Чешир мысығынан Бегемотқа, Макавитиден Мадам Норриске дейінгі әдебиет әлеміндегі мысықтардың ешқайсы...
Төреғали Тәшенов. Хижра һәм Шолаққорған хикметі (Поэма)
«Тұрмысың аман-есен Шолақ қала,
Мұңлыға біз секілді қарап қана».
«Сауда Ишан» дастанынан.
«Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші – бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Мұның заманында қазақтан сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ Сауыр тонды Өтімісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Сол қорған бүгінге шейін бар деседі».
(Мәшһүр Жүсіптің қазақ шежіресіне қатысты жазбасынан).
I
748 жылы Қытайдағы Таң династиясының сансыз қолы Түркі даласына басып кірді. Бір-бірімен алауыз Түркі қағандары Таң билігін мойындап, Тудындық лауазым алып, Қытай империясына қызметке кірісті. 751 жылы мұсылман әскері түркілерге көмекке келіп, қытайларды тас-талқан етіп жеңді. Тауарихта «Талас ғазауаты» деп таңбаланған бұл зор жеңістен кейін 764-768 жылдары ағайынды Ысқақ баб (Баб ата), Әбдіжәлил баб (Қорасан ата), Әбдірахман баб (Бурахан ата) үшеуі Шамнан (қазіргі Сирия) шығып, Түркістанға хижратпен «ислам аша» келді.
(Дереккөзінен)
Қарақытайдың қаптап құл-қиқымы басқан,
Ту-талақай түркінің сүйкімі қашқан, –
Жетікент1 еліне сол шақта жасыл ту алып,
Шахзада шерлер Шамнан кеп ислам ашқан.
Қағанат қирап, орнына халифат келген,
Тұрфанға дейін азат қып, азан ап кірген,
Таласта тауы шағылған Таңның патшасы,
Қайтып басқан жоқ қысық көз, қу аяқ немең.
«Ділім – қанағат, ал дінім – табиғат» деген
Түркіге тура жол нұсқар шариғатпенен,
Үкаша атадай саңлақ сахабаның да
Қылыштан басы ұшқан деп: «қап, әй, әттеген!»...
Құлаш мойынды нар мініп: «Ғазауат!» деген
Ғазилерді қарсы алды Ел қазанат мінген, –
«Өзі тиіспей, түркіге тиіспе!» деген
Пайғамбар «түркім – көркім» деп ғажап ат берген...
II
Жалған дүние,
Жеткізбейді қарасы,
Қарашы:
Кеше ғана дөңгеленіп тұр еді,
Бүгін – Айдың жаңасы...
Құбыладан қияқтай қылтияды Ай,
Тізгін тілеп, тұлпарлар тұр шыдамай.
Темірқазық жастанып, тартып кетті:
«Тура жолға баста!- деп, – түркіні Алла-ай!»
Құран салды санаға құл үшін Хақ,
Ұран салды далада дін үшін Баб.
Қу басы үшін хижрат қылмады олар...
Дін қақы үшін иісі баб қылыш ұрмақ.
III
Тағдырға иланбай тазарар ма адам,
«Өтемістен емес, ажал – Алладан!» –
Хорасан бабқа шалынды бір үн
Қасындағы Қағбатілләдан2...
Жүз мың шейітті түзу сап құрған,
Өтемісті көрді қылыштап қырған.
Үш жүз жылдан соң келетін ұрпағы –
Қожа Ахметті көрді нұр ұстап туған:
«Бабам Хорасан келдім арасан,
Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.
Мүшкіл халімді қылғайсың ансан,
Рахым ете көр бабам Хорасан...».
Жеті кенттің жауһар бақшасы,
Жейхун дария – Сырдың нақ қасы, –
Сауыр тонды Өтеміс батыр3 –
Гүлстан шаһар Жендтің патшасы.
Жынын қашырған – жылқының тері,
Күшін асырған – жылқының демі,
Жауын жапырған – жылқының желі.
Мық пенен тарса4 – жұртының дені.
IV
Бабасы болған соң да Әлідей Шер,
Оқ өтпес, қылыш шаппас, палуан-ды ер.
Балқыды қорғасындай Хорасан баб
Сәждеге бас қойғанда, Пәруардігер.
Өтеміс атты сол сәт оқты Шерге,
Хорасан қара нардай шөкті жерге, –
Сап түзеп қол байлаған мың сан қауым –
Шейіт боп жүз мың мүмін кетті бірге...
Мұны естіп келді Ысқақ Баб: «А, Құдайлап»..,
Өлтірмей Өтемісті алды байлап...
Қалай да Хақ жолына салам деді,
Ахирет-қияметтің қамын ойлап...
V
Қаратаудай қамығып хазіреті Ысқақ баб,
Қара бұлттар жанығып құла дүзге ұшқан шақ.
Қайдан болсын жан хошы, құбыладан қысқан Хақ,
Сертке сауған көз жасы көкке сіңген мысқалдап.
«Бар мен Жоқтың арасы жол болып тұр қарға адым,
Қалай татам, Тәңірім, жұмағыңның бал дәмін?!
Тамшы құрлы болмадым тасты тесер қақ жарып,
Өтемістің жүрегін еш жұмсарта алмадым...».
Шықпай қойды түсінен Сауыр тонды Өтеміс.
«Тасқа қалап тірідей, жасадым-ау бекер іс...».
Әулиенің серкесі, өзінің төл хәлпесі
Баба Түкті Шашты Әзіз берді иллаһи кеше күш.
Шұрқ-тесік қартайған жата-жата жамбасы,
Көбелектей сарғайған көзсіз құлап шамға есі.
Әзірейіл төнгендей ағараңдап сәлдесі:
«Тура жолға салатын Алла ма, әлде сен бе осы?!.».
Шақырайып шапшиды Ай зәрін төгіп қиямат,
Шыбын жаны шырқырап таппай кетті тиянақ...
Шарасызға келді-дүр қырық жылдан сырласы
Қызыр – Ілияс 5ғалеиһи уәссалам қып зиярат:
«Еу, баршаға дүлдүл әзиз досым,
Көтер, болмасын мүшкіл ғазиз басың.
Өмір болған соң, болмайды нелер,
Басыңа бейнет, бір қиындық келер.
Өз күшіңмен құтылуға тырысарсың,
Құтыла алмасаң, жәрдем сұрамай қалмассың.
Үлкендерге жүгініп, шағынарсың да,
Халықтан сұрап жалынарсың да.
Күйіп-жанарсың, аласұрарсың,
Хал иелерінен медет сұрарсың.
Қиналған жаның қарап қалып па,
Апиын шегерсің, шарап алып та.
Емші мен тәуіп алдайды көкіп,
Ашатын бір күн қалмайды есік.
Өзің құтылсаң, халыққа айтар ма ең,
Халықта бітірсең Хаққа қайтар ма ең.
Хаққа қайтқанмен (бірден) қабыл бола ма дұғаң,
Бірақ қайда қашарсың, көнерсің бұған.
Құтыла алмасыңды біліп, сезік аларсың,
Ең соңында... Алла үйіне барарсың.
Жалбарынып, жыларсың налып,
Арызыңды айтып, қолыңды жайып.
Құбылаға қарай жүзіңді бұрарсың,
Түнгі намазда қиямда тұрарсың.
Дұғаң ешбір қабыл болмағасын,
Жалығып бір күні, намазды да қоярсың.
Дұғамен қоса бәрін де тастарсың,
Саф, таза бір халде күтуді бастарсың...
Тағдырда жазылған жаза баспайды,
Болатын нәрсе бола бастайды.
Сол кезде Алланың құдіретін сезерсің,
Бәрі Хақтан келгеніне көнерсің...
Сөйтіп осы халыңмен өбектей қалатын
Сүт анасының қолындағы бөбектей боласың...
Жыршының кеудесіндегі (тумаған) бәйітке ұқсарсың,
Жуушының қолындағы (өзінен бейхабар) мәйітке ұқсарсың...
Ақырында бір доп сияқты боларсың,
Ықтиярсыз оңға-солға домаларсың.
Өзің үшін, басқа үшін еш әрекет қылмассың,
Реңнен реңге өзгеріп, бір қалыпта тұрмассың.
Хақтың ісінен басқа нәрсені көрмессің,
Онан өзге ештеңеге ермессің.
Бәрі Раббыңнан екенін білген соң не істерсің,
Көзің Соны көріп, құлағыңмен тек Соны есітерсің...
Соның нығметімен азықтанарсың,
Соған жақындықпен рахаттанарсың...
Осымен көркейіп, тыныштық табарсың,
Әр халде Хаққа разы боларсың,
Оның сөзіне бауыр басарсың,
Басқа нәрседен түгел қашарсың.
Дәйім оны зікір қыларсың,
Осылай қалғаныңды ұнатарсың.
Қуатыңды Хақтан аларсың,
Соған тәуекел етіп, жолыңды нұрымен табарсың.
Еу, баршаға дүлдүл әзиз досым,
Көтер, болмасын мүшкіл ғазиз басың...».
VI
(ШЕГІНІС)
Сауыр тонды Өтеміс:
– Аспанда – Құдіретті Күн,
Жоғарыда – Көк Тәңірі,
Жерде – Күнтекті Түрік!
Күннен туғам,
Күнге ұшам!
Шүу, сай күлік!..
Миымның әр төбесі – «мықтың үйі» 6,
Бұздырман ата-салтым – құт-киені!
Төрт құбыла: Жер мен Жел, От пен Судың –
Қадымнан Қаратауда түп-тиегі!
Бұл жолдан өлсем де азбан!
Боғдыхан кеп өз көрін өзі қазған.
Пайғамбарым – Озған!
Қара қобызым алмайын,
Қара қобызым шалсам,
Қаһарлансам,
Қызыл жалын шапшып шығар қоздан!..
Ысқақ баб:
– О, жазған,
Сенің дінің тозған!
Аш арыстан,
Керасқақ болармысың қасарысқан!
Қаласаң,
Інім қылайын,
Бауырымның орнына Хорасан!
Сауыр тонды Өтеміс:
– Ей, Ысқақ, қылмақпысың суфрадар7,
Одан да тез ал, болсаң басымды алар!
Тәңіріге тап-таза арым барар!
Өзіңнің, ойла, нешік халің болар?
Ысқақ баб:
–Тастан қаттымысың?!
Таудан берікпісің?!
Құран үніне елтіп,
Тау да, тас та жұмсарып еріпті шын!
Ал сенің...
Тастан қатты жүрегің өліпті шын!..
Сауыр тонды Өтеміс:
– Жұмақта құдайға құлшылық қылу жоқ,
Тозақта бар дейсің...
Құлшылықты ол жақта да үзгім жоқ,
Тозаққа сал, мейлің...
Ысқақ баб:
– Рас, жәннатта құлшылық жоқ.
Ол жақта тек «Құл» боласың.
Мәнісі – Алланы пәктеп,
Зікір айтушы ғанасың.
Бұ дүниенің тегін жұтқандай саф ауасын
Зікірден рахаттанасың...
Сауыр тонды Өтеміс:
– Ешкімге құл болмаған Ер Түрігім!
Қазанат – желден жүйрік, кер күлігім.
Құдайдың құлақкесті құлы емеспін,
Тәңірдің мен мәрт мінез ерке ұлымын!
Ысқақ баб:
– Я, Тәңірі Тағала,
Кешіре гөр,
Құлыңа (тура жолды таниды әлі)
Нәсіп еткін шаһәдат-кәлиманы!
Сауыр тонды Өтеміс:
– Керек емес шаһәдат-кәлимасы!
«Малым – жанымның,
Жаным – арымның садағасы».
Мен өз дініме байланғам,
Кім өз дініне таскенеше жабысса,
Тәңірі содан айналған...
Сенің дінің өзіңе – хақ дін!
Менің дінім өзіме – ақ Күн!
Дінім үшін, ділім үшін өзімді
Көк Тәңірінің жолына
Аттым!
Ысқақ баб:
– Мен – «Хақтың қылышы»,
Шаптым, дін үшін!
Ақыретіңе құлып сап,
Жат, ендеше, серт тұсап, –
Аспандағы құсқа үрген
Шынжырлаулы ит құсап!..
VII
Құлжалардай қожалар ірі туып,
Билетеді бейіштен құс ұшырып.
Өтемістің басына келді бәле,
Әулетіне Әлінің қылыш ұрып.
Жыл он екі ай Баб ата – Қарғалықта,
Зынданда жатты солай хан ғарыпта.
«Тіліңді келтірші, – деп,-– кәлимаға!» –
Жылайды, жалынып Баб таң жарықта...
VIII
Не болды ары қарай біз білмейміз,
Тарихтың тозаңынан кімді іздейміз.
Дуа етіп Ысқақ бабқа, өзімізді
Өтеміске келгенде тізгіндейміз...
Тұрса да намысына найза тіреп,
Жанына жалынбаған сауға тілеп, –
«Дулат – Жаныс бабаның, – жұрт айтады, –
Сауыр тонды Өтеміс зәузаты» деп...
Қыран аз қияда өлер, құладын көп,
Қылмапты үзіп құдай шырағын жоқ.
Өрбіген Өтемістен өрен – нәсіл
Сайрамда бүгінде отыр бір ауыл боп.
Жоқ жырдың, жоқ сөзімнің жалған бірі.
Сопылық ілім үшін – ай мен күні,
қай қалада, қай жерде, қашан емес,
Мәселе оқиғаның болғандығы.
Санасақ он үш ғасыр шумақталды.
Алдына Тәңірінің кім боп барды, –
Ажалы Сауыр тонды Өтемістің
Шешілер қияметте сыр боп қалды...
Сол күнде Созақтағы Шолаққорған –
Шәр8еді өз алдына саяқ тұрған.
Жіберді тірі адамды тасқа қалап,
Құранға жоқ есебі баят қылған,
Тік қойып тікесінен дуалына,
Қу жанын Өтемістің харап қылған.
Бітпей қап бір бүйірі Өрқақпаның,
Саз қорған аталыпты Шолақ содан,
Сырттан ап топырағын,
Несібесі
Созақтың сыртқа кеткен...
Тәмәт-тәмәм.
Түсіндірмелер:
1. Жетікент – Түркістан мен Сыр бойындағы көне шаһарлар
2. Қағбатіллә – Қорасан баб зираты жанындағы Қағбаның сұлба-көшірмесі
3. Сауыр тонды Өтеміс – көне жазбаларда «Сары тонды», «Сарық тонды», «Сауыр тонды» деп келеді. Біз соңғы Мәшһүр Жүсіп нұсқасын алдық. Ал негізінде «тон» емес, «тудын» болса керек. «Тудын» – Қытай империясындағы лауазым
4. Мық пенен тарса – Ұлы даланы мекен еткен оғыз, қарлық, түркештерге қатысты аттар
5. Қызыр-Ілияс – Қияметке дейін Алланың құлдарына жәрдем беретін тірі пайғамбар
6. Мықтың үйі – қола дәуіріндегі қорым тастар
7. Суфрадар – мінәжатқа басшылық ету (суфра тұту)
8. Шәр – шаһар
Төреғали ТӘШЕНОВ