Нұрғиса Дәуешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: домбыра әлем әуендерін үйіріп әкетеді

Жаңалықтар
2421

Нұрғиса Дәуешов 2013 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры қызметін атқарды. Сұхбатымыз дайындалып жатқанда ол ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Нұрғиса Мұратұлының жаңа қызметіне табыс тілей отырып, оркестр директоры болып жүрген  кезде берген сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.   

Оркестр ұжымының қасиетті парызы

– Нұрғиса Мұратұлы, әңгімемізді биылғы маусымның ерекшелігінен бастасақ.

– Биыл Құрманғазы оркестрі үшін айтулы жыл. Кезінде 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған оркестрі­міздің тарихына 85 жыл толып отыр. Өнер ұжымы 1934 жылы 25 маусымда Қазақ КСР-нің қаулысымен құрылған болатын. Биылғы мерейлі мерекемізді ауқымды деңгейде атап өтуге күш салып жатырмыз. Бұйырса, күз мезгілінде 85 жылдық тарихи мерейтойымызды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ауқымды деңгейде атап өту мақсатын көздеп отырмыз. Бұл іргелі іс-шараға ардақты ардагерлерімізді, Қазақ­стандағы барша дирижерларды, күйшілерді шақырып, мерейлі мерекемізді жоғары деңгейде атап өтуге ниеттеніп жүрміз.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мем­лекеттік бағдарламасы оркестр ұжымына  үлкен тың серпіліс бергені рас. Бұл бағдар­ламаны жүзеге асыруға атсалысуға өнер ұжымының ынта-ықыласы мен ерік-жігері ерекше.  Осы орайда, ауқымды шаралар Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен атқарылып жатқанын айта кеткен абзал.   Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ұлттық өнерге деген құрметі ерекше. Президенттің мек­тептерде домбыра үйірмелерін ашу туралы ұсынысы –  руханиятқа берген үлкен баға.

Биылғы 85 маусымда жаңа ғимаратқа көшкеніміз өнер ұжымы үшін үлкен қуа­нышты оқиға болды. Бұл ғимарат бұрынғы ғимаратқа қарағанда көлемі жағынан үлкендеу. Тарихи тұрғыдан ерекшеленетін ескі ғимаратпен қимай қоштастық. Себебі, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан бірқа­тар талантты тұлғалар сол ғимаратта өздерінің өнердегі жолын бастаған болатын. Бұл жаңа ғимаратта да кезінде Роза Бағла­нова, Қали Жантілеуов тәрізді тұлғалары­мыз қызмет атқарған. Айта кетерлігі, бүгінгі ғимарат көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда екі есе үлкен. Қазақ өнерінің кең қанат жаюына еңбек етіп жүрген өнер ұжымы үшін бастысы концерттік залдың кеңеюі болды. Бұрынғы ғимараттың кон­церт­тік залында 250 адамдық орын болса, қазіргі ғимаратта 500 адам көрермен бола алады. Бұл ғимаратқа көшкеннен кейін көптеген жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Концертіміздің әр түрлі форматта әрі жаңа­шыл бағытта өтуіне ғимараттың кеңдігінің пайдасы зор. Қазір өзіміздің ғимараты­мыздағы үлкен концерттік залымызда кез-келген концертті жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік мол. Басты жетістігіміз, міне, осы. Қаланың ортасында орналасқан әрі өнер мен білім ордаларына жақын жердегі бұл ғимарат көрермендер үшін де өте ыңғайлы. Биылғы мерейлі 85-маусымға өнер ұжымы ерекше екпінмен дайындалып жатыр. Басты мақсат – шығармашылық тұрғыдан биікте болу. Биылғы жылдың басынан бері оркестріміз көптеген концерт ұйымдастырып, көрермендерін қуантты. Биыл оркестріміздің 85-маусымы болған­дықтан, әрі жаңа ғимаратқа көшкендіктен бір айдың ішінде 4-5 концерт жоспарлап, жүзеге асырдық. Әр апта сайын бағдарла­масы әр түрлі концерт өткіздік. Бұл концерттердің мағынасы мен маңызы бөлек болды, бірін-бірі қайталамады, бір-біріне ұқсамады. Негізі, оркестр ұжымындағы әртістердің кәсіби шеберлігіне байланысты айына 4-5 рет жоғары деңгейдегі концерт өткізуге мүмкіндігіміз бар.

Бүгінгі таңда өнер ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттап, өнердің қазіргі деңгейінен қалып қоймау мақсатын көздейді. Концерттерімізде жұртшылыққа жаңа дүние ұсынып, көрермен қатарын арттырғымыз келеді. Жаңа дүние дегенде біз ортаға шығып билеп жүрген жоқпыз. Шоу деген дүниені музыканың ішінде жасауға тырысамыз. Мұндағы мақсатымыз – түпнұсқасын сақтап, күмбірлеген күйімізді жаңаша жаңғыртып, жаңа бағытта әрлеп, сан ғасырлық саздың сиқырымен өнер­сүйер қауымның көңілін қуанышқа тол­тыр­ғымыз келді.

– Құрманғазы оркестрі қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мерей­тойына арналған  кеш өткізуді әдемі дәс­түрге айналдырған. Биыл  қандай тұлға­лардың рухына тағзым етуге арналған кештер өтеді?  

– Құрманғазы оркестрі – дәстүр жалғастығын, ұрпақтар сабақтастығын сақтап келе жатқан өнер ұжымы. Тұлға­ларымызды еске алуға арналған кештерді өткізу – өнер ұжымы үшін үлкен парыз деп білеміз. Құрманғазы оркестрінде қазақ өнерін өркендеткен бірталай талантты тұлғалардың қызмет еткені өнер ұжымы үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Қолымыздан келгенше олардың мерейлі мерейтойларын атап өтуге тырысамыз. Күй атасы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығын тойладық. Биыл Жаппас Қаламбаевтың 110 жылдығына арналған «Қорқыт сарыны» атты концерт ұйымдас­тырдық. Оқап Қабиғожиннің 115 жылды­ғына, Рүстембек Омардың 100 жылдық мерейтойына орай күмбірлеген күй кешін ұйымдастырдық. Биыл күз айларында Ғарифолла Құрманғаливтің, Шамғон Қажығалиевтің, Сыдық Мұхамеджановтың мерейтойларын атап өтуді жоспарлап жүрміз. Тұлғалардың атап өтілетін мерей­тойлары өте көп. Негізі, тұлғаларымыздың мерей­тойларын атап өтпесек, өзімізді біртүрлі ыңғайсыз сезінеміз. Бабаларымыз­дың басы­на Құран оқытпаған сияқты күй кешеміз. Құрманғазы оркестрін бүгінгі биікке жеткізген барлық тұлғаларымыздың мерейтойларында олардың басына барып, рухына Құран оқытамыз, еске аламыз. Бұл – оркестр ұжымының қасиетті парызы.

 

КОНЦЕРТ КӨРУГЕ АЛМАТЫҒА КЕЛЕТІН ШЕТЕЛДІК КӨРЕРМЕНДЕРІМІЗ КӨБЕЙДІ

– Өнер ұжымы биыл қандай мемлекет­терге гастрольдік сапармен барды?

– Биылғы гастролімізді оркестріміздің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың туған топырағынан бастауды жөн санап, Ақтөбе қаласындағы 1200 орынды кон­церт­тік залда концерт бердік. Қазақ халқының қошеметінен рухани қуаттанып әрі шабыттанып, гастрольдік сапармен Ресей жеріне аттандық. Құрманғазы оркестрі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен Ресей мен Қытай халқын қазақ өнерімен сусындатып қайтты. Мәскеу қаласында «Геликон опера» музыкалық театрында концерт бердік. Айта кетерлігі, «Геликон опера» П.Доминго, А.Бочелли тәрізді әлемге әйгілі әртістер өнер көрсетіп жүрген дүниежүзілік деңгейдегі сахналар санатында саналады. Құрманғазы оркес­трінің бұл концерттік залда өнер көрсетуі үлкен қуаныш.

Тарихы тереңдегі Санкт-Петербург қаласына барып, Мусоргский атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық опера және балет театры – Михайловский театрында концерт бердік. Сондай-ақ, оркестр ұжымы биыл Қытайдың Пекин қаласында өткен «Азия елдерінің өркениет диалогы» атты халықаралық фестивальға қатысты. Аталған өнер мерекесінде әлемнің 40 мемлекетінен өнер ұжымдары бақ сынасты.

Жалпы, соңғы 3 жылды алып қарасақ, оркестріміз гастрольдік сапармен бірқатар шет мемлекеттерге барып қайтты. Шет елдегі гастрольдік сапарымызда ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігі қолдау көрсе­теді. Былтыр желтоқсан айында Испания­ның Мадрид қаласында концерт бердік, көрермендер тамсана тамашалады. Ұлттық аудитория концерттік залы деген үлкен зал бар. Оның акустикалық материалдық базасы өте керемет. Оркестрге бірде бір микрофон қоймай, концерт бердік. Ресейде де дәл солай болды. Әлемнің тарлан талант­тары өнер көрсеткен сахналарда концерт беру біз үшін үлкен мақтаныш. Әлемдік сахналарда сол деңгейде өнер көрсету керек. Бұл – заңды құбылыс. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде, сондай-ақ, Болгария мен Өзбекстанның бірнеше қаласында концерт бердік. Шет мемлекет­тердегі көрермендеріміздің артуы бізді ерекше қуантады. Қазір концерттерімізді көруге келіп тұратын шетелдік көрермен­деріміз де көбейді. Бұл Алматы қаласының туристік имиджіне де игі ықпал етеді. Гастрольдік сапар аясында Ресейде де қаншама көрермен таптық. Біздің концер­тіміз үшін Алматыға арнайы ұшып келетін көрермендеріміз де бар. Қазақтың өнерін көрсету біз үшін үлкен мақтаныш.

– Қазіргі таңда оркестр ұжымында мар­кетинг пен менеджмент жүйесін қалып­тастыру мақсатында қандай істер қолға алынған?

– Біз қазір интернет, әлеуметтік желілер арқылы көп жұмыс істейміз. Қазір сол арқылы өзіміздің концерттерімізді ұйым­дас­тыруға, билеттеріміздің сатылуына, имид­жімізді көтеруге көп жұмыс істеліп жатыр. Құрманғазы оркестрінің сайты бар, бүгінгі таңда сайтымыз жақсы жұмыс істейді. 2018 жылы сайтты 100 мың­нан аса адам қараған болатын. Біз сайтты үнемі басқа ұжым­дардың сайтымен салыс­тырып отырамыз. Қазақстан халқы­ның көпшілігі әлеуметтік желі, фэйсбук, инста­грамға қарайды да, сайтқа көп кіре бер­мейді. Оркестр сайтының рейтингін жақсар­ту мақсатын көздейтін YouTube арнамыз да бар. Қарап отырсақ, соңғы 3-4 жылдың ішінде аталған арна­мызды 800 мың көрер­мен тамашалаған екен. Арнамыздағы көрер­мендеріміз де  бір миллионға жетіп қалды десек болады. Ол да біз үшін бір жетістік. Қазір оны да ары қарай дамыту мақсаты жолға қойылып отыр. Оркестрдің концерт­теріне билет бағасының құнын арттырдық. Афишаларымыздың да дизай­нын өзгерттік.

 

ТУЫНДЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫ МЕН САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

 – Оркестрдің репертуары бұл маусымда қандай жаңа туындылармен толықты?

– Негізі оркестрдің репертуары жыл сайын жаңа шығармалармен толығып отырады. Музыкалық өңдеуші дейді ғой, қазір оркестріміз сол бағыттағы  талантты азаматтармен жұмыс істеп жатыр. Қазір оркестрдің шығармашылығына өте қатты көңіл бөліп жүрміз. «Алтынай» деген күй бар. Бұрын ол ешқашан оркестрде орын­далмапты. Бірақ тек жеке солода қобыз аспабымен оркестрде орындалған бұл күйді оркестрдің репертуарына енгіздік. Оркестр репертуары дүниежүзілік деңгейдегі туындылармен толыққаны абзал. Л.Андер­сонның «Печатная машинка» деген музы­ка­лық шығармасы бар ғой. Әлемдік дең­гейдегі оркестрлер орындаған бұл туынды жаһан жұртшылығының үлкен сұраны­сына ие, қызықты әрі әсерлі. Міне, осындай әсерлі шығармаларды оркестрдің репер­туарына қосып, репертуар қоржынын байытуға барынша тырысамыз. Қазіргі таңда оркестр репертуарына көптеген жаңа шығармаларды қосып жатырмыз, күйлер­мен ғана шектеліп қалған жоқпыз, қазақ­тың әдемі әндері де оркестр репертуарына әдемі әр беруде. Мысалы, «Нурикамал» әнін жаңа өңдеумен қайтадан ұсындық. Эстрадалық нұсқасына қарағанда сапа жағынан біздің туындымыз өте сапалы дүние болып шықты. Әлемдегі кез-келген мықты музыканттар, композиторлар мен өңдеушілерге ұялмай көрсететін дүние болды. Біз оркестрдің ескі шығармалары болсын, жаңа шығармалары болсын бірінші кезекте барлығының сапасын арттыру мақсатында жұмыс істеп жүрміз.

 

LED экранның жақсы да, жаман да жағы бар

 – Қазір жаңа форматтағы концерттерде кештің көркін аша түсу үшін ұйымдас­тырушылар заманауи техникалық құрал­дарға ерекше мән береді. Концерттерде техникалық құралдар арқылы әуенді әрлеп, күйді көркемдеуге қаншалықты мән бере­сіздер?   

– Әрине, оркестрдің концерттік залдағы қызмет көрсету сервисіне де көңіл бөлу керек. Кештің ажарын ашу үшін әр түрлі заманауи жарық пен дыбысты сапалы түрде үйлестіріп, пайдаланамыз. Негізі, қазіргі кезде Еуропадағы шоуларда LED экранды көбіне пайдаланбайды. Қазақ­станда біз қазір оларды көп пайдаланатын болдық. Еуропалықтар үшін LED экран қызық емес. Себебі, олар ол кезеңнен өтіп кеткен. Олар бұрынғы табиғи күйді сағы­нып, сондай күйге әсерленеді. Ал біздер қазір сол кезеңге енді келдік. Біз сахна төрінде әндерді табиғи түрде беруге қайта­дан оралуымыз қажет. Себебі, заманауи техника құралдарын көп қолданудың жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Мысалы, LED экранның жақсы жағына келсек, айтатын ойды, тарихты, жеткізіп, шығарманың әдемі табиғатын ашатын көркем көріністермен үйлестіріп бере аласың. Ал екінші жағын айтсақ, ол жерде музыка жоғалады. Көрермен музыкадан гөрі, экрандағы көріністерге көп назар аударып, кино көріп отырғандай сезінеді. Ол да бір жағынан дұрыс емес. Мысалы, Еуропаның үлкен опералық театрларына халық музыкадан әдемі әсер алу үшін барады. Біз кейде жарықты, LED экранды қолданып, музыканы екінші планға қоя­мыз, ал бірінші планға жаңағы айтқан­дарымыз шығып кетеді. Заманауи жарық пен LED экран күмбірлеген күйлерді әсерлеу үшін әрине керек. Концертте алты қанат киіз үйімізді, ұлан-байтақ даламызды көрсету үшін керек. Бірақ ол күйіміздің деңгейінен аспау керек. Екінші пландағы нәрсе болу керек. Көрермен назарын техника құралдарына аударуға болмайды. Көрермен назары музыканың ішіндегі сиқырлы саз әлемінде қалу керек. Музы­калық шоуды музыканың ішінен ғана жасауға болады.

– Көрермен қатарын арттырудың қандай жолдары қарастырылады?

– Қазақтың мәдениеті мен өнерін әлемге көрсету, дәстүрлі өнерімізді дәріптеу Құрманғазы оркестрінің мәңгілік мақсаты болып қала береді. Біз бүгін жас буын өкілдерімен жұмыс істеуге тырысып жатыр­мыз. Қазір басты назарымыз – жастарда. Жастар ұлттық төл өнерімізден рухани нәр алып өсуі керек. Қыркүйек айынан бастап оркестр жанынан «Құрманғазы оркестрінің Жастар қанаты» атты клуб құру мақсатын көздеп отырмыз. Алматы қаласындағы әр түрлі жоғары оқу орындарындағы талантты жастардың басын қосқымыз келеді. Мұн­дағы мақсатымыз – жастардың жүрегінде ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін арттыру.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілікке көп көңіл бөледі. «Құрманғазы оркестрінің Жастар  қанаты» жобасының тұжырымда­масында еріктілік жұмыстарға ерекше ықылас танытпақпыз. Біз өзіміздің ғима­ратымызда өнерсүйер жастардың басын қосып, қазақтың өнері мен мәдениеті туралы жастарды қызықтыратындай әр түрлі пікірталастар ұйымдастырып, кон­церттерімізге еріктілерді жұмылдырғымыз келеді. Ойлап қарасаңыз, әрбір күйдің өзінің шығу тарихы бар. Жастар күйді тыңдап, тарихын білмеуі мүмкін. Ал тарихын біліп күйді тыңдаған өте әсерлі болады. Жастарды ұлттық өнеріміздің тарихымен таныстырып, өнерімізді өркен­детіп, насихаттау – көңілде көздеген игі ісіміз. Жалынды жастармен жұмыс істеп, жастардың жүрегінде ұлттық өнерге сүйіс­пеншілігін жалындатқымыз келеді. Жас­тардың жігерін еріктілік жұмыстарға жақсы бағыттай білгеніміз жөн. Біз жас­тарды қызықтыратындай дүние жасаға­нымыз жөн. Мысалы, домбыра тартқысы келетін жастар көп екеніне күмәндан­баймын. Міне, солардың арасынан әуесқой оркестр құрсақ деген ниетіміз де бар. Бұл бір жағынан тыңдармандарымыздың, көрер­мен­деріміздің санын арттыра түседі. Екінші жағынан, жастар арасында өнер мен мәдениетімізді насихаттаудың әдемі бір тәсілі болар еді. Ең бастысы, ұлттық тамы­рына жақындататын қазақтың өнерімен, мәдениетімен жастарды сусындатып, ұлттық руханиятымызды діліне дарытуға жұмыс істейтін боламыз. Биыл жастарға ұнайды деген оймен «Наушникпен кон­церт» атты тың жоба дайындап жатырмыз.

 

ОРКЕСТР МҰРАЖАЙЫ АШЫЛАДЫ

– Қазақтың тарихына үңілдіретін «Аманат» концерт-спектаклі жаңа форматта сахналанған туынды. Болашақта бұл жоба жалғасын таба ма? 

– Ән мен күйді, поэзияны әдемі үйлес­тіріп, тағылымды тарихымызбен сабақ­тастырып концерт-спектакль сахналау Ғ.Мүсірепов театрының директоры Азамат Сатыбалды екеуіміздің ойымыздан шыққан дүние. Бір қызығы, бұл идея халыққа жаңа дүние ұсынуды ниет қылған екеуіміздің де ойымызда ұзақ уақыттан бері жүрген екен. Болашақта бұл форматты әр түрлі бағытта жалғастырамыз. Қазақстанда тұңғыш рет жасалған жобаны көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Қазақ халқының тарихымен таныстыратын жаңа формат­тағы бірінші концерт-спектаклімізді гастрольдік сапарларға  шығып, еліміздің өзге өңірлерін­дегі көрермендеріне көрсетуді көздейміз.

– Оркестрдің 85 жылдық мерейтойы аясында қандай игі істер қолға алынып отыр?

– 85 жылдық мерейтойымызға байла­нысты басты мақсаттарымыздың бірі – жаңа ғимаратта Құрманғазы оркестрінің тарихымен таныстыратын музей ашу. Негізі, бұрынғы ғимаратымызда оркестрдің кішігірім мұражайы болған. Біз соны қазір ұлғайтқымыз келіп отыр. Жалпы, қазір қолға алынып жатқан дүниелерді 85 жылдық мерейтойдың аясында көресіздер. Мұражай мақсаты – ұлыларымызды ұлықтау. Қазіргі жаңа ғимараттың ішіндегі әрбір кабинеттің өзі бір музей болатындай жоба жасап жатырмыз. Бұл бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Жалпы, бұл шетелдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұражайға кірген кезде дарынды тұлғаларымыздың  әлеміне кірген сияқты сезінуіміз керек. Тұлғаларымыздың есімін халқының жүрегінде мәңгі сақтап қалу үшін осындай ізгі істер жасағанымыз жөн. Құдай қаласа, 85 жылдық мерейтойымыздың аясында мұра­жайдың ашылу салтанатын ұйым­дастырсақ дейміз.

Қазір нарықтық заман ғой. Біздің басты байлығымыз – өнер ұжымдарын нарыққа бейімдеуіміз керек. Бәсекеге қабілетті болуы­мыз керек. Бұл жерде тек қана концерт қойып пайда таппай, жаңағы музейдің өзінен табыс табудың тәсілдерін қарастыру қажет. Мысалы, шет елдерде бір талантты тұлғаның тұтынған жеке заттарын көрмеге қою арқылы мұражайға туристерді тартады. Біз де осындай тәжірибені қолданып, жұртшылықты қызықтыруымыз керек. Ғимаратымызға келген шетелдік көрермен музыкадан болсын, тарихтан болсын, жалпы барлық жағынан рухани ләззат алып шығу керек. Қонақтар келген кезде, ғимараттың есігі ашылған кезде, ғимараттың тарихы, оның арғы жағында оркестрдің тарихы, ал оның арғы жағында қазақтың тарихы, қазақ өнерінің тарихы тұнып тұруы тиіс. Ұлттық тарихты жасау үшін қазірден бастап осындай дүниелерді жүзеге асыруға талпынып жүрміз.

– Оркестрдің кішігірім мұражайындағы жәдігерлердің арасында қандай құнды дүниелер бар?

– Музей жәдігерлерінің арасында Ахмет Жұбановтың отбасы әкелген жәдігерлер бар. Қазір жәдігерлерді жинап жатырмыз. Музейімізде кезінде көзі тірісінде Дина Нұрпейісованың жеке концертінің афишасы бар. Ол біз үшін ең құнды қазына. Ол афишаға 70–80 жылдай болып қалды. Қазақ КСР-нің 40 жылдығына арнал­ған домбыраларымыз бар. Оркестрі­міздің алғашқы аспаптары бар. Бұлардың барлығы біз үшін құнды қазына. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында оркестр­дің құрамынан арнайы экспедиция құрып, ауыл-ауылды, облыстарды аралап, мұра­жай қорына құнды жәдігерлер жинасақ деген ниетіміз бар. Бұл келешекке керек дүние. Музейге келген көрермен көзі тоя­тындай дүние жасауымыз керек. Биылғы 85 жылдық мерейтойымызға орай аудио­диск жазып қойдық. Алдағы уақытта аудиодисктің 4 антологиясын шығару мәселелері қолға алынып жатыр.

Кейбір мемлекеттердің экономика­сының 50 пайызы туристердің қаржы-қаражатының есебінен толықтырылады. Бізде де сондай деңгейге жеткізу керек. Себебі, бізде де сондай мүмкіндік бар. Қазақтың домбырасы – қасиетті аспап. Қос ішекті қазақтың домбырасында бүкіл әлемнің музыкасын орындай  беруге болады. Біле білсек, бұл әрбір халықта жоқ. Көршілес мемлекеттердің ұлттық аспабы­мен кез-келген шығарманы орындай алмайсың. Олардың ондай мүмкіндіктері жоқ. Домбыраның мүмкіндігі кең, кез-келген әуенді орындауға мүмкіндік береді. Қазақтың қасиетті домбырасын біз әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек.

Құрманғазы оркестрі – кәсіби қазақ өнерінің қарашаңырағы. Өнер ұжымы қазақтың асқақ рухын, рухани дүниесін әлемге көрсетуді көздейді. Ұрпақ сабақтас­тығын сақтап, үлкен тұлғаларымыздың өнер жолындағы  жетістіктерін жалғастыру мұраты шығармашылық ұжымды бола­шақтағы ұлы мұраттарға жетелейді. Бұл мақсат өнер ұжымын біріктіреді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Балнұр АХМЕТ.

almaty-akshamy.kz

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...