Кешкі шәй ішіліп, отбасының күндізгі күйбең тіршіліктен бір сәт бой суытқан мамыражай шағы еді. Есік...
ҚАДЫРДЫҢ ҚЫЗҒАНЫШ ТУДЫРҒАН ҚОЛТАҢБАСЫ
Оқуға түсіп, жатақханадан орын алып, мәз-мейрам болып жүрген кезіміз. Көктем шыға вахтада отыру кезегі маған бұйырған күн еді. Маңдайы жарқырап, шашы иығына қарай бұйралана төгілген жігіт ағасы кіріп келді. Бірден таныдым. Ақын — Қадыр Мырза Әли. Орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін. Өмір бойы кітаптан, газеттерден оқып келе жатқан ақынды тұңғыш рет «тірідей» көргенде қандай көңіл күйде болғанымды қайдам, бірақ қатты қуанғаным есімде.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
«Өнерде бай да, бек те болмайды…»
Журналистика факультеті мен филология факультетінің дайындық бөлімінде оқитын тыңдаушылармыз. Ол кезде біздің топтағы қыз-жігіттер – бәріміз Қазақ мемлекеттік университетінің филфакқа берілген №8 жатақханасында жататын едік.
Қадыр аға баппен келіп қатар тұрған үлкен жұмсақ орындыққа жайғасты.
– Жағдайларың қалай? Бәрі дұрыс па? – деді маған.
– Жақсы, бәрі дұрыс, аға! Біреуді іздеп келдіңіз бе? – деп пысықсындым.
– Бәріңе келдім, – деп күлді Қадыр аға.
Оқуға енді түсіп, алғашқы сабақ басталған уақыттар еді, ақын ағамыздың мұнда дәріс беретінін, оқытушылардың жатақханаға кезекпен келіп, тексеріп кетіп тұратынын қайдан білейін…
– Аға, менде сіздің кітабыңыз бар еді… Екінші қабатқа жүгіріп барып келейінші, естелікке қолтаңбаңызды жазып берсеңіз, – дедім.
Ұшқан құстай зулап барып, кітабын алып келдім. «Қорамсақ».
– Қаламсабың бар ма? – деді. Спорттық киіммен жүрген едім:
– Қазір, аға. Алып келемін, – деп, бұрыла бергенде:
– Тоқта!, – деді, ішкі төс қалтасына қол салып жатып. – Баяғыда бір кісі баласын көршісінің үйіне балта әкелуге жұмсапты. Барып келген баласы: «Балта жоқ дейді», – десе, әкесі: «Өй, солар да бір… Әкелші өзіміздің балтаны!», – деп, балтасын алдырған екен. Өз балтамыздың жүзі қайтпасын деген ғой…
Күлімдей қалжың айтқан Қадыр аға қалтасынан өзінің қаламсабын алып:
– Атың кім? – деді.
– Әнуарбек!
– Оңтүстіктенсің бе?
– Жаңақорғаннанмын…
– Ол да оңтүстіктен алыс емес. Адамның қай жақтан екенін көбіне атына қарап-ақ аңдай беруге болады. Оңтүстік жақтағылар, негізінен, ат қойғанда «бай», «бек» деп қосып атайды. Батыс жақтағылар «ғали», «қали» дегенді қосады, – деп, Қадыр аға кітабына қолтаңба жазып берді. Қолтаңбасы жаңағы сөзімен сабақтасып жатыр екен…
«Әнуарбекке!
Өнерде бай да, бек те болмайды. Өнерде құл ғана болады. Өнердің құлы бол!» деп қол қойды.
Бұл – 1981 жылдың көктемі болатын.
Градация деген не?
Бірінші курста «Әдебиет теориясы» пәнінен ақын Қадыр Мырза Әли сабақ береді дегенді естігенде, таныс ағам дәріс беретіндей қуандым. Бекер қуанбаған екенмін, небәрі бір оқу жылының ішінде бес жыл бойы оқыған адамдай нәр алып шықтық. Қадыр ағаның жүріс-тұрысы, болмысы қандай бөлек болса, жүргізген дәрісі де өзгеше еді. Өзінің тым қарапайымдылығымен, сабақ беру тәсілімен, бәрінен бұрын, тым көп дүние білетіндігімен және соны соқырға таяқ ұстатқандай етіп, көңіліңе қондыра салатындығымен таң қалдыратын.
Ол кісінің сабағы өте көңілді өтеді. Әзіл-қалжыңын қоса айтып отырып, пән айналасындағы керек дүниемен байланыстырып жібергенде, лекциясын жазып-сызып отырмай-ақ, жаттап аласыз. Қарапайым ғана бір мысал айта кетуге болар деймін…
Қазіргідей емес, кеңестік кезеңде көркем әдебиетке ерекше мән берілетін. Әдебиеттің көркемдігіне! Сондықтан қазақ әдебиеті де көркем болатын. Оны оқыған оқырмандар да көркем кісі болып қалыптасуға талпынатын.
Қадыр ағамыздың бір сабағы осы әдебиеттегі көркемдеу тәсілдеріне арналып жатты. Басқа бір оқытушы болса, кім біледі, әдеттегідей кітаптағы дүниелерді ғана айтып қоя салар ма еді. Мысал үшін оны да еске сала кетуге болады. Бұл туралы кітаптан алынып, Википедияда берілген түсініктемені оқырмандарымызға ұсына кетсек, артықтық етпес деп ойлаймын.
«Дамыту (градация) – алдыңғы сөзден соңғы сөздің, алдыңғы ой-пікірден кейінгі лебіздің, әдепкі құбылыстан екінші құбылыстың екпін қуатының күшейіп, өсіп отыруы. Бұл көркемдік тәсіл құрылыс жүйесі ұқсас бірыңғай сөйлемдердің іріктеліп шығуына, ой-пікірдің өткір, әсерлі айтылуына әрі мағыналық өрістің кеңеюіне кең өріс ашады. Абайдың «Келдік талай жерге енді» деген өлеңіндегі «Сергі, көңілім, сергі енді!», «Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!», «Өрбі, сезім, өрбі енді!» деген шумақ аралық жолдар дамытуға құрылған. Сондай-ақ, ақынның «Отыз жетінші сөзінде»: «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады…» немесе «Бесінші сөзіндегі»: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» деген жолдары да дамыту әдісіне жатады» (Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы).
Дәріс барысында Қадыр аға градация туралы ештеңе айтқан жоқ. Үнемі аудиториямен тілдесіп отыратын әдетіне басып:
– Градация деген не? Қане, қайсыңыз айта аласыздар? Айтқан адамға автоматты түрде зачет қоямын, – деді.
– Мен айтайын, ағай! Бірақ қарақалпақша айтамын, – деп, алдына жан салмайтын Құтмағамбет атып тұрды.
– Айта ғой. Градация туралы мүмкіндігінше бұрын айтылмаған соны мысал болса…
Құтмағамбет айналасына бір қарап алды да, жырлай жөнелді.
– «Бұрын-бұрын, бұрын уақта,
Тахтакөпір, Шымбай жақта
Бір аңқау мерген болған екен.
Аң атпаққа құмарланып,
Аң сайманын арқаланып,
Көне жаптың жағасымен,
Ақбастықтың арасымен
Келе жатса,
Бір сұр қоян жатқан екен», –
деді де, осы тұста: «Аға, тыңдап тұрыңыз, осы жерден бастап градация басталады», – деп, әрі қарай жалғастырды.
– «Бұл қоянды алсам атып,
Пақырларға берсем сатып.
Ол ақшама тауық алсам,
Тауығымды шөжелетсем.
Шөже сатып бие алсам,
Ол биемді құлындатсам.
Құлынымды қит-қиттатып,
Тойға шапсам», –
дегенде, елу студент ду күлді. Қадір аға да жирен шашы желкесіне түсіп, көзілдірігі үлкен мұрнының үстінде селкілдеп, дауысы шықпай күліп тұр. Студенттердің күлкісі тиыла берген кезде одан сайын гүрілдеп, екпіндей сөйлеп:
«Қит-қит деген дауыспенен,
Қоян кетті қырдан асып,
Аңқау қалды аузын ашып», –
деп, Құтмағамбеттің өзі де партаға сылқ етіп отыра кетті. Манағы күлкі одан әрі жалғасты. Жауабына ырза болған Қадыр аға:
– Фамилияң кім? – деп сұрады.
– Қонысбаев, – деді Құтмағамбет. Жауабына ырза болғаны сонша:
– Өте тамаша мысал, зачет! – деді ағамыз.
Құтмағамбеттің сол кездегі айтқан мысалын мен жақында ғана өз аузынан жазып
Екеуміз үшін аудиторияға қайта барды
– Ешбір ақын өзін осалмын деп айтпайды. Барлық ақын өзін мықты ақынмын деп есептейді.
– Таяқ жеген бала үнемі ойша төбелесіп, іштей тістеніп жүреді. Көбіне, солар қайсар болып өсіп, көп іс тындырады.
– Мен ұмытшақ емеспін. Сонда да, уақытымды үнемдеу үшін, бір істен кейін екінші жұмысты тез бітіруім үшін үйден шығарда, баратын жерімді тілдей қағазға ретімен жазып, төс қалтама салып аламын. Барған жеріңде көп аялдамай, келесі шаруаға кірісу үшін бұл жақсы нәрсе.
– Менің көлік сатып алуға шамам жетеді. Бірақ оны күтіп-баптап жүруге уақытым жоқ. Автобус құрдай қатынап жатыр, тіпті, асығыс болсам, көшеде не көп, такси көп, бас ауыртпай, мінем де кете беремін.
– Мен мәжбүрліктен сабақ беріп жүрген жоқпын, кейінгілерге айту қажет дүниелер көп болғандықтан дәріс беруге келістім.
– Омар Хаям деп айтпаңыздар, Омар Қайым деңіздер! Ол шарап туралы көп айтқанға, қатты ішкен екен деп ойламаңыздар. Ол уақытта шараптың мағынасы басқа болған, оның үстіне сол замандарда солай жазу үрдісі қалыптасқан болу керек.
Бұлар есімде қалғандары ғана, сөзбе-сөз емес… Сабақ үстінде Қадыр ағамыз әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғап қоятын. Ол айтқандары лекция тақырыбына сәйкес шығып жатушы еді. Мысал айтқанда да, әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдерін ауызға алады немесе солардың кейіпкерлерінің өмірінен сыр шертеді.
Әдебиет теориясынан емтихан болатын күні досым Ескендір Ертаев екеуміз түске таман, сағат он бірлер шамасында автобустан асықпай түсіп, оқу ғимаратына қарай келе жатсақ, старостамыз Нұржамал Байсақалова қарсы ұшырасты.
– Өй, сендер қайда жүрсіңдер? Емтихан бітіп қойды ғой! – деді салған жерден.
– Не дейді, ойбай?!
Ескендір екеуміз құстай ұштық. Қадыр ағамыз залда кездесті.
– Ағай емтихан тапсырайық деп едік.., – дедім мен.
– Ой, сабаздар-ай! Қайда жүрсіңдер?
– Автобус жоқ, кешігіп қалдық. Пәтерде тұратын едік, – деп жатыр Ескендір.
Қадыр аға күліп:
– Келгендерің жақсы болды. Жүріңдер, – деп, аудиторияға қайта барып, емтихан қағаздарын ерінбей қайта жайып:
– Ал, алыңдар! –деді асықпай.
Билет алып, отыра салысымен:
– Ағай, мен айта берейінші, – дедім бірден. Сәті түсіп, білетін сұрақтарым келмесі бар ма… Қадыр аға қосымша сұрақ қойған да жоқ:
– Біліп тұрсың, әкел зачеткаңды, – деп, әдемілеп тұрып «бес» қойды.
Осы «бес» туралы кейіндері Қадыр ағамызға реті келген сайын айтып қоятынмын.
– Мен сол кездің өзінде сенің жақсы адам болатыныңды біліп, «бес» қойған екенмін ғой, – деп, өзіңді ырза етіп тастаушы еді.
Газет шаруасын білмейтін адамға бәрі оңай көрінетін шығар. «Жұмысқа таңертең барасың, кешке қайтасың. Ойланып-толғанып жүріп, оқта-текте мақала жазып қойсаң болды. Ол үшін тағы қаламақы аласың. Рахат!» дейтіндер аз емес. Ал Қадыр ағамызға оқта-текте телефонмен хабарласа қалсаңыз, әңгімесін:
– Әй, айналайын-ай! Осы мен сендерді қатты аяймын! Жеп қояды ғой газет, жеп қояды. Оның орнына өз шығармашылықтарыңмен айналыссаңдар, көп іс тындырар едіңдер ғой, – деуден бастаушы еді. Бұл газет шаруасын жақсы білетін адамның сөзі!
Үстінен бір қарап, газетке ұсына салатын материалдар саусақпен санарлықтай ғана болады. Үлкенді-кішілі қалған мақалалар мен хабар-ошарлардың бәрін шұқшия сызғылап, қайта жазып, өзгелердің атынан материалдар ұйымдастырып жүресіз. Ұйымдастырып деген аты ғана, бәрін өзіңіз жазып шығуыңыз қажет. Соның өзіне көбіне адамы табылмай, күнұзақ телефонның тұтқасын ұстап, бекер уақыт өткізетін сәттеріңіз де аз болмайды. Барлық мамандықтың, әр жұмыстың өз қиындығы бар дерсіз, таласымыз жоқ. Бірақ бірде дәрігер болып, бірде педагог болып, енді бірде өнертану, цифрландыру туралы жазғыңыз келсе, инженер-программист «болып кету», сол тақырыптарды жақсы біліп отырып, мақала жазу үшін қандай адам болуыңыз керек. Журналистика – әмбебаптар ғана істей алатын сала.
Әрине, кейінгі толқын журналистер сияқты дайын баспасөз релизін ұсына салып, күн көруге болатын шығар, бірақ газеттегі журналистер үшін «дайын асқа тік қасық» бола кету ұзаққа апармайды.
Қайран Қадыр ағам осының бәрін біліп айтып тұр ғой…
– Аға, сіздің атыңыздан үнқосу әзірлеп қойып едім, оқып берейінші, – дедім бір күні телефон шалып. Газет шығып бара жатқанда, асығыс әзірленетін кейбір сәттерде ондай оқиғалар да орын алып жататын. Жазғанымды тыңдап болып:
– Мынау менің сөзім бе? – деді күліп.
– Иә, аға, – дедім мен.
– Қой, мен мынадай етіп жаза алмаймын. Мынау өте мықты айтылған ғой! – дейді Қадыр ағам. Кісінің уақыты мен адамның еңбегін ерекше қадірлейтін ақын ағамыз өмір бойы сол ұстанымынан айныған жоқ.
Заман-ай, десейші! Қазір де қазаққа бір Қадыр керек болып жүр.
PS: Қадыр ағамыздың маған берген қолтаңбасы жатақханада жатқан бір студенттің қызғанышын тудырған болу керек, қолтаңбасы тұрған бетті жыртып тастапты. Көзіме ыстық көрінетін кітапты осы күнге дейін сақтап келемін.