19 қазан – қазақтың қайсар қаламгері, көрнекті жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың туған кү...
АЛМАТЫДА ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТЕДІ
20 сәуір күні Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Көкек айы - Гүлстан..." атты шығармашылық кеші өтеді.
Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өтетін кешке қазақтың белгілі ақындары мен өнер жұлдыздары қатысады.
Еліміздің әр өңірінен жиналған танымал ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңін оқып, жырдан шашу шашпақ. Атап айтсақ, Темірхан Медетбек, Исрайл Сапарбай, Мереке Құлкенов, Әбубәкір Қайран, Қасымхан Бегманов, Жәркен Бөдеш, Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбай, Темірғали Көпбаев, Мұрат Шаймаран, Жарас Сәрсек, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан, Бақыт Беделхан, Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Қалқаман Сарин, Ержан Жұмабек, Жанат Жанқашұлы, Мерей Қартов сынды танымал ақындар кеш көркін қыздырмақ.
Сондай-ақ, Елена Әбдіхалықова, Еркін Шүкіман, Қадырғали Көбентай, Ершат Қайырхан, Гүлия Сағидоллақызы секілді өнер қайраткерлері Тыныштықбек ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқайды. Ақынның "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа кітабы да сатылымға шығады. Кештің басталуы: сағат 16:00-де.
Айта кетсек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - 1953 жылы 20 шілдеде Семей облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1994 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірген. «Абай ауылы» газетінде, Абай мұражайында жұмыс істеген.
«Ақшам хаттары», «Рауан», «Қас Сақ Аңқымасы» атты т.б. жыр жинақтарының авторы. 1993-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. «Ақшам хаттар» (1990), «Ырауан» (2000) жыр жинақтарының авторы. 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Қас Сақ Аңқымасы» атты философиялық еңбегі шықты. 2017 жылы "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа кітабы жарық көрді.