Осыған дейін ақындар арасында «Папирус» айдарын жүргізгеніміз ел назарында. «...
Алматыда ІІ Халықаралық жазушылар форумы өтеді
25-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласында ІІ Халықаралық жазушылар форумы өтеді.
Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Форумға АҚШ, Франция, Германия, Англия, Түркия, Қытай, Ресей, Марокко, Моңғолия және басқа елдерден жазушылар, публицистер, аудармашылар, әдебиеттанушылар мен суретшілер қатысады. Әдебиет әлемінің өкілдері үшін соңғы жылдардағы аса маңызды шаралардың бірі белгілі публицист, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің мұрындық болуымен іске асып отыр.
“Біздің жазушылар ұлттық әдебиетті жасайды, ал аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды. Аударма жұмысы өте күрделі мәселе, Кеңес үкіметі кезінде Олжас Сүлейменов Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып тұрғанда аударма бойынша редакция алқасы болатын. Ол жерде жиырма шақты аудармашы, журналистер жұмыс істеп дүние жүзінің ең керемет әдебиетін қазақ тіліне аударып, және қазақ тілінен шет тілге аударатын. Ол кезде орыс тілі арқылы біздің әдебиетіміз дүниежүзіне таралатын. “Прогрес", "Мир” деген баспалардан І.Есенберлин, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сынды қазақ жазушыларының еңбектері ағылшын, неміс тілдеріне аударылып басылып шығып тұратын”, - дейді Ғабдуллин.
ПЕН-клуб басшысы қазақ жазушылары шығармаларының не үшін шет тіліне аударылуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ағылшын тіліне шығармасы аударылмаған жазушы әлемдік әдебиетте жазушы саналмайды екен. “Өкінішке қарай сенің шығармаларың ағылшын тілінде болмаса, сен жазушы ретінде жоқсың. Сондықтан бес жылдың ішінде біз Мұқағалидан бастап, Б. Соқпақбаев, О.Сүлейменов, Ә.Нүрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Г.Белгер, С.Мұратбеков сынды мықты ақын, жазушыларымыздың еңбегін аударып, Америка мен Англияда шығардық”, - деді Бигелді Ғабдуллин.
Айта кетейік, былтыр Алматыда "Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі" тақырыбында жазушылардың І Халықаралық форумы өтті.. Әлем әдебиетшілері қазақ елінде 3 күндік шара аясында бас қосып, қазіргі заманғы әдебиет хақында пікір алмасты. I Халықаралық Жазушылар форумына Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Моңғолия, Чехия, Марокко, Израиль, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да 16 елден аса көрнекті сөз зергерлері қатысқан еді.