JEBE бірлестігі Павлодар облысы орталығын Ертіс деп өзгертуді ұсынды

РУХАНИЯТ
3163

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова JEBE қоғамдық бірлестігімен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мәжіліс депутаты бірлестік мүшелерімен еркін форматта кездесу өткізіп, қоғамдық мәселелерді талқылады. JEBE өкілдері қоғамдағы мәселелерді көтере отырып, бірқатар ұсыныстарын білдірді. 

JEBE ҚБ құрметті төрағасы Жұмабек Сманов облыс орталығының атауын Ертіс деп өзгертуді ұсынды. 

- Бұрын бір күнде 13 көшенің атауын өзгерту түсімізге де кірмейтін, - деді Жұмабек Сманов. – Қазір етіміз үйренді. Бір көшенің өзіне үлкен дау туатын еді. Қазір аудандардан бір келгенде 70-100-ге жуық көшенің атаулары келеді. Мүлде өзгермейтіндей көрінетін бас көше – Кутузов та өзгерді. Бәрі кезең-кезеңімен ғой. Бір көшеге зар боп жүрген кезеңнен өттік. Енді облыс орталығын өзгертуге қадам басатын кез жетті. Тек бір мәселе бар. Бұдан бұрын көше атауларын өзгерту кезінде өзге ұлт өкілдері дау шығаратын. Енді олар көндігіп, өз арамызда ру-руға бөлінетін сәттер орын алуда. Бұған дейін облыс орталығына Тұзқала, Баянтау, Қимаққала деген сияқты атаулар ұсынылды. Кейбіреуер өз атасына бұрғысы келді. Біздің ұсынысымыз - Ертіс деп атасақ, оған ешкім ренжімейді. Қазір Павлодар қаласы, ауданы, ауылы да бар. Сол сияқты Ертіс қаласы мен ауданы, ауылы болса айып емес. 

Айзада Құрманова бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, бұл мәселенің күні келетінін атап өтті. 

- Жұмыстарыңызды естіп, әлеуметтік желіден көріп жүремін. Жақсы жолда келе жатырсыздар. Оның бір дәлелі - сіздер бастаған «Мен қазақпын» әнін орындау челленджі. Ол елге жайылып, Президентіміздің өзі қолдау білдірді. Мақтанып отырамын. Құндылықтарымызды, ұлттық мінезімізді көрсетіп, насихаттап жүрсіздер. Өз ұстанымдарыңыз бар. Бұл деген – тәуелсіз Қазақстанымыздың жемісі. Павлодарда осындай азаматтардың болғаны қуантады. Облыс орталығының атауына келетін болсақ, оны аға буындарымыз да айтып жатыр. Бұл - орынды мәселе. Оған негіз де бар. Әлі де осы бағытта жұмыс жалғастыра беру керек. Бір күні өзгереді. Қазірдің өзінде Ертіс өңірі деп айтып жүрміз,  - деді Айзада Құрманова.

Оған қоса, бірлестік өкілдері өңірдегі мектеп түлектерінің көрші Ресейге білім алуға кететінін, сол арқылы еліміз білімді жастардан айырылып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ еліміздегі республикалық маңызы бар үш қаладағы жастарға берілетін жалдамалы пәтерді өзге өңірлерге тарату мәселесін де қозғады. 

- Ресеймен шекаралас өңірлердің жастары сол жаққа оқуға кетіп жатқаны рас. Өйткені, біздің жоғары оқу орындарында бедел мен сапа жоқ. Ақылды жастар қай жер жақсы екенін біледі. Сапалы білім алу үшін сол жаққа аттанады. Мемлекет басшысы осыған қатысты жоғары оқу орындарының сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Құр диплом басып шығарып жатқан университеттер жабылады. Сапаға мән берілетін болады. Ал, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында биыл жастарға 3 мың пәтер берілді. Ол бағдарлама жалғасын табады. Біз мәжілісте бағдарламаға мұндай пәтерлерді облыстардың орталықтарында да салу туралы өзгеріс енгізбекпіз - деді Айзада Құрманова. 

Сонымен қатар, кездесуде халық қалаулысы Павлодарда ұлттық өнер мектебін ашу туралы ұсынысты да құптады. Мәжіліс депутаты мен бірлестік мүшелерінің кездесуінде ұлттық құндылық, қоғамдағы өзге де жағдайлар туралы айтылды.



Оразбек Саяхат

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...