқымыздың сөз маржандары, мақал-мәтелдері, тарихы, даналығы жазылған кітаптың алғашқы нұсқасы болмақ. Кітапты ұлықтайтын бұл мереке – ата-бабамыздың ерте заманнан бері жиған асыл, дана сөздеріне тағзым ету болып табылады» деп өз пікірін білдірді.«Көне кітап – рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты көшпелі көрме ашылды

Көрменің мақсаты – музей қорында сақталған көне кітаптар, қолжазбалар мен насаб-намалар халқымыздың сан ғасырлық рухани байлықтарымызды бағамдап, болашақ ұрпаққа жеткізу және насихаттау.

ОҚО Тарихи-мәдени этнографиялық орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева: «Ертеңгі мұражай күніне орай ұйымдастырылған бұл шара Ұлттық музей мен біздің орталықтың арасындағы әріптестік, достық қарым-қатынастың нәтижесі деп білеміз. Түркістан қаласынан Астанаға Ясауи бабамыздың шежірелері, хикметтері, мөрін алып келдік. Музей қызметкерінің мақсаты – ата-бабаларымыздан қалған мұраны жас жеткіншектерге аманат ету, қаз-қалпында жеткізу. Сондықтан да көздің қарашығындай сақталып келе жатқан бабамыздың құнды кітаптарын Астана жұртшылығының назарына ұсынып отырмыз» деді.

Шараны ҚР Ұлттық музейі Ғылыми кітапхана және Жазба ескерткіштерді зерттеу бөлімі ұйымдастырды.

Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....