Баспасөз үйін Шерағаңның атымен атайық!

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
4104

«Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Қазбек Құттымұратұлының 2017 жылдың желтоқсан айында бас басылымда «Оралға келсең, Қадырдың үйіне бар...» атты мақаласы жарық көрді. Сол мақаласында журналист «Әрине Қадыр ақын қашанда ел-жұртының құрметінен кенде болмаған. Тіпті көзінің тірісінде ақынның есімі туған жеріндегі орта мектепке беріліп, өзі ол жерде талай кездесу өткізген. «Дүниеден өткеннен кейін бес жылдан соң...» деген тәртіп Қадырға жүрмеді. Ол дұрыс та еді. Ақынның ел-жұртпен соңғы кездесулері де туған жерінде – Орал қаласында өтті. Шау тартқан ақынның жүзінде шаршау мен шаттық аралас жүріп еді сол кезде.

Дегенмен, ақынға деген ең үлкен құрмет – Орал қаласында 2015 жылы ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы дер едік.» деп жазды. Осылайша Оралдықтар ұлт тұлғасын ұлықтаудың озық үлгісін көрсетті. 

Өткен жылдың қазан айы қазақ руханияты үшін оңай болған жоқ. Журналистиканың қара нары, әдебиеттің қызыл жебесі, намыстың найзағайы, ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырағы атанған Шерхан Мұртаза кем дүниеден кең дүниеге аттанып кете барды. Алланың әміріне қарсы тұрар адам баласында дәрмен жоқ әрине. Қайғырдық, қара жамылдық. Ел болып, жұрт болып атпал азаматты ақтық сапарға аттандырдық. Қаралы митингте талай тамаша ойлар, пікірлер, ұсыныстар айтылды Шерағаң хақында. Оның барлығы әрине ұлт руханиятының ұлы тұлғасын ұлықтау жайында болды. Осы тұрғыдан алғанда халық жазушысына құрмет кіндік қаны тамған Жамбыл облысынан бастау алса деген ой бар. Оралдықтар жүзеге асырған игі іс біздің облыс басшыларының да қолынан келетініне сенімім зор. 

Мәселен, Тараз қаласының Орталық алаңында орналасқан «Баспасөз үйінде» бұл күнде ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» қоғамдық-саяси газеттерінің, республикалық әдеби-көпшілік «Жамбыл» журналының редакциялары жайғасқан. Ал, жыл басында Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесі де осында келіп қоныс тепті. Шерағаң көзі тірісінде елге келгенде осы ғимаратқа талай соққан. Талай шығармалары осы басылымдарда басылған. Әріптес іні-бауырларымен талай әңгіме дүкен құрған. Былайша айтқанда табанының ізі, қолының табы қалған ғимарат. Айтпағым, осы ғимаратты жәй ғана «Баспасөз үйі» демей «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі» десек қандай жарасымды болар еді?! Географиялық тұрғыда орналасқан жері де әдемі. Қаланың қақ ортасы. 

Бұл ұсынысты облыс әкімі Асқар Исабекұлы да қолдайды деген ойдамын. Ол кісінің идеология саласына жауапты орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы да ел мен жердің мүддесін бәрінен жоғары қоятын азаматша. Оның үстіне дәл осы онамастика мәселесіне жауапты басқарманың экс басшысы ретінде тереңінен түсінері сөзсіз. Рас, дәл қазіргі таңда Сұлушаш Сәтбекқызы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғалы бері әлгі басқармаға әлі басшы келген жоқ. Бәлкім осы екі желеу, бір сылтаумен басқарма басшысын жылдамдатып тағайындап, жаңа басшының алғашқы міндеті ретінде «Баспасөз үйіне» Шерағаңның есімін беруді шегелеп тұрып тапсырып жіберсеңіздер нұр үстіне нұр болар ма еді деген ой ғой. 

Сіздер не дейсіздер?

Бекнур Сатыбалдиев

author

Шерхан Мұртаза

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...