Ибрагим Исаевтың жары Әния Балғабайқызымен сұхбат

ӘДЕБИЕТ
3667

... Кейде өзімді өлең жазып алдаймын, 

Жүмекеннен терең жаза алмаймын. 

Төлегендей от боп лаулап жанбаймын, 

Мұқағали қашқан сайын қалмаймын.., – деп «Жан сырын» ақтарған көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ибрагим Исаевтың жары Әния Балғабайқызымен сұхбат. 

Лирикаға шөлдеп, бүгінгі қиқуы көп даңғаза ән-сымақтарды тыңдаған сайын көптеген мазмұнды әндерге мәтін жазған осынау лирик ақын еске жиі түсетіні рас. Әнге деген сағыныш мың жарымнан астам әндерге мәтін жазған ақиық ақын шаңырағына асықтырғандай.

Биыл өмірден озғанына бес жыл толып, қоңыр күзде жетпіске келетінін айтқан ақын жары көзінің жасын сүрткіштеп жүріп, сағынышқа толы әңгімесін бастады. 

– Ақындық – ол жаратқанның өзі берген сыйы! Олар ұқсастығымен емес, өз оқырмандарын өзіндік ерекшелігімен қызықтырады, қалыптастырады. Сондықтан да оның мектебі жоқ. Ақындықты үйрену мүмкін емес, бірақ бүгінде өлеңнің техникасын меңгеріп, үйреніп «ақын» атанып жүргендер де аз емес. Күнделікті теле-радиолардан сұхбат беріп, кітаптарының тұсауын кесіп жатқандар саны артып бара жатқанын көріп те, оқып та жүрміз. Соларды көріп, тыңдаған сайын Ибрагимнің шығармашылығының өміршеңдігін түйсіне түсемін. Түсінген сайын сағынамын.

– Осы ретте Ибрагим ағамыздың мың жарымға тарта әнге мәтін жазғаны еске түседі. Ән қандай, мәтіні қандай? Алғашқы тыңдаушысы ретінде ақын шығармаларына бет бұрсақ?..

 – Әңгіменің бұлай басталуында да мән бар. Өз басым ағаларыңсыз той-жиындарға да бара бермеймін. Ибрагимнің бір адами жақсы қасиеті өмірден озған аға-көкелерінің үйіндегі жеңгелерін көп ойлап, бала-шағаларына көмек қолын созып, елден асып кеткен мал-мүлкіміз жоқ болса да, солардың отбасына, халқымызда жақсы бір мәтел бар «Ауыздан жырып берген» дегендей, қамқор болып жүретін. Мереке-мейрамдарда жеңгелеріне сәлем беріп қайтудан жаңылған емес. Сол жесір жеңгелерінің қатарына мені де тастап кетті ғой... Сағына жүріп, қамыға жүріп оның көзден таса болғанына да бес жылға аяқ басты. Тағдыр басқа салды, біз көндік. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде маңдайына жазылып қоятын өлшеулі тағдырға не шара дерсің?!. Есеңгіреп қалдым. Әлі күнге дейін күндіз естен, түнде түстен кетпейді. Қайта оралмайтынын түсінген сайын көкірегіңді ащы бір запыран ашытқандай, дегбірсіз күй кешесің. Жалғыздық деген жан-дүниеңді билейді. Сондықтан болар, үйден көп шыға бермеймін. Шыққан жиындарымда даңғаза әуен, сөзі мен әуені бір-біріне қабыспайтын жеңіл әуендерді естіп, ішім қан жылайды. Ибрагимнің әндерін ойлаймын, ондай кезде іштей әдемі бір ырғаққа ілесіп аламын да ішімдегі қатып қалған сағынышымды көз жасыммен шығарамын. Ондай сәттерде ақынның жары ретінде, өлеңнің де көңіл-күйдің ауанында, жүрек қуаныштан немесе қайғыдан бұлқынған сәттерінде жазылатын мөлдір тамшы – жыр жолдары екенін ұғынамын. 

Ел арасында « ақынның жары» деген тіркестен шошитын, не болмаса шығармашылық адамының жүріс-тұрысы бөлек екенін, оның шаңырағындағы асыл жарының бір бейшара күй кешіп отырғанын мүсіркегендей қаңқу сөздер жиі естіліп жатады. Жоқ, мүлдем олай емес. Ақындық адам баласына берілген ең қасиетті дарын десек, ол ақынның жары да сол құдіреттің қалауымен берілген бағасыз байлық. Ақынмен қырық бес жыл жұбайлық ғұмыр кештім, еш өкінбеймін. Сондай талантты азаматтың жары ғана емес, сенімді досы да бола білген адаммын. Өйткені Ибрагимнің менен жасырған ешқандай сыры болмайтын. Ол өлең кімге, қалай арналғаны былай тұрсын, жұмыс бабында кіммен қалай сөзге келіп қалған кездерінде де маған келіп шағымданатын-ды. Өте қарапайым, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып кететін. Пендешілікті білмейтін, қолы да ашық еді. Өтірік дегенді білмеді, жаны таза, көлгірсуді білмейтін, артық-ауыс сөзі жоқ болатын. Жан-жүрегін жарып шыққан туындыларын да алдымен маған тыңдатып, мен де , ол да қуана қабылдайтынбыз.

– Қай жылы отбасын құрдыңыздар?

 – Екеуміз де Қызылорда облысының тумасымыз. Ағаларың Сырдария, мен Жаңақорған ауданынанмын. Қаладағы мектеп-интернатта малшылардың балалары оқитын. Біздің ауылдың балаларымен араласып жүріп, бір жиында таныстық. Жиі кездесіп қалып жүрдік. Он жылдықтан соң Алматыға жол тарттым. Қыздар институтының химия-биология факультетіне құжаттар тапсырып, соңғы емтиханнан өтпей қалдым. Қалада қалсам да болар ма еді, бірақ елге қайттым. Тәрбие солай, тәртіп қатал. Содан аудандық партия комитетінің қабылдау бөлмесіне қызметке тұрдым. Қос бұрымым тілерсегімді ұрғылап, шаштың қалыңдығынан басымды көтере алмайтынмын. Бұл алпыс жетінші жыл. Бір күні ауданға «Қыз Жібек» кинофильміне бұрымды қыздар іздестіріп, режиссер Сұлтан аға Қожықовтар келіпті. Сырттан келген кез келген қонақтар секілді олар да міндетті түрде аудандық партия комитетінің басшылығына сәлем бере келеді ғой. Менің қос бұрымым көздеріне түссе керек, жан-жақтан шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жатты. Алғашында өзім түсінбей қалдым. Сөйтіп, атақты «Қыз Жібекке» таңдалған қыздардың қатарында мен де болғам. 

Келесі жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжіне, ол кезде училище деп аталатын-ды, оқуға түстім. Ол редакцияда жұмыс істеп жүрді. Ал 1970 жылы отбасын құрдық. Тұңғышымыз Қызылорда қаласында өмірге келді. Шілдехана күні қызмет бабымен Тұманбай аға Молдағалиев пен жазушы Мағзұм Сүндетов келіпті де, Ибрагим үйге қонаққа алып келді. Дастархан басына жиналғандар жеребе тастап, нәрестеге ат қоюға кірісті. Сол жылдары Мағзұм ағаның «Күтем сені, Дидар» деген кітабы қызу талқыланып жатқан кез. Тұманбай аға бастап, тұңғышымызға Дидар деген есімге тоқталды. Сонда Тұм-Ағаң келесі ұлдың атын Дәурен қоятын болыңдар деп қалжыңдады. 

Алматыға келген соң, бес жылдай пәтерде тұрдық та, сосын Жамбыл көшесінің бойындағы жазушылардың үйінен екі бөлмелі үй алдық. Біздің үй «жазушылардың штаб пәтері» болды десем, өтірік айтқандық емес. Қатарластарын былай қойғанда елден оқуға келетін, қалаға қыдырып келетіндер де біздің үйге тоқтайтын. Сол қасиетті үйде он төрт жыл тұрдық. Қасиетті дейтінім, қазақтың мықты қаламгерлері – Қадыр Мырзалиев, Оспанхан Әубәкіров, Оралхан Бөкеев, Өтебай Қанахин, Марат Қабанбай, Хызмет Абдуллин, Шәміл Мұхамеджанов, Бекен Әбдіразақов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Айбергенов, Сайымжан Еркебаев, Қуандық Шаңғытбаев, Қабдеш Жұмаділов бастаған ағалармен бірге аралас-сыйлас болдық. Балаларымыз да бірге өсті. Екінші ұлымыз өмірге келгенде Асқар Сүлейменов Дастан деп қойды. Кенже ұл – Дәуренді Тұманбай ағамыздың айтуымен атадық. Осылай жақсы адамдардың қойып кеткен есімдерін күнделікті атаған сайын сол бір жаны жайсаңдардың бейнесі көз алдыма сағыныш болып оралып отырады. Өмір дегеніңіз ұзақ сапар, ол жолды кім қалай жүріп өтеді, мәселе сонда. Біреу дүрілдеп, енді біреу дірілдеп өтер, дегенмен сол бір пендеңіздің бойындағы жақсы бір адами қасиет жұғысты болатыны да сондықтан екен. 

Бүгінде үш ұлдың бойынан жақсы бір жылт еткен адамгершілік көрсем, сол игі жақсылардың да шарапаты деп қабылдаймын. Ал біреуінен әкелерінің көзін көрсем, екіншісі сөзіндей, үшіншісінен мінезін танып, жаным семіреді. Шүкіршілік жасаймын, тәубаға келемін. Тағдырымды адуын ақынға байлаған жұбайлық ғұмырыма ризашылығым жанға демеу болатындай. «Ақылы асса ініні де аға тұт» деп отыратын еді. «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөздің жаны бар. Ибрагим мектеп қабырғасында жүргенде жаны қалап шұғылданған суретке түсіру мен оны шығаруды өмірінің соңына дейін тастамады. Қайда жүрсе де фотоаппаратын алып жүретін-ді. Сирек суреттерді өздеріне табыстап, талайларды қуанышқа бөлегені әлі көз алдымда. «Бала сияқты болмай қойшы соны»,– дейтінмін, сонда: «Айналайын-ау, қуанып қалады ғой», – деп балаша мәз болып келетін. Әлдебіреулердің қуанышына жүрегі жарылардай боп қуанып, сәл нәрседен көңіліне қаяу түсіп қалатын кездері де бар болатын. 

– Шығармашылықпен айналысқанда қандай күй кешуші еді?

– Кейде шабыт деген сөздің өзін оңды-солды айта беретініміз бар. Сол шабытыңызды ағаларың білмей кетті-ау деп ойлаймын. Кеудесін алапат бір күй кешкенде, өлең жазуға отырғанда ол балалар шулап, теледидардың даусы көршілерге жетіп жатса да, қыңқ демейтін-ді. Көпшіл еді. Жалғыздықтан қорқамын деуші еді. Аса сезімтал, тіпті қорқақ мінезі де болатын. Ары-бері ыңылдап әдемі бір әуенді әуелетіп жүреді де, жазу үстеліне жайғасады. Не болмаса домбырасын қолына алып, белгісіз бір ырғаққа ілесіп біраз отыратыны бар. Ол кісі шабытты қашан, қай жағымнан келіп қалады екен деп күтіп отырмайтын. «Қаншама жылдарым поэзиясыз өтті ғой» деген іштей бір өкініші болды да, сол өкініштің орнын толтыру үшін жаза берді, жаза берді. Бәлкім, өмірінің өтіп бара жатқанын да іші сезген болар-ау деп ойлаймын. Өйткені жүрек дегенге бір ота жасалғаннан кейін-ақ, адам өзін сол мәңгілік сапарға дайындай беретін болуы керек. Үнемі білегін ұстап, жүрек соғысын санап отыратын әдет те сол отадан кейін пайда болды. Сәл бәсеңсіген сәттерде бойын үрей билеп, мазасыз күй кешуші еді... 

Ақын жары әңгіме барысында әлсін-әлсін өксік қысқан жүрек тұсын әлсіз саусақтарымен сипалай түсіп отырды. Біз үнсізбіз. 

– Менің бір байқағаным, соңғы жылдары әнге жазылатын мәтіндер тапсырыс арқылы орындалып жатады. Бұрындары ақын шығармаларынан таңдалып, әуезге келетін, ырғаққа құрылған өлеңге ғана музыка жазылушы еді. Таңдалып алынған өлеңнің авторы, яғни ақын мен сазгер арқылы үйлесім тапқан әуен орындаушысына ұсынылып, ол үштік одақтың қатысуымен тыңдарманға жетіп жататын. Ал кейінгі жылдары тапсырыс арқылы әнге мәтін жазу үрдісі пайда болды. Ибрагимнің мыңнан астам өлеңдеріне ән жазылып, орындалып жүр. Бір отырыста Тұманбай ағаның «Әй, сен мәтін жазуға тапсырыс ала берме, өз шығармашылығың қалып қоймасын»,– деп ескерткенін құлағым шалып қалды. Қандай жанашырлық, мейірім, тазалық десеңізші?! Жалпы біздің шығармашылық ортаға, Алматы шаһарына қоныс аударуымызға да осы ақын ағасының көмегі, сөзі себепші болған. «Сенен мықты ақын шығады, аяқ алысың жаман емес, ортамызға кел», – деп Қызылордаға барған бір сапарында шақырғандай болды. Табиғатынан жаны жомарт, таза адам осындай алдыңғы толқын ағаларынан қамқорлықты да көп көрді.

– Ақын да батыр секілді аңғал жаратылған деп жатамыз. Ағамыздың сондай бір «осал» тұстарын еске алайықшы?

 – Иә, қайсыбірін айта берейін, бірі еске түссе бірі түспей жатады. Жас ұлғайған сайын, оның үстіне ағаларыңның үйреншікті сырқаты болса да, ойламаған жерден кетіп қалғаны есімді алып кетті, ұмытшақпын. Қолы ашық, жомарт дедім ғой. Елу жылдығында ұлдары алтын жүзік сыйлаған-тын. Бір күні саусағында жоқ. Сөйтсем, бір байқауда әділқазылардың қатарында отырып, сахнада күй тартып отырған бала-жігіттің домбыраның төсінде ойнаған саусақтарына қызығып отырыпты да, «мына саусақтарға бірдеңе жетпей тұрғаны» депті. Қасындағылар күліпті де қойыпты. Күй біткен кезде саусағындағы алтын жүзігін әлгі жігіттің саусағына салып, «Айналайын, енді қайта ойнашы» депті ғой. Әрине, дүниеқұмар болмасаң да, ұлдарыңның сыйы еді ғой деп ішім ашып қалды. Бірақ қазақтың қоңыр домбырасына, қазақтың ұлттық дәстүрлі өнеріне деген махаббатын осылай білдіріп жатса, не дерсің?! Тілімізді тістеп, талай сөз айтылмай іште қалды... – Қызғанған кездеріңіз болды ма? – Қызғануға себеп те болмайтын. Сөзімнің басында айттым ғой, ішінде мен білмейтін сыр кетті-ау деген әйели өкінішім жоқ. Отбасына адал бір азамат болса, сол! Оның да бір перзенттік жүрегін жаралаған себебі бар. Ибрагимнің әкесі, атамыз отбасын, балаларын тастап, басқа бір әйелдің етегінен ұстап кеткен екен. Анасы жарықтық, намысына тырысып, отбасын асырап, балаларына жоғары білім алуына жағдай жасап, тірлігін дөңгелетіп, ешкімнен кем өсірмесе де, бала ақынның жүрегінде сол оқиға тас болып қатып қалса керек. Әкесіз өскендіктен, әке тірлігіне өкпесі қара қазандай болып ер жеткендіктен, жалғызбасты анасының көрген қиындығы мен азабын үнемі мұңая әңгімелеп отыратыны бар-ды. Сондықтан да болар, оның өмірлік қағидасы – әйелін жылатпау, балаларын қаңғыртпау болды деп ойлаймын. «Мен жігітшілік құрып кетсем де, сені ешқашан тастамаймын, ондай арам ой ойыңа кірмесін» деп үнемі тазалығын, пәктігін ескертіп отыратын. Жігітшілік дегенде, апталап-айлап үй көрмей, сапарлап кеткенін емес, ақындықтың ұстанымы да – сұлулыққа, жаратылысқа деген махаббат, сезімнен туатынын түсін дегені ғой. Ақын болып жаратылған екенсің, айналаңдағы сұлулыққа, сұлулық дегеннің өзі – көркем қыз, қылықты ару, сұлу әйел десек, оны көретін көз, сөйлете алатын ақындық таным қажет екенін, әрине, мен де болмысыммен түсінуге тырыстым. Онсыз шығармашылық өрлемей, өше беретінін кез келген түйсігі бар әйел түсінетін шығар. Әйтпесе, махаббат жайлы әндер қалай жазылмақ?! Әуені мен сөзі үйлеспеген Ән ешқашан ел есінде қалмайды. Іштей бір-бірімен үйлесіп-үндесіп жатпаса, ол әніңіз халықты толғаныс-толқынысқа да салмас еді. Ал шынайы өнер ғана өміршең! 

Осы ретте қазақтың танымал сыншысы Мұхамеджан аға Қаратаевтың мына бір сөзін айтып кетсем, артық болмайтын шығар: «...Оның өлеңдерінен Қасыммен өзектес, Төлеген, Мұқағалимен үндес сарындар сезіліп тұрады. Сонымен бірге, Ибрагимнің өзінің де қалыптасқан ішкі сазы бар. Ол – жүрегімен, жанымен сырласатын саз. Ол не жайында жазса да айтайын деген ойының арқауын суыртпақтап иіріп, көңілінде өнегелі түйін түйіп, сыр шертеді. Сондықтан да ол жүрек сөзіндей, жылы тиеді, шындыққа сендіреді. Оның өлеңдері жеңіл оқылады, жанға жағымды, оңай ұғылады»,– депті сыншы. 

Бала ақынның алғашқысынан-ақ мықтылығын, нәзік лирикасын түсінген сыншының бұл бағасымен келіспеуге еш шараңыз жоқ! Өз ана тілінде ғана емес, сол жырлардың болғар, венгр, чех, поляк, украина, түрік, өзбек, беларусь, чуваш, угро-фин тілдеріне де аударылып, басылып шығуы үлкен парасаттылықтың, ақындық қабілеттің жемісі болар. Әсемдік пен сезімнің сұлулығын шығармаларына арқау еткен ақын өзі де шетелдің атақты ақындарын қазақ тілінде жырлатты. Аудармамен айналысты. Орыс поэзия өкілдері Николай Рубцов, Коми халқының ұлы ақыны Иван Куратов, қырғыздың атақты ақыны Тұрар Қожамбердиев те Ибрагимнің еңбегінің арқасында қазақ оқырмандарына таныс. 

Бүгінгідей белгілі бір қаламгер сөзімен айтар болсақ, көктен гөрі жердегі «жұлдыздардың» көбейіп тұрған заманында мағынасыз, салмақсыз, арзан мәтінді әндер мен тойға арналған әрі жоқ әндер орындаушының да беделін түсіріп бітті. Ибрагим ақынмен қырық жылдай шығармашылық байланыста болған Қазақстанның халық артисі Роза Қуанышқызы өзінің әншілік жолында ақын шығармаларының рөлі басым екенін әркез қимастықпен еске алып отырады. Қазақтың ерке қыздары Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Шәкизада, Медеу мен Мақсат орындауындағы көптеген әндердің мәтіні құлаққа жағымды, тез жатталады. Әсіресе, соңғы жиырма жылға таяу уақыт сахнадан түспей келе жатқан «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» қандай керемет! «Қазақ вальсінің королі» атанған қазақтың қайталанбас сазгеріне мұң шағу, сырласу-мұңдасу!.. Сәкен Қалымовтың орындауында әннің бағы одан сайын арта түсті, танымал бола түсті. Сөз бен саздың үйлесімі, міне осындай-ақ болар, сірә! «Келісіп пішкен тон келте болмас», белгілі сазгер Қалдыбекпен тығыз шығармашылық байланыстың арқасында халықтың сүйікті әніне айналды. Сәтті шыққан дүние – өміршең екенін Сәкеннің әр орындауында ұғына, түсіне, қабылдай түсесіз. «Елге сәлем», «Туған жер», «Аяулы анашым», «Ағаларым», «Жүрек сыры», «Аяулым менің», «Ғашығым», «Сезім сыры», «Біз әлі кездесеміз», «Қиялдағы қалқа» әндері бір төбе дерсің. Өмірінің соңғы жылдары жазылған тағы бір әні – «Ауылға барам»! Алғаш естіген кездегі көз жасымды тия алмай, әдемі бір күй кешкенім бар. Сурет! Ән емес, көз алдыңнан кинолентадай жылжып өткен өмір елестейді. Үй шарбағына асылып, маңдайын алақанымен көлегейлеп тұрған шүйкедей қара кемпір қай қазақтың болса да шаңырағының құты, ұйып тұрған айраны ғой. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» екенін айтқан ұлы халықтың қайыспас, қайратты қайран шешелері емес пе?!. 2014 жылы жарық көрген «Ой өлшемінен» де дүниеге келетін талай ән-әуендерді табуға болатыны сөзсіз. Оны болашақтың еншісіне қалдырайық. Артындағы перзенттерінің ендігі міндеті – әкелерінің жете алмай кеткен жетпісін өз оқырмандарымен бірге атап өтсек деген ниеттері. «Әй, сол жетпісің жеткізбес маған» деген сөздерді жиі айтып отырушы еді, адам баласына жоғары жақтан келген бұйрық па екен, осы бір сөз жиі айтыла беретін. Сырттай сыр бермегеніммен, ішім алай-дүлей күй кешіп мен отырушы едім... 

Алматы аспаны тағы да көл-көсір мөлдірлікке тұнып, тұнжырап қалыпты. Ақын жарының көңіл-күйіндей, аппақ жүзіндегі қимастық тамшысындай көлік терезесіне сырт-сырт етеді. Осы бір көңілсіздікті серпіп тастағымыз келген біз де радио тетігін басып қалдық. Бүгінгі әңгіме-сырдың нүктесіндей қазақтың «Ақ Баяны» атанған, өзі де жарық жұлдыздай ағып түскен Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Қиялдағы қалқа» жанымызды одан сайын жүдеткендей... 

Қазақ поэзиясына «Алтын сырға» таққызып, «Таң алдында ән» салдырған, қайыңдарды тербелтіп ( «Тербеледі қайыңдар»), жанының жарығы мен жылуын («Жанымның жарығы» мен «Жан жылуы») туған халқынан аямай, Өлең-сөздің патшасына қызмет еткен Ақын өмірінің соңындағы қимастық атты салқындықты («Салқын сәуле») жүрегіне серік ете жүріп, жыр-теңіздің мөлдір тамшысына айналып кете барды... 

Сыр-сұхбатты жазып алған Таңсұлу Алдабергенқызы

turkystan.kz 

Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....