Заида Елғондинова. Ұлы дала рухы

ӘДЕБИЕТ
5025

Мұқылай* батыр туралы жыр


«Мұқалы Шыңғыс ұсынған алтын тақтан гөрі тұлпарды тақымдағанды дұрыс көріпті. Нәтижесінде теңіздей толқыған Қытайдан асып, қазіргі Виетнам жеріне дейін жеткені тарих қойнауынан жарыққа шығып жатыр. Осынау ұлы тұлғаның өр рухы бүгінгі қазақтың рухына күш берері талассыз.»


Напыл Базылхан,  моңғолтанушы

                      

Бірде-бір кем емессің көп батырдан,

Қалқан боп қарсы тұрды оққа тұлғаң.

Болаттай қайта балқып алмас болдың,

Ерлігің жетті бізге жат ғасырдан.


Мұқылай, жауға атылдың қабыландай,

Көзіңді сары даланың сағымы алдай.

 Қаһарың басылмады, өр баһадүр,

Алмадай дұшпан басын қағып алмай.


Көк тәңір оғланының оңдады ісін,

Көк бөрі жауға бермес соңғы арысын.

Қазақтың Гераклі, қайран батыр,

Сахараның жайдақ мінген жолбарысын!


 Өр кеудең көне тибет қодасындай,

Болмысың бес биенің сабасындай.

Кеңдігің он жүздікке опа берген,

Онон мен Керуленнің жағасындай.


Қайлаң бар ұлы Цезарь қайласындай,

Намысың Ескендірдің алмасындай.

Жігерің дұшпаныңа жаудай тиер,

Тасыған Керулен, Онон арнасындай.


Жорықта тарпаң тағы бурадайсың,

Дұшпанды ақ алмаспен туралайсың.

Үйірін жауға бермес абадандай,*

Гоандық атағыңды бұлдамайсың.


 Тобыңда тайлақ бота шайнамайсың,

Мергенсің садақ тартқан Айға абайсыз.

 Аңкөс қыран, бүркіттей алғырым-ау,

Жау көрсең, жарағыңды сайлағансың.


Жігерің жорық кешті. Дабыл шыңдай,

Жасағын торғын* әскер ауырсынбай.

Тауына Бурхан-Халдун* бауыр бастың,

Қайыспас құзарда өскен самырсындай.


...Кез оқпен*дұшпаныңды шаншып аттың,

Қасалы* қолқа қапты, тамшылап мұң.

Ысқырма* әп жыландай жау қосынын,

Жайпады. Аза тұтты қансырап Күн.


Үстіңде берен сауыт. Бораттың оқ,

Тажалды кербез садақ таратты бек.

Қытайға аш бөрідей ауыз салдың,

Қайыспас қайратыңды жаратты Көк.


Ажалға абайсызда тақады іргең,

Сөз тосып, қазақ едің бата білген.

Жат жерде мәңгілікке бақи кештің,

Шаңқ етті көкке шапшып баһадүр дем.


Батырдың бастан кештің қызық күйін,

Болмадың дүниеқор, тізіп тиын.

Өмірің жорықпенен өтті батыр,

Жас бала, естен шығып үзікті үйің...


Мұқылай* есімін тарихшылар бірде Мұқали, бірде Мұқалы, бірде Мұқылай атап жүр. Біз 1979 жылы Баян Өлгийден шыққан «Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітапқа сүйене отырып, Мұқылай деп алдық. 

Абадан* -қасқыр үйірінің топ бастаушы арланы.

Торғын әскер*-Шыңғысханның ең сенімді жасағы.

Бурхан-Халдун тауы*-Шыңғысханның тәңіріне жалбарынатын жері болған. (Моңғолияда)

Кез оқ* -шаншып ататын аламан оқ.

Қасалы, ысқырма*-кез оқтың түрлері.


ТҰЛЫМДЫ ҰЛДАР ТУЫН ЖЫҚПАҒАН


Балбалдар төкті-ау талай шықтарын,

Сарбаздар өтті-ау талай шу салған.

Қазақтың даңқы қалай шыққанын,

Бір айтса, айтар дала бусанған.


Алдаспан ажал шын қысса дағы,

Тұлымды ұлдар туын жықпаған.

Қорғаған олар Шыңғыс қағанды, 

Уын жұтқанда уылжып ғалам.


Елсізде қалған қирандылары,

Тіл бітсе айтар хан сарайлары.

Билеген олар Иранды дағы,

Желпілдеп желмен он сан айдары.


Тіл бітсе айтар, сірә, жусан да,

Тағдырдың бастан қалай ұрғанын.

Қызмет еткенін Хулагуханға,

Бағдатты алғанын талай ұлдардың.


Жаудырап жаудан жапырылды шалғын,

Керулен, Онон жағасындағы.

Тәуелсіздік аңсаған батыр ұлдардың,

Тарих берер бағасын әлі!


Арыстан жүрек, айбарлы ұлдар,

Айналды енді төбе, обаға.

Ақша мен мансап арбаған құлдар,
 Түсе алмас бүгін додаға!



СПИТАМЕН БАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР


 ТҰЛҒАСЫ КӨРКЕМ ЖАС БАТЫР


«Спитамен, Сыпатай шамамен біздің заманымыздан бұрын 345-326 жылдары өмір сүрген сақ қолбасшысы. Спитаменнің басшылығымен сақтар жаулаушы Александр Македонскийге үш жыл бойы күшті қарсылық көрсетті».


Садақкердей сартылдап,

Наркескендей жарқылдап.

Ақ кіреуке көк сауыт,

Шынжыр бауын алтындап.


Қарағайдан найза саптатып,

Алмаспен оны аптатып.

Көкірегіне шарайна,

Иығына жақ батып.


Алсарыдай* алқынып,

Бір өзі жаудан артылып.

Құранды қос саржаның,

Кірісіне* зар тұнып.


Дұшпанның қайтпас беті деп,

Қан майданның өті деп.

Жан-жүрегі қабарып,

Шағырмақ бұлттай сетінеп.


Түнде ұшатын оқпақтай*,

Көкті көктер шақпақтай.

Шой желкесі тоқпақтай,

Жауырыны қақпақтай.


Мысын баспас мың ділдәң,

Дауысы құлақ тұндырған.

Соқса бір сілтеп жұдырығы,

Атанның белін сындырған.

       

Көкірегін кернеп қатал жай,

Дұшпаны бірден бата алмай.

Тұлғасы көркем жас батыр,

«Қу сұлтаны саһардай».


Алсары* –дала құсы 

Кіріс* –жақтың тартпа бауы, кермесі, адырнасы.

Оқпақ*–қамыс арасында тіршілік ететін өте сақ, бірден көзге түсе бермейтін түнде ұшатын құс.



 ТҰМАР ХАНШАЙЫМ ТУРАЛЫ ЖЫР


Келді кезең тізгінді мығым ұстар.

Өтті бастан жан төзбес құбылыстар.

Шаужайыңа жармасып шайтан біткен,

Адымыңды тұсады ыбылыстар.


Босамадың бопсаға ырық кетіп.

Көкірегің қанжоса шұрық тесік.

Баһадүр ме дегенің албасты боп,

Қас болат па дегенің шіріп кетіп.


Айға білеп ақ жүзін алдаспанның.

Басын алдың сатқынның, алжасқанның.

Омақаса құлаған нән арқардай,

Әуселесін көрдің сен марғасқаңның.


Сенім артқан, сен сенген асыл кісің.

Келді сені әйел деп басынғысы.

Арыстандай нар тұлғаң бордай тозып,

Аш бөрідей қан қақсап ашыды ішің.


Қалың шаңға қан жылап көміліп қыр.

Балбал тастар елсізде егіліп тұр.

Қас батырға бітетін түкті жүрек,

Хан көтерді қайыспас өр рухың.


Тебінгідей болғанша темір етік.

Қыз жаныңды ханшайым еңіретіп.

Жауласқанның жүрегін суырып ап,

Қастасқанның сүйегін көмір етіп.


Сақ еліне алынбас қорған болдың.

Қанша патша хандарға арман болдың.

Дұшпаныңа қып-қызыл өрттей тиіп,

Қомсынғанға қайыспас орман болдың.


Зомбалғадай сілтелдің зомсынғанға.

Алдаспан боп сөйледің қорсынғанға.

Қабырғасы сақтардың күйрер ме еді,

Қансоқтаға шыдамай сен сынғанда?!



Жорық


Алтын қалпақ* басында,

Жарқылы ұқсап жасынға.

Бадана* киген батыры,

Ер қосыны қасында.


«Батыр аңғал, ер көдек»,

Қамданып жаудан ертерек.

Алтын жақты айбалта,

Қас жауына сермемек.


Екітүгей* ат мініп,

Күмістен ерді шапқызып.

Сүмбі сүңгі жастанып,

Ертоқымын тақ қылып.


Садақсандай* шарқұрып,

Адырнадай тартылып.                                          

Түн күзетті Тұмар қыз,

Көз ілуді ар қылып.


 Есікте тұрды ебесі*,

Қылшанда* тұрды жебесі.

Жанына тыным бермеді,

Қастасқан жаудың немесі.


Жамшы* тонын жамылып,

Қара ойлардан сабылып.

Кірпігіне тұнған көз жасын,

Саусағымен таң іліп.


Жүрегі ойдан езілді,

Таң алдында көз ілді.

Кирдің сөзі есінде:

«Оям деген көзіңді!


Қабырғаңды күйретіп,

Жабыдай қып үйретіп.

Ат артына салармын,

Бұрымыңнан сүйретіп!


Қасарыссаң міз бақпай,

Сүйретермін тулақтай.

Маған әйел боларсың,

Күллі әлемді шулатпай!»


...Атып тұрды аһ ұрып,

Аруағын ханша шақырып.

Шайқасқа кірді тастүлек*,

Тырнағын жауға батырып.


«Аламан жорық киімі»,

Көк тәңірдің сыйы ұлы.

Үзбелі күміс зереден*,

Жарқ-жұрқ етіп иығы.


Көктүбіттей* мысы бар,

Дұшпанын көрсе ұшынар.

Өн бойында ханшаның,

Он барыстың күші бар.


Талай елді жаулаған,

Аш қорқаудан аумаған.

Өлекшін* қасқыр емізген,

Қылышынан қан саулаған.


...Жаралған тастан жүрегі,

Қанқұйлы жауыз Кир еді.

Бұл да осал жау емес,

Жеңімпаз патша бірі еді.

Алтын қалпақ*-алтыннан жасалған дулығаның бір түрі.

Бадана*- батырлардың соғыста киетін қорғаныс киімі. Сақина торлы болат сауыт.

Екітүгей*-сауырлы келген, батырлар мінетін міністі ат.

Садақсан*-бүркіттің бір тегінің атауы.

Ебей* -есіктегі күң.

Қылшан* -оқ қабы.

Жамшы* -жамылғы. Желең жамылатын тон.

Тастүлек*-төрт жасар бүркіт.

Зере*-сауыт. Зере сауытты көбінесе мыс, қола, жез, күміс сияқты жылтырауық шығырларды үзбелестіру арқылы жасаған. Зере сауытты әскербасшылары, атақты хандар киген. 

Көктүбіт*-алты жасар бүркіт.

Өлекшін*-қасқырдың ұрғашысы. Кир патшаны көк бөрі емізіп асырап өсірді деген аңыз бар.



Шайқас. Жеңіс


Алтын жақты айбалта толғай-толғай лақтырды,

Жұтқыншағы кебірсіп, езуіне қақ тұрды.

Жаудың құнсыз байрағын,

Қызыл отқа жаққызды.


Желекті найза қолға алып, ат үстінде теңселіп,

Жекпе-жекке шықпаққа, өзіне таппай тең серік.

Қойға тиген қасқырдай, дұшпанның көзін ашқызбай,

Жолбарыс жүрек ханшайым жау қосынын еңсеріп.


Жасындайын жарқылдап, найзасына ту іліп,

Арыстандай арқырап, жау апшысын қуырып.

Күшіген жүнді сұр жебе адырнасын аңыратып,

Қынабынан ханшайым алмас қылыш суырып!


Басын алды патшаның, әйелсің деп есірген,

Шаңқ етті көкке шеулідей* кеудесін қысқан 

 жесір дем.

Сәурік айғыр сияқты, білмейтін иман, ұятты,

Кирдің басы домалап жерде жатты кесілген.


Тұмар сұлу ханшайым, аңғал да батыр, арлы еді,

Патшасы болды сақтардың, көк тәңірдің пәрмені.

Намыс үшін Тұмар қыз жан берісіп, жан алды,

Шайқаспен өтті ғұмыры, ар-ожданы, бар демі.


Өтті де кетті ғасырлар, келместе күні кешкірген,

Тұлпарының дүбірі әлі күнге естілген.

Ар-намысын бермеген, болат семсер сермеген,

Ханшайымы сақтардың сөйлейді маған есті үнмен.


Әйел еді, патша еді, артық та болса күйі елден.

Жорық кешіп жапанда, сүңгісіне сүйенген.

Жырын естіп Тұмардың, әнін естіп тым арлы,

Қазағымды, халқымды сол Тұмардай сүйем мен!


Шеулі*-ұрғашы бүркіт.



Қорқаулар


Қаруым жоқ қорқаулардың бәрі үстем.

Көз алдымда аласарды зор таулар.

Жемтік іздеп қара түнде қан ішкен,

Сары далада жортады енді қорқаулар.


Тышқан аулап тыным таппай ездері.

Апанына жемтік тасып әр сақтан.

Қызыл көрсе қанталаған көздері,

Сүмеңдейді шиебөрі қарсақтар.


Көк бөрінің қанға жерік обыры.

Қырда анау қадірі жоқ жүр шұбап.

Арланбыз дер шиебөрі тобыры,

Жемтік көрсе шәуілдейді қыңсылап.


Қодас кеуде, аран ауыз, жалмауыз.

Сақылдаған тісі тимей көк етке.

Аш бөрілер азып кетсе қандыауыз,

Айналардай қотан маңы төбетке.


Өмір маңып бара жатыр адасып.

Бөрінің де бүгін мүлде сыйы өткен.

Ошақ бағып ырылдасып таласып,

Итпен бірге жапырлайды сүйекке...


Көкбөрінің ұрпақтары азғасын.

Шибөрі боп ши түбіне үреді.

Ұлы дала құдіреті тозғасын,

Суылдайды суыр көрсе жүрегі.


Тарылған соң бөрінің де өрісі.

Арланы да, қорқауы да тышқаншыл.

Тыншымайды қандыауыздан ел іші,

Өрлігі жоқ еркектердей ұстамсыз...


Ішімдегі запыранды ақтардым.

Азған анау көк бөріден түршігіп.

Ұлы аруағы қара түнде сақтардың,

Тыншымайды күңіреніп, күрсініп...


Заида ЕЛҒОНДИНОВА, 

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, 

«Құрмет» орденінің иегері.