Танымал эстрада жұлдызы Ернар Айдар өзін «той әншісі» деп сынаған Роза Рымбаеваға жауап...
«ЖЕТІСУ КӨКТЕМІ» АТТЫ ЖАС ӘДЕБИЕТШІЛЕРДІҢ І ФОРУМЫ ӨТТІ
Алматы облысы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы мен Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір жылдығына орай сәуір айының 23-24 күндері Жетісу өңірінде алғаш рет жас әдебиетшілер форумы өтті.
Форум делегаттары Алматы облысының тарихи-мәдени нысандарын аралады.
Алматы облысында тұңғыш рет өткен «Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілер форумына қатысушы делегаттарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс, жазушы Есболат Айдабосын бастаған топ қасиетті Қарасай ауданында қарсы алды.
Форум делегаттарының алғашқы күні қасиетті Қарасай еліндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген тарихи-мәдени өлкетану нысандарын аралаумен бастау алды. Жас қаламгерлер табан тіреген алғашқы нысан Елбасының кіндік қаны тамған жер - Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасы Президенті - Елбасының «Атамекен» тарихи мəдени орталығы болды. Форум қонақтары Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалы мен «Анаға құрмет», Қарасай ауданының тарихи өлкетану мұражайларында да болып, тарихтан сыр шертетін бай мұраларға қанықты.
Қарасай елдімекеніндегі тарихи-мәдени өлкетану нысандарын аралаған жас әдебиетшілер форумының делегаттары түс ауа Күреңбел елдімекеніне ат басын бұрды. Қазақтан шыққан тұңғыш этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың жамбасы жерге тиген өлкеде болып, саяхатшының өмірі мен шығармашылығынан, Құлжа мен Қашқариядағы сапарларынан сыр шертер рухани шаңырақты аралады. Мұнан кейін қонақтар қазақтың жарық жұлдызы болған аяулы перзентінің ескерткішіне тағзым етті.
Кешқұрым Талдықорған қаласына жеткен форумға қатысушылар Қаратал өзені жағалауындағы поэзия кешін тамашалады. Талдықалаға келген қаламгерлердің құрметіне орай жетісулық ақындар жырдан шашу шашып, әншілер кешті әуезді әнімен әрледі.
Жетісу жерінде тұңғыш рет өткізіліп отырған жас әдебиетшілер форумы аясындағы алғашқы күнді қаламгерлеріміз осындай әсерлі көңіл күймен аяқтады.
Форумның ресми ашылу салтанаты
Жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумының екінші күні қаламгерлер Талдықорған қаласындағы Сүйінбай Аронұлы мен Мұқағали Мақатаев ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң қаладағы «Руxани жаңғыру» орталығының жобалық офис жұмысымен танысты. Форум бағдарламасы бойынша Тіл сарайында жас әдебиетшілердің қатысуымен әдеби секция отырысы өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек бұл отырысты еркін форматтағы пікір алмасу, әдеби әңгіме болсын деп ұсыныс тастай келе, сөз тізгінін Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берді. Ұлықбек Есдәулет өрімдей жастарды көріп, өзінің жас ақын ретінде алғаш қатысқан әдеби форумдарды еске алды:
– «Жетісу көктемі» атты жас қаламгерлердің форумына қош келдіңіздер! Қадамдарыңызға гүл бітсін деп айтамыз. Осындай өздеріңіздей жас кезімізде алғашқы фестивальдар мен кеңестерге, семинарларға қатысқан кезіміз есіме түсіп отыр. Студент кезімізде республикалық жастардың кеңесі өткен. Жастарды әртүрлі секцияларға бөлгенде, мен Қадыр Мырзалиевтің секциясына түсіппін. Секцияны Қадыр Мырзалиевпен бірге Аян Нысаналин жүргізді. Менімен бірге Көкшетаудан келген ақын Жәркен Бөдеш болды. Ол кезде поэзия, проза секцияларын мүйізі қарағайдай ағаларымыз жүргізді, - деп, жастық шағын есіне алған Ұлықбек ақын алдында отырған жастарға ағалық ақылын айтып, алдағы уақытта халықаралық әдеби фестивальдарға Қазақстанның атынан болашағынан үміт күттірер жас қаламгерлер қатысу керектігін айтты, жастардың кітаптарын шығару қолға алынғанын да сөз етті. Сонымен бірге, Жазушылар одағының есігі жастарға қашанда ашық екендігін білдірді. Ал, жастар өз кезегінде әдебиеттің қазіргі ахуалын талқылап, алдағы уақытта прозада фэнтези, детектив жанрларына көп көңіл бөлу керектігін айтты. Балалар әдебиетіне үлес қосу үшін әр ақын топтама өлең жазып, «Ұлан», «Ақжелкен» басылымдарына жариялауға келісті. Сонымен бірге, келесі басқосуға дейін әдебиетші, сыншылар жас ақындар мен жазушылардың шығармашылығын насихаттау үшін еңбектеніп, нәтиже көрсету керектігін алға тартты. Әдебиет тарихы мәселесі де тақырыптан тыс қалған жоқ.
Бұдан соң қаладағы Салтанат сарайында облыс басшылығы, Қазақстан Жазушылар одағы және әр облыстан келген қаламгерлердің қатысуымен «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының салтанатты рәсімі өтті. Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілген «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, жеңімпаздарға «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. ҚР Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызының қолдауымен өткен І халықаралық «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесілді. Осы басқосуда Жазушылар одағына мүшелікке бір топ қаламгер салтанатты түрде қабылданды.
Республикамыздың әр өңірінен келген қаламгерлерге құттықтау тілегін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық сананы жаңғырту идеясының түп тамыры – тілде, әдебиетте, мәдениетте жатыр. Сондықтан бағдарлама аясында Алматы облысында бір жылдан бері 8 мыңнан астам шара өткізіліп, 200 жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен былтыр бір мезетте 39 кітап жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта облыстағы барлық ауылдық мәдениет үйлерін жаңғыртып, жаңартатын боламыз. Сонымен қатар әдеби байқаулардың, шығармашылық шаралардың да маңызы зор. Бүгінгі форумға облыстың, республиканың әр өңірінен талантты жастар жиналып отыр. Форумға қатысушыларды осынау айтулы шарамен шын жүректен құттықтап, баршаңызға шығармашылық шабыт тілеймін! – деді.
Содан кейін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз алып, облыстың әдебиетті қолдаудағы игі бастамасына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта Абай атындағы ұлттық сыйлық тағайындалатыны жөнінде де айтып өтті. Сондай-ақ, ақындар – Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Бақытгүл Бабаш, жас дарын Мұхтар Күмісбек ізгі тілектерін жеткізді.
Форум жұмысы мұнан әрі «Рух» бәйгесінің қорытындысы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесерімен жалғасты.
Шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың қорытындысы жария етілді. Бұл байқауға қаламгерлер бүркеншік атпен қатысты. Поэзияда «Рухани жаңғыру» тақырыбы, Жетісу өлкесінің тамаша табиғаты және еркін тақырып ұсынылса, прозада туған өлкеге арналған туындылар қабылданған. Марапаттау рәсімін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар атқарды.
Поэзия жанры бойынша І орын «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, мемлекеттік грант иегері Сағыныш Намазшамова иеленсе, прозада І орын жазушы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері Қанат Әбілқайырға берілді. Қос жеңімпазға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Поэзия бойынша ІІ орынды Ерлан Жүніс пен Аршын Нұрбақыт, ІІІ орынды Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек иеленді.
Проза жанрында ІІ орынды Есболат Айдабосын және Гүлжан Амангелдіқызы, ІІІ орынды Асхат Өмірбай мен Данагүл Берекет алды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар берілді.
Осы жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақ мүшелігінің қатарына қабылданған қаламгерлерге салтанатты түрде куәлік тапсырды. Мүшелікке қабылданғандар арасында Алматы, Атырау облыстарының, Астана және Алматы қалаларының қаламгерлері бар.
Екі күнге созылған форум кешкі аста әдемі тілектермен, ақындардың өлеңдерімен қорытындыланды. Жастар форумы бұдан былай жыл сайын өткізіліп тұратыны белгілі болды.
Форумға қатысушылардың пікірі
Форумға қатысқан жас қаламгерлер Мәдениет порталына өз пікірлерімен, ой-тілектерімен бөліскен еді.
Еламан ХАСЕНҰЛЫ, жас ақын (Павлодар қаласы):
– Жетісу төрінде өткен «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумы өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Бұл жиын тек жас қаламгерлердің басын қосып қана қоймай, олардың рухын, жанын біріктіре алды. Сонысымен де осы фестиваль зор маңызға ие. Бұл форум еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп, өзінің жалғасын тауып, әдеби процеске жан бітіріп, тамырына қан жүгіртіп, әл беріп, нәр беретін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұлықбек ағамыз кезіндегі әдеби басқосуларда еліміздің әр аймағынан жиналған жастардың қатарынан екі-үш қарадай ғана қалып, қазақ әдебиетінде үлкен істер тындырған деп айтқанындай, осы жиынға келген жастардың әрқайсысы өздерінің жолын, бағытын тауып жататын болса, ол да үлкен жеміс болар еді. Бұл жиында отызға тарта жас болды. Демек, отызға тарта көзқарас, отызға тарта бояу, отызға тарта бағыт, отызға тарта ой болды. Бірақ, ең бастысы, жалғыз тұтас дүние ол – өлең бар, ақын бар. Алматы облысы әкімінің және Жазушылар одағының бірігіп өткізген бұл форумы үлкен мақсаттарды айқындап берді, үлкен жұмыстарға бағыт берді. Соның ішінде, әдебиет тарихына, прозадағы фэнтези жанрына, әдеби сынға, балалар әдебиетіне қатысты көп дүниелерге көзімізді ашқандай болды. Себебі, бұл мәселелер қай кезде де өзінің өзектілігін, маңызын жоғалтқан емес. Біздің буынның әдебиетке деген жанашырлығы, жауапкершілігі осындай бағыттарда қалам тербеп, әдебиетті жаңа белеске көтерумен өлшенсе керек-ті. Біріншіден, бұл форумның басты мақсаты – жастардың көзқарасын қалыптастыруда тың идеялардың дүниеге келуіне, жаңа ойлардың бүршік жаруына септігін тигізе алу. Сондықтан да, бұл форумның ең басты мақсаты орындалды деп ойлаймын.
Нұрболат ЖАҢАБЕКҰЛЫ, жас ақын (Тараз қаласы):
– Форум өте жақсы өтті. Осындай ізгі шаралардың көптеп ұйымдастырылып тұрғаны жастар үшін, жалпы қазақ поэзиясы үшін керек-ақ. Өйткені, жастар бас қосып, бір-бірімен танысып, танылуына сеп болатыны анық. Форум барысында әдебиеттің ахуалы мен алдағы жоспарлар сөз етілді. Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек ағамыз бен жанымыздан бір елі ажырамай жүрген Алматы облыстық Тілдер басқармасының басшысы Айдар Карбозұлына, Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жетісу жері өзінің қонақжайлықтарын көрсете білді. Өте жоғары деңгейде өткен іс-шара болды деп ауыз толтырып айта аламын. Бұл бастама басқа да облыстар мен өңірлер үшін өнеге болса деймін. Ең бастысы, ұмытылмастай әсер алдық.
Қарлығаш ҚАБАЙ, жас ақын (Астана қаласы):
– Киелі Жетісу өлкесінде Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен "Жетісу көктемі" атты жастар форумы өте жақсы бастама болып қана қоймай, жастарға жаңа серпін сыйлады. Форумға жиналған әдеби орта өкілдері тың мәселелерді ортаға салып, әдеби жанрлардың қазіргі кезеңде даму үдерісіне талқылау жасады. Форум аясында әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналған Жетісу өлкесін тамашалап, киелі жерлерге тәу етіп қайттық. Өлең оқылды. Ән айтылды. Бірқатар тұлғалар Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Жаңа сайланған одақтың салиқалы істерінің бастамасы, аяқ алысы осылайша өрбіді. Осы бастама әрі қарай жалғасын табады деп сенеміз.
madeniportal.kz