Гарольд ПИНТЕРГарольд ПИНТЕР – Әдебиет аталымы бойынша 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауре...
Байыт Қабанұлы: Көктем
(толғаныс)
Уақыттың бері келе жатқан уылжыған ұлпа шағы әдемі ғой. Қалай қарасаң да қар жамылған барқыт белдердің шынтақ, тізесі тесіліп шым-шым еріген қар суының жылап аққан қуанышты көз жасынан жаралып сай-саладан сылдырап құлағын сансыз әсем бұлақтардың әлсіз-әлсіз толқындарымен бірге аунап көктем келе жатады. Қиқу-қиқу құстардың қанаттарына ілініп жап-жарқын көктем келе жатады. Қыс киімдерінен жеңілденіп жалаңаштана бастаған сұлу-сұлу қыздардың сұлу-сұлу жарты жалаңаш балтырдарына жабысып ұялшақ ұяң көктем келе жатады.
Көктем деген уақыт басынан аяғына дейін сағат сәт сайын өзгеріп тұратын ғажайып құбылмалы шақ. Осы жәңе ғана көрген бір жұпынылау көрінісің аз уақыттан кейін қайта көрсең өңсіз киімін ауыстырып киіп өртеніп кетердей өзгеріп алған өңді сұлу секілді қарап қарап көз тойғысыз құбылысқа айланып бара жатады.
Қайдан келіп тұрғаны белгісіз лүп-лүп етіп бет ауызыңды аймалайтын көктемнің жұмсақ ақ самал желінің өзі неге тұрады. Сол қыз - самалдың әкеліп тұрған жас сәбидің иісіндей иісті айт. Басқасы басқа, иілген жап-жас сәмбі талдардың бұтақ-бұтағынан осы кәзір өсем бе, бір күн тағы тосам ба деп бүлк-бүлк еткен көк жасыл көркем бүрлерге қарасаң солардың бүлкілімен бірге жүрегің үлпілдеп тынышың кетеді.
Ал осы жәңе ғана еріп бітіп жағасы көгалдана бастаған өзен жағасына барып етігіңді шешіп аяғыңды сұп-суық мұздай суға малсаң осыдан жүз жыл бұрын дәл осы өзеннің осы жеріне аяқтарын шешіп қол ұстасып мәз-мейрам күлісіп отырған атаң мен әжеңнің бейнесі көрінгендей, немесе өзіңнің ес білмейтін сәби шағыңда әкең мен апаң өздері осы суға аяқтарын малып өзіңді жалаңаштап суға шомылдырып отырған ғажайып бақытты шақты сырттай көзіңмен көргендей күй кешесің.
Бұл көктемде кезігетін қайта-қайталанбайтын бір ғана сәт. Егер сол өзеннен жалаңаяқ өтіп одан ары жүрсең қат-қат таулар мен жыра жылға бір-біріне ұқсамайтын ұлан-ғайыр ұлы дала тосып тұр. Бәрінде бір-бір ғажайып көркем көрініс. Сол көркем көрініс біткенге қызығып гүлден-гүлге қонған көбелек сықылды жүре берсең дау жоқ адасасың. Ал қай жағыңа кетеріңді білмей көк тіреген таулардың арасында жалғыз қалсаң ары отырып, бері отырып онан кейін өз еркіңсіз өз ойыңнан қыз туралы өлең жазып, ән шығара бастайсың.
Аяа, айналаңның бәрі көгілдір түске боялған сымбатты сұлу қыз-көктем. Сенің жасырын жайсаң сырларыңның түбіне жетпей-ақ қызығып жүріп мына өмірді аяқтармын мен бейбақ. Осы елуге тақаған жасыма дейін мен сен келген сайын бір бала болып қызыл-қызыл гүлдерге қызығып, қызыл-қызыл гүлдердей қыздарға сұқтанып қанша рахат кешпедім деші. Табиғат маған сенімен бірге көгеріп, сенімен бірге қуарып қайтадан сенімен бірге көктейтін күш-қуат сыйласа ғой. Онда мен еш өкінбей мың-мың жылға жол салар едім. Менің дәл осы күйді кешкенім секілді тылсым күйге енгеннен кейін ғана атақты шайыр Мұқағали ағам:
«Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың» - деп өз еркінсіз төгілген шығар-ау. Әттең сол мұңлы ақынмен бір көктемді бірге отырып қарсы алсам не болар еді. Өкінішті... Иә шын өкінішті...
Аяа,.. Жанды, жансыз біткен тек тек өсіп өнетін, көгеріп көктейтін, көбейіп қосылатын орта біткен толатын, толы біткен асып төгілетін береген көктем. Сен маған не бермедің. Сен бәрін бердің. Сол бергеніңнің белгісі шумақ-шумақ өлең қалыпты із болып. Дәл қашан жазғанымды білмеймін:
«Түндігімнен құйылған түн шарабын,
Іше бердім қанбадым...
Тұмшаладым.
Түннен қара мөлдір көз қарсы алдымнан,
Қарағанда кім білген «күн шаларын»
Кім ойлаған жанар деп мұнша бағым...
...Іше бердім сіміріп түн шарабын.
Тұмшаладым түннен де, өзімнен де,
Шамам менің жетпеді көз ілгенге.
Түннен қара қара шаш толқынданып,
Желкен болып желбіреп сезімдерге.
Ет жүрегім елжіреп езілгенде.
Түн шарабын сіміріп: «ТАҢ АТПА» деп,
Қобыз кеудем безектеп безілдеуде» - деп жан таласыппын бірде. Қалай тамсанбайсың.
...Сенің қайталанбас қызықтарыңды жастығымда көрдім мен. Жәй ғана көргем жоқ кешіп өттім. Армансыз сімірдім тәтті шарабыңды. Бірақ сол кезінде қадіріңді білмеппін-ау. Енді бүгін сен келген сайын сол қапысыз жастық шағымды қайта аралап жыл, айлардың жыра жылғасында байқаусыз қалып қойған асылдарымның бөлшек сынықтарын қайта теріп рахатқа бөленем де отырам.
Аяа,... Керілген кербез көктем! Сен, сен ғана ерке серке жастығымды, мастығымды, керілген кербез қыздарды еріксіз еске саласың. Сол ғажайып кездерді бүгін ойласам сен де ерке, мен де ерке, қыз да ерке қызық дәурен екен ғой. Осыны сезінудің өзі теңдесі жоқ бақыт емес пе. Қалай ғана өлең жазбайсың.
О жастығым, махаббатқа малай болып
құлындықты ала қашқан құндақтан,
Жүгенсіз тай секілденіп
жүрген жерде ит үргізіп азан-қазан шулатқан.
Бауырына күн тимеген асау үркек аруды,
Бұғау салып
бұрым шашын желбіретіп құшағыңда тулатқан.
О жастығым,
менің ғана маңымда еді-ау жақсы, жаман лахап,
Барлық істі бітіруші ем
ақша да емес, алтын да емес жыр атап.
Тіс көрмеген балғын шөптей
күш көрмеген тап-талдырмаш арудың,
Өзіңнен де асып түсер
«күш, қайратын» сезу деген рахат ед, рахат.
Әтең, әттең сол күндердің
балқаймағын сұм уақыт бұзғаны-ай,
Күз желіндей мына шақтың
ызыңдаған ызғарын-ай, ызғары-ай
Амал қанша жоқсың, жоқсың
сезіміме май тамызып, от тастап,
Қайда мейілі кез болсам да аямаған...
аялаған қыздар-ай.
Сөйтсе дағы ашкөз жүрек
хас тәттіге қанбады ғой, қанбады-ай,
Бірақ естен кетермісің тамаша түн,
талма сезім таңдар-ай.
Бұл күндері соның бәрін
көзден ғайып етіп қойған, ап-ащы,
Жетім қыздың көзжасындай
мөлтілдеген жалған-ай.
О жастығым,
махаббаттың ақ гүлі едің енді сен де соларсың,
Түннің ессіз көбелегі секілденіп
шамды айланып өртенсең де тоңарсың.
Ең алғашқы мұңым болған
өрттей ыстық, асау үркек махаббат,
Ең ақырғы «әттең» деген қайғым да сен боларсың.
... Еһ керілген кербез көктем!!!
2017
Эрдэнэт.
Монғолия