Осыған бел байлауы керек еді. Солай істеді де. Ол үйіне келді: есі шығып, өңі қашып кеткен әйелінің...
Боб Диланның Нобель әдебиет сыйлығын алғандағы сөзі
ЕЛУ МЫҢ АДАМҒА ҚАРАҒАНДА, ЕЛУ АДАМНЫҢ АЛДЫНДА ӘН САЛУ ҚИЫН
Қайырлы кеш, көпшілік!
Ең алдымен Швед академиясындағы бағалаушыларға және бүгінгі салтанатты кешке қатысып отырған құрметті қонақтарға шын жүректен сәлем жолдаймын!
Бір өкініштісі, мен осы салтанатты рәсімге барып, сіздермен бірге бола алмайтын болдым. Бірақ барлықтарыңыз менің көңілімнің төріндесіздер. Мен осы бір даңқты сыйлыққа ие болғаным үшін өзімді тым бақытты сезініп отырмын. Өмірімде Нобель әдебиет сыйлығын аламын деген ой үш ұйықтасамда ойыма кірмеген, сол үшін шешім шыққанда қайран қалдым. Бұдан бұрынғы Нобель әдебиет сыйлығын алған шығармалармен жақын таныспын, мен үнемі сол авторлардың шығармаларын оқып, өзіме рухани күш жинап жүретінмін, бұған мысал ретінде Гебсон, Бернард Шоу, Томас Ман, Альбер Камю, Ернест Хемингуэй қатарлы қаламында қуат бар жазушыларды айтуыма болады. Олардың туындылары төрткіл ғаламның әр түкпірінде дәрісханаларда оқытылып жатыр, дүниенің әрқайсы кітапханаларында кітаптары қадырленіп сақталуда. Олардың өмірін нұрлы еткен шығармаларының қай-қайсысы да оқырманын өзгеше әсерге бөлейтін таңдаулы шығармалар; олар секілді әдебиет пірлерінің ықпалы өте зор әрі терең. Ал, мен солардың қатырынан орын алғанымды естігендегі сезімімді айтып сөзбен, жазып хатпен жеткізе алмаймын.
Олар күндердің бірінде өздерінің Нобель секілді алпауыт сыйлықты еншілейтінін ойлаған ба, жоқ па? Ол туралы сөз қозғау маған да қиын. Бірақ меніңше, кітап жазып жатқан, жүрегіне өлең ұялатқан немесе театр туралы қалам тербейтін әрқандай қаламгердің көңіл түкпірінде сондай бір асыл арман болуы әбден мүмкін. Бәлкім бұл арман олардың жүрегіне терең ұялағандықтан, кейбіреуі өзінде сондай бір арман бар екенін сезбеуі де ықтимал.
Егер осыдан бұрын әлдекім маған: «Сіздің де Нобель сыйлығын алу арманыңыз болған» десе, мен оған: «Бұл айға шығудан да күрделі іс қой» деп жауап беруім мүмкін. Шындығында, мен дүниеге көз ашқан жылы һәм содан кейінгі бірнеше жылда, күллі әлемде осы шарапатты сыйлыққа лайық келетін бірер адам табылмағандай. Сол үшін, мен өзімді жоғарыда атағандай құрметті, сыйлы қаламгерлердің біреуі болған екенмін деп сезінудемін.
Бұл тосын хабарды естігенде, мен сыртта концерт қойып жатқан едім, сондықтан, бір талайға дейін өз-өзіме келе алмадым. Дәл сол сәтте әдебиет ұстазы Уилиям Шекспирді есіме алдым. Ол бұрын өзін тек драматург деп ойлаған, «Мен әдебиет жасап жатырмын» дегенді ойына да алмаған болса керек. Оның қаламынан шыққан әрбір сөз, әрбір сөйлем сахна үшін жаралған, сол үшін де ол туындылар тек жазба түрінде оқу үшін емес, бәлкім сахнада рухты күйде айту үшін жазылған. Ол «Гамлетті» жазған кезде, ойында «бұл ролдарды қайсы әртіс сомдаса лайық болар?», «Бұл бөлімді қалай сахналаса тартымды болар?», «артқы көрініске сөзсіз Данияны таңдасам болмай ма?» деген секілді бір қыдыру істер үшін бас қатырса керек. Ол сөзсіз өзінің ойлау қуатын, шексіз шығармашылық әлемін қалай істегенде тым керемет күйде шаршы әлемге пәш етуге болатыны туралы ойланған, бірақ сонымен қатар, бас қатыруға тиісті көптеген істердің бірі – «ақща дайын болды ма екен?», «ақшалай көмек бергендерге дайындалған айырым бөлмелер жетерлік пе екен?», «адамның бас сүйегін қайдан табармыз?» деген секілді істер туралы ойлануға және оны бір жақты етуге мәжбүр болған. Шекспир сол шақта «Бұл әдебиет пе?» деген мәселе туралы ешқашан бас қатырмаған деп кесіп айта аламын.
Он неше жасқа шығып, ән жаза бастаған кезімде, бұл салада айналама танылып қалған шығымда, өзім жазған өлеңдерге қойған талабым өте қарапайым болды. Мен ол әндерді барларда айта алсам соның өзі үлкен аброй, одан кейін Карнг музыка сарайында, Лондондағы Парадиян театрында ел алдына шығып ән шырқасам тіпті керемет болар еді деп қиялдайтынмын. «Қандай асыл арманың бар» десе, «күндердің күнінде пластинка шығарып, радиодан өзім айтқан әндерді тыңдасам» деп армандайтынмын. Менің жүрегімде соның өзі даңқты сыйлыққа ие болғанмен парпар еді. Пластинка шығару, радиода өзің айтқан әндердің қоюылуы тыңдарманыңның көбейгенінен; сенің әу бастағы арманыңнан адаспай, жалғасты құлшына беруің керек екенінен дерек береді.
Мен әуелгі көздегенімнен жаңылыспай, үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Кейде тіпті көптеген жапа-машақатты бастан өткердім. Пластинкаларымды арт-артынан шығарып, жер әлемді кезіп, концерттер бердім. Атап айтуға татитыны, менің өімірімде көрініс тапқан ең басты байлығым – менің жүрегімнен тулап шыққан әндерім. Әрбір әнімде бір әуен дүниеге келіп, ұқсамаған әртүрлі мәдениеттерден өтіп, шекара бұзып, көптеген адамның, сан алуан халықтың тұрмысына сіңіп кетті.
Бірақ бір істі айтуға тура келеді. Мен елу мың адамның алдында да, елу адамның алдынада да ән айтқанмын. Сіздерге айтарым, елу адамның алдынада ән айту өте қиын. Елу мың адам естуге көп болғанымен, олардың жүзінен көруге болатын бір түрлі сезім болады. Елу адамнан ол сезімді көре алмайсың. Олардың әрбірі жеке тұлға, әрбірінің өз алдына тәуелді әлемі бар һәм дүниеге болған танымы бөлек. Бұл өткел сенің қаншалық қуатың бар екенін, қайратың мен талантың қаншалықты ұштасқанын бағамдайды, теңшейді. Ал, Нобель әдебиет сыйлығын бағалау комитетіндегілердің саны одан да аз екені маған аян.
Бірақ құдды Шекспир секілді, мен де әрбір шығармаларыма шын жүректен кірістім, сол үшін де: «Бұл әннің музыкасын ойнауға кім лайық?», «Бұл дыбысқа алу үйі сапалы ма?», «Бұл әннің әуезі өзіне жарасымды ма?» дегендей әртүрлі ұсақ-түйек істерді бір жақты етумен болдым. Арада төрт ғасыр аунасада, кейбір істер еш өзгермепті.
Мен осы күнге дейін өз-өзімнен «Менің әндерім әдебиет пе?» деп сұрап көрмеппін.
Сол үшін, Швед Академиясына, олардың осы мәселені ойлану үшін арнаулы уақыт шығарғанына, ақыры бұған осындай тамаша жауап бергеніне шын жүректен алғыс айтамын.
Барлықтарыңызға мол денсаулық тілеймін!
Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
«Қазақ әдебиеті» газетінен