Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.Жүрек шамы1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жөнінде талай ма...
Ұлан Ысқақ: Осы кешкен сезімнің аз ба әлегі?..
ТҮНГІ СЫР
Аспанында ай жанған шамшырақ түн,
Жұлдызынан тамады сансырап мұң.
Сіңдірдім де кеңістікке ішкі үнімді,
Әуеніне қосылдым әнші бақтың...
Ғажайыппен ғайыппен сырласқым кеп,
Баяғыдан тылсыммен мұңдас жүрек.
Жалғыздығым қызғанып қарап тұрды,
Үнсіздікпен тағы да ымдасты деп.
Ғайып сырын алдыма жайып салып,
Көкжиектен құлады Ай, тайып барып.
Мақұлықтың көрдім де махаббатын
Солар дедім сүюге лайықты анық.
Керенау түн тағы мен жалғыз бүгін,
Мен ұқпаймын, шағады бар қыз мұңын.
Қазір маған жарасып тұрғандай-ақ,
Дәл осынау өзімнің жалғыздығым...
ТҮС
Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,
Өткен күндер көңілімді түсірген.
Апам келіп сипап кетті шашымнан,
Атам еккен алма бақтың ішінде.
Уақытыңды өткізесің текке деп,
Қарайламай кете барды өкпелеп.
Қалбаң-құлбаң мен жүгірем соңынан,
Жалынамын кетпеші апа, кетпе деп.
Бұл күндері ар алдында айып көп,
Қарсы алды ма,
кең құшағын жайып Көк.
Етегіңе үлгермедім жармасып,
Ақ жаулығың ұшты көзден ғайып боп.
Ал мен қалдым, елесіңді құшақтап,
Балағымнан қойғандай-ақ тұсап бақ.
Сіз кеткенде жапалақтап қар жауды,
Пейіліңіз деп ұғындым түсі аппақ.
Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,
Өткен күндер көңілімді түсірген.
Апам келіп сипап тұрды шашымнан,
Атам еккен алма бақтың ішінде.
ЖЕК КӨРМЕ...
Маған жазды сүйдірдің,
жазға мені
Осы кешкен сезімнің аз ба әлегі?
Тынышымды қашырды түн ауғанда,
Сағыныштың осынау сазды әлемі.
Талдықорған,
сен кеткен Шолаққорған?
Шаттығымды бұл күні тонап болған.
Өзім сүйіп жүріппін өзімсініп,
Сүйдіруге о бастан олақ болғам.
Сүйеміз деп сүйістік, өкпелестік
Өндіре алмай ештеңе көп кеңестік.
Мәртебелі махаббат кешір мені,
Жасап аппын сезімді к...ке бөстек.
Тұнжырап тұр төңірек түнді құша,
Құштарлықтан басталды күллі құса.
Сүймесең қой, көңілің кірлемесін
Жек көрмеші сен мені, тым құрыса...
ӨЗІҢ БІЛШІ
Арқамда бір дәуірдің жүгі бардай,
Ауырлап жүрмін сені ұғына алмай.
Ойласам сезбей қалам күн батқанын,
Ақынға ауыр мынау жұмбақтарың.
Қайсыкүні қош дедің, бақ тіледім
Қайтып келіп кеш бәрі жақсы дедің.
Кейде бәрін тереңнен ұғынасың,
Күн райындай сосын тез құбыласың.
Төзіп келдім осының барлығына,
Таң қаламын кеудеңнің тарлығына.
Әлек болдым сезіміңді идіре алмай,
Бір ақынды кеудеңе сыйдыра алмай.
Бүгін және қош дедің, бақ тіледім,
Е, несіне қайғырам, шат күлемін!
Сүйгеніне бұл жүрек жазалы ма?
Мен төзбеспін енді бұл мазағыңа.
Сөзің қайда күт деген, сөзің құрсын,
Кетем десең кете бер, өзің білші...
ЖАҚСЫ КҮНДЕР БАР АЛДА...
Мені көзден келді ме тасалағың,
Жанарыңа белгілі жас аларың.
Жолымызды бөлуді маңдайыма,
жазып қойса, қайтейін Жасағаным.
Қайда біздің баяғы таза қалып,
Жуымайды жаныма жаз аларып.
Жұбай құстар сайрайды бақшадағы
Жалғызсырап жатқанда мазаны алып.
Көңілімде қошы жоқ көктеменің,
Жақсы күндер бар алда, бек сенемін.
күзді сүйем сезімдер тоғысатын,
Ал көктем ше, қоштасу
жек көремін...
ӨМІРДІ СҮЮ
Жол жақта біздің үйге баратұғын
Тіршілік тауып тұрған жарасымын.
Құтқаруға күйбеңнен келіп тұрған
Мен сүйемін осынау қала түнін.
Қала түнін сүйеді дала жаным,
(Қара түнді келмейді қаралағым)
Қалқатайды қасыма ертіп алып,
Алма бағын келіп тұр аралағым.
Уайым жоқ ешқандай қаперімде,
Тағдыр мені қимайды жат өлімге.
Жатқандаймын әкемнің төсегінде
Жалдап тұрған бір бөлме пәтерімде.
Мойымастан тағдырдың салғанына,
Қадам басып келемін арманыма.
Сәлем алып көшенің талдарынан,
Сәлем беріп өтемін шалдарына.
Бәрі маған тұрады құрақ ұшып,
Жырымды оқып жүреді, сыр алысып.
Мейірім боп тараған жүректерге,
Менің қан тамырымның жылы ағысы.
Бұның бәрін қалайша көп көрейін,
Бұның бәрін қалайша жек көрейін.
Достық барда, махаббат, сенім барда,
Мен қалайша өмірге өкпелейін?
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Сенде жүрсің Алматыда сыңарсыз,
Менде жүрмін Алматыда сыңарсыз.
Мендегі осы жалғыздықтың азабын,
Ей бойжеткен, ұқсаңыз сіз ұғарсыз!
Баяғыдай шаттана алмай марқайып,
Сен үн қатпай қуанышым ортайып,
Дәл осылай бола берсе кетем-ау,
Отыз күнде отыз есе қартайып.
Сен сенбейсің шала мұның ісі деп,
Мен налыдым әбден батты тісі деп.
Сені ойласам мазам қаша береді,
Ішімдегі боз айғырым кісінеп.
Ол да саған іңкәр жүрек бір ғаріп,
Менде саған өле ғашық бір ғаріп.
Өзің жоқта ішінара қызғанып,
Екі жігіт кетер ма екен жынданып?
Бойымдағы бар күмәнді еңсеріп,
Бір жұмысқа кірісіп ем белсеніп.
Сен кеткелі түсіп кетіп ұнжырғам,
Тентек тоқты құсап жүрмін теңселіп.
САҒЫНЫП ЖҮРМІН...
Сенен бір хабар келіп қалар деген,
Күндерім өтіп жатыр алаңменен.
Қаңтардың ызғарынан тоңған алап,
Күзгі бақты еске алам жолға қарап.
Айқарып саған құшақ ашқан едім,
Сен сонда жүрегімді ап қашқан едің.
Елестейсің бір күні келетіндей,
Сағынып жүрмін сені өлетіндей.
Білмеймін үмітіңді қайдан үздім,
Бақытты күндеріміз қайда біздің?
О, менің ақмаңдайлым, айқабағым,
Жабырқап көңіліме қайғы аламын.
Құшағында көп тұрдым қара түннің,
Қырқылғанын ұғындым қанатымның.
Сен жоқсың, мағына жоқ жер бетінде,
Көңілсізбіз көп болды, мен де, түн де.
Арман жоқ ақ төсіңді аймалаған.
Мүсіркеп қарайлайды, Ай да маған...
АПАМА
Ұясына батты әне, мұнарлап Күн,
Апа сіздей жанымды ұға алмақ кім?
Бағбандары бақилық болып кеткен,
Болашағын кім ойлар мынау бақтың.
Болашағын кім ойлар, келешегін
Есін әлі жиған жоқ ересегің.
Үйлен деуші ең апатай үйге барсам,
Ақылыңды алмадым неге сенің?
Тәрбиеме танытып басымдылық,
Өсіріп ең адам қып, ақын қылып.
Сіз кеткенде апатай мен түгілі,
Алма бақта жылады шашын жұлып.
Жаныңызды жайдары жақұт текті,
Алды дағы, Әзірейіл уақыт кетті.
Күннің нұры жеңіндей көйлегіңнің,
Көздің жасын сүртті де батып кетті.
Ұясына батты әне мұнарлап Күн!