БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияcы таныстырылды

ӘДЕБИЕТ
2725

Бүгін Алматыдағы Достық үйінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бағыттарының бірі. Тұтастай алғанда, ол тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат тұтады. 

Жиынға шығармалары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен аудармашылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып сөз сөйледі. Сондай-ақ жобаның руханиятымыз үшін, жалпы республиканың ты. Басқосуда аударма жұмысы қорытындыланып, авторларға алты тілде жарық көрген шығармаларының жинақтары тапсырылды.  

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын соңды біздің тарихымызда болмағанын айтты. «Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Ол үшін ең алдымен, жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары, іргелі оқу орындары, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады» деді Қырымбек Елеуұлы. 

Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кембридж университетінің баспасы, араб тіліндегі басылымын Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақтарды Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияларды М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақтарды Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындады. Аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 300-ге жуық маман жұмылдырды.  

Жоба аясында аударма ерекшелігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық авторлармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды. 

Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енді. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келді. Мәселен, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсон алғыс хатын жолдады.  


* * *

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асқан жобаның бұл таныстырылымына қаламгерлер қауымы, антологияға шығармалары енген авторлар, бүгінде бақилық авторлардың мұрагерлері, аудармашылар және жобаның сарапшылары, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тілінде жарық көрген проза және поэзия антологиясының маңызы, шетелдерде таныстырылымы және қабылдануы туралы ҚР Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулет, төраға орынбасары А.Елгезек және белгілі қаламгерлер Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, С.Сматаев, А.Бақтыгереева, М.Шаханов, Иран-Ғайып, Т.Медетбек, Қ.Мұханбетқалиұлы пікірлерін ортаға салды. Жиында осындай деңгейде және форматта алғаш рет жүзеге асқан жобаның руханиятымыз үшін үлкен  маңызымен қатар қазақ әдебиетін әлемдік кеңістікке таныстыру жұмысының болашағы туралы да сөз болды.  

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2024 жылдың 8, 9 және 10 қазанына арналған ауа райы болжамын жариялад...

Жаңалықтар

Қостанай облысы Рудный қаласында құтқарушылар тереңдігі бес метрлік бункерді тазалауға түсіп, қайта...