(М.Мақатаев поэзиясындағы туған жер, Отан, табиғат тақырыбы)Ұлы Абай негізін қалап кеткен қазақ жазб...
Ерболат Баятұлы. Кек (Әңгіме)
Шәріптің қыстық үйіне еңкейіп, екі бүктетіліп кіресің. Маңдайшасы қандай аласа болса, табалдырығы да сондай биік. Қарағайдан қиып салған екі бөлмелі дөңбек үйдің ауызғы бөлмесінен көңнің иісі шығатын. Көктемде төлдеген қозы – лақтарын осында байлайтын. Төбедегі кішкентай терезеден түсетін күннің жарығы да әлсіз. Сол жақ босағаға брезенттен шымылдық тұтқан. Оны Шәріптен басқа ешкімнің түруіне қақысы жоқ. Өйткені оның ар жағында самсап тұрған қасқырдың терісі бар.Тұмсықтарынан тізіп ілген қасқыр терісі аласа дөңбек үйдің бойымен бірдей болып, құйырықтары шұбатылып жататын. Шәріп – осы өлкеге аты шыққан сұр мерген аңшы, тегі тыва жұртынан. Баяғыда Алтай жаққа әлде бір себептермен көшіп келген ақ соянның ұрпағы. Қазақшаға да судай. Қазақтар мұны «қасқыр Шәріп» деп те атайтын. Алты атарын асынып алған Шәріп жылдың төрт мезгілінде де үй бетін көрмейтін. Үйдегі әйелі, төрт баласы, жалғыз кәрі шешесі өз тіршіліктерін өздері құрап отыра беретін. Бір келгенде ұн –шайын әкеп тастайтын. Бұл жоқта үйін талай рет қасқырлар торуылдаған. Адамнан ықпаған қасқырлар күндіз де көрініп жүретін. Қораның тап желкесіндегі жалама жартастың биігіне шығып алып, таң атқанша ұлыған түндері де болған. Үйдегілердің зәреқұты қашатын. Байқұс кәрі шешесі таң атқанша бұрқынына* сыйынып шығатын. Жалғыз баласы Шәріптің амандығын тілейтін. Өткенде бір дастархан басында кең отырғанда, - Балам, ес білгеннен бергі ғұмырың аңшылықпен өтіп келеді. Тау –тасты кезіп аз жүрген жоқсың. Әр нәрсенің шегі болады. Сөзімді тыңдасаң, ақылымды алсаң осыны енді доғар. Қашанғы тас түбінде отырамыз. Елдің іргесіне жақындап қонайық. Өсіп қалған балаларың бар. Соларды ойла. Түздің тағысын сен құртып біте алмайсың. Қасқыр киелі аң. Киесі ата ма деп қорқамын – деген. Шәріп мырс –мырс күлген де қойған. Сосын аз ойланып отырып, - Шеше –ау, осы менің аңшылығымнан не жаманшылық көрдіңдер? Бізді асырап отырған қасқырдың терісі емес пе?.. – деп сөзін сүзбебуаздатып тастай салған. Кешеден бері мылтығының оқпанын, шақпағын сүртіп, майлап, ұңғысын тазалап тағы бір жортуылға дайындығын қамдаған. Ертесінде азық –түлігін жарау торы атының қанжығасына байлап аттанып кеткен. Бағыты Ақсу. Сайдың ішін қуалап суық жел үрлеп тұр. Таудың биік жондарында сіресіп қар жатыр. Аспанда ала шұбар ғана бұлт бар. Осы аяңымен қаптата жүрсе түс ауа Ақсудың да алқымына ілініп қалар. Ат үстіндегі жалғыз жолаушыға ой үйірсек. Расында шешесі байқұс айтса айтқандай. Осы бір тірлік мұны да қажытып бара жатқан сияқты. Қасқырдың терісіне бұрынғыдай тапсырыс та жоқ. Әншейін бір ермек демесең, аңшылықтан қайыр шамалы енді. Осы сапарынан кейін бір жолата қойсам деген байламға келген. Қасқырдың қалған он терісін орыстың гранына** жақын отырған тамыры Тастанбек арқылы Жазатыр жаққа өткізіп жіберсем болды деген ішкі есебін де ойлап қойған. Кенет ойына алаң –елеңде көрген түсі оралды. Осыдан ай жарым бұрын Ақсудың теріскейіндегі Қызыл қиядан көрген қызыл қасқыр. Солаңдап алдын орай жүрген қызыл қасқыр анадай жерге барып шоқиып отырған. Бұл мылтығын оқтап жақындай түскен. Жаяу екен. Ойпырмай-ай, атым қайда қалды деп ойлайды екен. Жақындаған сайын әлгі қасқыр еркелеп, құлақтарын жымқырып, сабаудай ұзын құйырығын бұлаңдатқан. Енді бір сәт аппақ тістерін ақситып ырылдаған кейіп танытқан. Жоқ бұл қасқыр емес екен. Қап –қара, ұзын шашын тарап отырған қызыл көйлекті қыз екен. Сондай сұлу. Бала ғашығы Арунаға ұқсайтын сияқты. Ұқсайды емес, дәл өзі. Оны көрмегелі қай заман. Бұл кезенген мылтығын жанына жай алып жақындай бергені сол еді, қыз дәу қасқырға айналып тап берген. Жанұшырып айқай салған. Өз дауысынан шошып оянған Шәріп аунақшып ұзақ ұйықтай алмай жатты.
...Күн екіндіге еңкейіп қалған. Ақсудың дарасын түгел тінтіп шыққан. Қызыл қасқыр көрінбеген. Тастың түбіне отырып, жүрек жалғаған Шәріп торы атына қайта мініп тіп –тік шағылдың етегінен айнала берген. Аты оқыс осқырынып, сол жағынан үркіп қалған. Есікпен төрдей болып созылған қызыл қасқыр «мені көрдің бе» дегендей асықпай қозғалып, тепсеңге қарай кетіп барады екен. Бұл жалма –жан мылтығына жармасқан. Мүлт кетті. Бірінші оқ шаңқ етіп тасқа тиді. Атынан ырғып түсіп, жүрелей отырған қалпы құлақшекеден көздеген. Оқ дарыды. Бірақ, құлақшекеден емес. Беломыртқадан тигендей болды. Қиралаң етіп бір құлап түсті де, қайтадан бойын тіктеп алып, қанжардай тістерін ақсита ілгері шапшыған. Бұл соңына түскен. Әп –сәтте шағылдан әрі өрлей тырмысқан қасқыр сандықтай тастың тасасына жоқ болған. Аңшы қасқырдың оң жағын орай шағылға тіке тартқан. Бұл енді шағылдың үстіне көтерілгенде қасқыр бұдан да қия, күдірге қарай өршелене ұмтылған. Қайраты әлі мықты секілді. Ұлы кеудесіндегі күш пен ыза оқ үзіп кеткен белі мен бөксесін биікке қарай тартып барады. Тісін қайраған аңшы да соңынан қалар емес. Оңтайы келсе енді бір оқпен жайратып салмақ. Бірақ қапысын таппады. Тағы бір оғы зая кетті. Қолы дірілдеді, әлде көзі бұлдырады. Бұрын мұндайы жоқ еді. Екеуі де беріспеске бекіген. Анау тұрған биік шыңға қарай жанталаса ұмтылған қасқыр бұған алдырар емес. Етекке қараса аты көрінбейді. Жартастың далдасында қалған болуы керек. Қызыл қасқыр күртік қарға малтығып, шыңның мұзды беткейіне қарай өршеленіп барады екен. Ол да бір сәт дамылдағандай болған. Тұлыптай басын көтеріп, бөксесін қарға малып отырды. Осыдан оңтайлы сәт табылмайды. Әнтек ара қашықтық біршама алыс. Шәріп дымын ішіне тартып, ұзақ көздеген. Алты атардың күрс еткен дауысы тауды жаңғырықтырды. Тиді. Жоқ тиген жоқ. Аңшының көзі бұлдырап кеткен. Жалп етіп құлаған секілді болған қасқыр, созалаңдап қайта тұрып, мұзды шағылға жабысып қалған. Бұдан әрі өрмелеу аңшының өзіне де қауіпті. Сүт пісірім уақыт мұзға жабысықан қасқырды аңдыған. Тырп еткен жоқ. Өлдіге санған. Расында бел омыртқасынан жараланған қызыл қасқыр құлақ шекеден тиген соңғы оқтан мерт болған. Екі аяқты пендеге терісін алғызғысы келмеген ол Алтайдың мәңгі мұздығына дейін жетіп, сонда жан тәсілім етіп еді. Мұзды шағылға жармасқан қалпы от шашқан көкшіл көздерінде Алтайдың қысқы ымырт кеші, талауырап батып бара жатқан күп –күрең күн аунап түскен болатын.
Таудың ішін қараңғылық қымтай бастаған. Аяғы тайып жазатайым шағылдан құлаған аңшы мылтығынан айрылып, оң аяғынан майып болып үйіне әзер жеткен. Шор болып біткен аяғын аңсаңдай басып от басында отырып қалған. Арада алты жыл өткен. Былайғы жұрт Шәріптің аңшылығын да ұмыта бастаған. Шәріптің өзі де. Ескі досы ғой, үлкен ұлын жұмсап қорым тастың арасында қалған мылтығын алдыртқан. Ол содан бері төсегінің тұсында ілулі тұрған. Аңшылықпен бірге Шәріптің үйінде тіршіліктің кетеуі кеткен. Шешесі о дүниелік болды. Торы атын былтыры қасқыр жәукемдеп кеткен. Тобан аяқ Шәріп жаяу қалған. Мұңшылық пен жоқшылық меңдеткен баяғы аңшы ескі мылтығын иығына іліп, бұзаулы сиырын жаяу айдап шыққан. Қыстауына қарай. Кеш түсе ілінемін ғой дегені бекер болды. Күздің ызғары мортық аяғын қақсатып жүргізбеген. Түн қараңғылығында қалған. Көзге түртсе көрінгісіз. Тішкесайдың ауызында мұны үйірлі шиібөрілер қамаған. Ескі мылтық от алмаған. Бұзаулы сиыр түн ішінде мөңіреп қыстауға өздері келген. Ертесінде Шәріпті іздеген адамдар Тішкесайдың ауызында бұтаға ілініп қалған оның екі етігінің үстінен түскен. Шәріптен басқа жұрнақ та, белгі де қалмапты. Қасқыр адамның алақаны мен табанын жемейді деуші еді. Ол бекер екен. Әлде шиібөрілерге бәрі бір ме? Қаптаған шиібөрілер ескі мылтықтың ағашын да қажалап, кеміріп кеткен екен. Осы кезде шиібөріге айналған Шәріптің рухы мөлиіп қарап, жалпақ қара тастың үстінде отырған болатын. Бірақ оны ешкім де көре алған жоқ еді.
* будданың құдайы
** граница
27. 06. 16