АПАТЖақында Шәуілдірде тұратын бір досым көлік апатына ұшырапты. Екі кештің арасында айдалада жылдам...
Айнұр ТӨЛЕУ. Ғылым мен поэтика астасқанда
Аспан денелері мен ғарышқа деген құштарлық әдебиеттегі фантастика жанрының пайда болуына себепші болды. Шынайы өмірде тіршілік кешуі мүмкін емес кейіпкерлердің жазушы қиялының арқасында әрқайсымыздың сана түкпірінен орын алып жататыны бар. Бүгінгі әдебиеттану ғылымы фантастиканың төркіні – мистика, фольклордағы мифтік образдар екенін жоққа шығармайды. Біз үшін фантастика тұтас бір жанр болса, көркем әдеби процесі фантастикалық өнім беруді жолға қойған ұлттардың әдебиетінде бірнеше кіші жанр бар. Осыған қарап, жанрлары көбейе (поджанр) алатын елдің әдебиеті ғана өміршең әрі озық деген гипотеза ұсынғымыз келеді. Кез келген тірі ағза көбейеді. Жанр да тірі болса, оған сұраныс бар болса, дами береді.
Мәселен, ғылыми фантастика, сөзсіз ғылымы дамыған елдердің көркем әдебиетінің, нақтырақ айтсақ, поэтикалық ойлаудың жемісі. Ғылым мен поэтика. Бір қарасаң екеуі мүлдем қабыспайтын секілді. Ал екеуіне ортақ дүние – қиял. Шексіз қиял бар жерде фантастика да бар. Азаматтарының қиялдау еркіндігіне нұқсан келмеген елдің ғылымы да озық. Ал біз ғылымның озық болуына білімнің ғана қатысы бар деп ойлаймыз. Сонымен фантастика кеше ғана пайда болған жанр емес. Мамандар ежелгі дәуір әдебиетінен бірнеше мысал тауып, аталған жанрдың бағзыдан ғұмыр кешіп, бүгінгі әдебиетте «дамып» үлгергендігін жоққа шығармайды.
Көркем фантастика мен шытырман оқиғалы детектив жанрының бүгінгі қазақ прозасындағы ахуалы туралы сөз қозғалғанда қос жанрдың даму процесінің кешеуілдеп жатқандығын көлденең тартатындар көп. Біз мұны қалыпты құбылыс деп есептер едік. Шығармалары әлемдік классикалар жауһарына енген Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабы» деп аталатын әңгімесі бар. Бұл шығармадан мифтік деталь, адамзаттың тозақ пен дін туралы танымын, өнер жолындағы құрбандық мәселесін табуға болады. Ал сөз орайы келгенде осы шығармадағы кульминацияны мысалға келтіре отырып, көрмеген, түйсінбеген дүниені өнерге айналдыру мүмкін еместігін жеткізбекпіз. Түсінікті болуы үшін шығарманың фабуласына тоқталайық.
Кеңістік – Нидзе сарайы. Онда Ұлы мәртебелі патша тұрады. Бұл сарайдағы ең құнды дүние «Тозақ азабы» деп аталатын сурет. Ол суретті Есихидэ есімді суретші салған. Қарапайым адамдар уақыт өте келе осы құнды суретті салған өнерпазды ұмытып кеткен. Бірақ әлгі суретті көрген адам өзгеше, нағыз тозақ отын көз алдына алып келіп көрсетіп қойғандай күй кешеді. Тозақты көрмеген адамың оны сала алуы мүмкін бе? Суретші тозақта болуы мүмкін жыланның адамға шаптығуын салады. Оны салу үшін жылан ұстап алып келіп шәкірттерінің бірін шақырып алып, қарап бақылап тұрады. Жапалақтың адамға ұмтылғаны туралы тозақтық тәмсілді де ол өз көзімен көріп суретке түсіреді. Барлық халықтың нанымында кездесетін тозақтағы от және өртеніп жатқан адамның денесін салатын сәтте суретші патшаға осы идеяны жүзеге асыру үшін көмек сұрайды.
«Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын. Ал бейнелей қалсам, көңілімдегідей болып шықпайтыны сөзсіз... Мен суреттің қақ ортасына биіктен құлап келе жатқан күймені салсам деп едім. ...Ал күйме ішінде от тиген қара шашы жайылып, әсем ақсүйек әйел азаптанып жатса... Түтінге тұншығып, қабағы тыржиып, басы шалқайып кеткен. Қолы жауын тамшыларынша шашыраған от жарықшақтарынан қорғанбақ болып, ши шымылдықты тартқылайды. Оның төбесінде тұмсықтарын сақылдатып жиырма шақты құбыжық құс ұшып, шүйіліп жүр. Міне, осы күймедегі әйелдің суретін сала алмай жүрмін».
Патша суретшінің қалауын орындайды. Алтын күймеге сұлу әйелді отырғызып, оны өртейді. Суретшінің қиялындағыдай көрініс өмірде болады. Бірақ... Күймедегі сұлу әйел суретшінің сарайда қызметте жүрген өз қызы еді. Адамның отқа оранып жатқанын көргісі келген ниетіне ашуланған патша оны осылай жазаламақ болды. Суретші әлгі көріністі айнытпай түсіреді. Сурет аяқталған соң, ол асылып өледі. Фабулаға қатысты түрлі сұрақ туындайды. Оның өнер үшін құрбандыққа барғаны соншалықты, өртеніп жатқан өз қызы болса да, қарап тұрып, суретін аяқтап болған соң ғана азап кешті деп топшылауға немесе керісінше қызын өртеп жатса да, суретін аяқтауды құп көрген қандай жауыз еді деп жазғыруға да болады. Әңгіме ғана болса да, оның әлемдік классикаға айналуының құпиясы осында жатыр. Әр оқырман кейіпкер психологизмін өз деңгейінде түсініп, оны өз мүмкіндігінше ақтап немесе жазғырып отырады. Біз үшін маңыздысы бұл емес. Бізге керегі суретшінің: «Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын. Ал бейнелей қалсам, көңілімдегідей болып шықпайтыны сөзсіз», деген ұстанымы болатын.
Әдебиеттегі жүзеге асып жататын процестер көзбен көріп, түйсікпен тұшынудан пайда болады. Шытырман оқиғалы детективтің дамып, өз оқырманын табуы үшін қаламгер сол оқиғалардың бел ортасында жүргені және із кесушілік оқиғалардың әділ түрде жүзеге асырылып жатуын көргені өте маңызды.
Біз қаламгерлердің филология немесе журналистика факультетін тәмамдап барып әдебиетке келу үрдісіне әбден көз үйретіп алғанбыз. Детективті оқиғалар ортасында жүретін адамдардың қалам ұстауы – бізге сондай тосын. Неге дейсіз бе? Бұл қазақ тілінің қолданыс аясының тар екендігін, шынайы өмірдегі криминалдық оқиғаларды ашатын мамандардың көркем әдеби тілге деген қабілеті мен қызығушылығының жоқ екендігін білдіреді. Енді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын немесе журналистика факультетін бітірген, криминалдық оқиғаларды көрмеген қаламгер қалайша шебер түрде детектив жанрында қалам тербей алады? Дәл сол сияқты ғылыми қиялы еркін, роботтардың сан түрін өндіріп жатқан елдің көркем фантастикалық әдебиеті дамиды. Мысалға келтірген жағдайларды өмірде көзімен көрмеген, адамдардың ол жайында қызу талқылап жатқанына куә болмаған қаламгер өздігінен фантастика мен детектив жанрын жасап шыға алмайды. Расымен де біз ғылыми өнімдер туралы талқыға бара бермейміз. Есесіне біз ғұмыр кешіп жатқан кеңістікте Менделеев кестесіндегі элементтер мен мұнай туралы талқы жүріп жатады. Содан соң, әншілердің өмірі мен тіршілігі хақындағы қызығушылықтар мен сөзталастарға уақыт шығындалады.
Адам өмірі Күн жұлдызының Жерге түсіретін жарығымен өлшенеді. Дұрысын айтқанда, біз солай өлшеп әдеттеніп алғанбыз. Жер үнемі қозғалыста болғандықтан бізге жарық ылғи да түсіп тұрмайды. Уақыт деген ұғымды осы жарықтың үнемі түсіп тұрмайтын құбылысы туындатқан. Қысқасы, саналы ғұмырдың санаулы уақытқа тәуелденіп қалатыны осыдан ғой. Ендеше онсыз да санаулы сәттерден тұратын уақытты өнер, ғылым, оқиға жасауға емес, арзан әңгімелерге жұмсап әлекпіз. Галактикалық өлшеммен қарасақ, бізге мәлім де беймәлім алапат әлем бар екенін бағамдаймыз. Бірақ біз өз бағамызды білеміз бе? Тіршілік үнемі қозғалыста. Ғаламда қозғалысын тоқтатқандар шіриді, ыдырайды, яғни көзге көрінетін, көрінбейтін бөгделердің жемтігіне айналады деген сөз. Енді осы заңдылықты қазақтың өміріне мысал ретінде алып келіңізші. Қазақта даму бар ма? Өнерде, білім мен ғылымда қозғалыс бар ма? Әдетте өнердегі жетістіктер мен жетімдікті өнерпаздар қауымының иығына жүк етіп артуға арланбаймыз. Әдебиеттің қандайда бір жанры кенже қалып жатса, қаламгерлердің қауқарсыздығы, білікті журналистер эфирге шықпай жатса, бет-әлпетінің ұсқынсыздығы деп топшылай салатын анализаторлар әрқайсымыздың ішімізде өмір сүріп жатыр. Өнер – біз өмір сүріп жатқан кезеңнің айнасы.
Түркі дәуіріндегі балбалдарды кімдер қашады? Ондай өнерпаздар кейін неге жоғалып кетті? Әрине ислам дінінің тамыр жая бастауына байланысты балбал тасты ешкім қажет етпеді. Ол өнерді жасаушылар мен өнердің өзі ысырылып қалды. Есесіне, біз балбалы бар дәуір мен одан бас тартқан дәуір туралы тұжырым жасай аламыз. Өнердің айна болатыны осыдан. Алып елдердің мәдениеті мен әдебиеті де алып. Қазақстан мен қазақтың имиджін қалыптастыруды қолға алғандар осыны ескеруі тиіс. Рухани жаңғыру мен ұлттық код туралы сансыз мақала жазып, қисапсыз билбордтар ілу – бізді шынайы жаңғырта алмайды. Жаңғырық шығуы үшін алдымен айқайлау керек емес пе?
Мынандай сұрақ қойғымыз келеді, Рухани жаңғыру деген тіркесті ресми түрде жазып, жариялаған күннен бастап қазақтың оқырман болу үлесі артты ма немесе кітап нарығында сең қозғалды ма? Осы екі сұраққа берілген жауап рухани жаңғырғанымыз бен әлгіндегі айтқан айна – өнердің не көрсетіп тұрғандығын айқындап бере алады. Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабы» әңгімесіндегі суретші сөзін топшы сөзге тағы да шегелемекпін. «Мен көзбен көрмегенді еш уақытта бейнелей алмаймын». Біз де рухани ортаны көрмей, жаңғыра алмаймыз