Алдағы күндері Иран аймақтарынан Қазақстан аумағына жылы ауа массалары ене бастайды. Қазақстанда күн...
Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылды
Кеше елордада басталған Азия қаламгерлерінің І форумы аясында бас қаланың Абай мен Сембинов көшелерінің қиылысында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды.
Іс-шараны жүргізген Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы:
– Сарыарқаның сайын даласын дүбірлеткен кіндік Азияның қарашаңырағы – Қазақ елі кешеден бері Азия елдері қаламгерлерінің форумын өткізіп жатыр. Бүгінгі іс-шара қазақ руханиятына, ақын-жазушыларға жоғары деңгейде көңіл бөлініп жатқанының айғағы», – дей келе, сөз кезегін қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенге берді.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жиналған қонақтарды – қазақтың марғасқа қаламгерлерін қала басшысы атынан мерекелерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Сондай-ақ өз кезегінде сөз алған Олжас Сүлейменов пен Ұлықбек Есдәулет те әріптестерін айтулы іс-шарамен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуына қарағанда, елорданың Сарыарқа ауданында орналасқан аллеяға «Қаламгерлер аллеясы» деген атау беруді ұсынған.
Еске сала кетсек, «Қаламгерлер аллеясы» Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын дәріптеу, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы, Президент Әкімшілігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ашылды.
Қазіргі таңда аллеяға арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақта білімді, даналықты, шығармашылықты білдіретін ашық тұрған кітап бейнесінде берілген. Ескерткіш тақта биіктігі – 150 см, ені – 165 см.