ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй бағас...
«Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмаузым»
Кезінде Л. Брежнев өле-өлгенше, өте әділ және керемет қоғам құрып кеткеніне кәміл сенімді болған екен. Төңірегіндегі бас пайдасын ғана көздеген небір сұм-сумақай, қулар мен жағымпаздар ол жарықтыққа сондай көріністі көрсетіп, халықтың «шексіз сүйіспеншілігіне» бөлей алды да. Бұның бәрі ғажайып қойылым еді. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамындағы өріс алып, өзінің апогейіне жеткен жайт та соны еске түсіреді.
«Алтын көріп, періште жолдан тайған» демекші, ел тізгінін бір адам ұстаған биліктің ешқашан опа бермегені тарихтан аян. Оның бәрі кемеңгерлік, данышпандық сияқты асылықтарға апарып, ақыр-аяғында жеке басқа табындырып тынады. Әлдебір тесік өңеш пенде түгілі, Құдайдың өзін көңілі түссе қошаметтеп, түспесе теріс қарап кететін бұқара махаббаты қашанда екіұшты. Сонымен қатар жеке билеудің ең басты кемшілігі жауапкершіліктің жоғалуы және сәл жетістікті аспаннан асыра мақтап, кем-кетік туралы жақ ашпауы. Лао Ше деген қытай жазушысының «Мысықтар шаһары» атты кітабындағы меңдуана жеген қоғам дәл бізде орнаған сынды. Билік пен халық арасы бітіспестей ажырап кетті. Ұрлық-қарлық, тонаумен бай-манап атанған «ерекше қауым» ақша атты меңдуананы жеп эйфорияда жүрсе, қара халық жатын орны, тамағы мен т...ын ғана ойлаған малға айналып бара жатқандай.
Кеше бір жастау азамат: «Осы сайлаудан соң бірдеме өзгереді деп ойласыз ба?» деп сұрады. Мен оған: «Біз өзіміз өзгеруіміз керек» деп жауап бердім. Солай дей тұра, ар жақ өзегім удай ашиды. Бәрімізге «Қазақ, жүрген жерің азап» деген қарғыс оңбай тиген тәрізді. Осындай күнді басымызға кім орнатты. Әлде, сол таз кепешті өз ықтиярымызбен өзіміз киіп алдық па? Егер әу баста басымызды ала қашсақ не болар еді? Енді келіп, осының бәріне бір адам ғана кінәлі деп ақталғымыз келеді. Мүмкін сол адамның өзі де әлдекімдердің зымиян ойынының құрбаны шығар?
Жалпы қоғамның қан тамырына вирус еніп кеткенін аңғармадық. Олардың тәтті сөздеріне ұйып, өмірі орындалмас уәделеріне сендік. Небір ғажап бағдарламалармен бесік жырын айтып, жұртты ұйықтатты. Ұйықтаған кісінің әсте, қарны тоқ жататынын олар жақсы білді...
Соноу тоқсаныншы жылдары «Менің президентім» деген төсбелгіні кеудемізге қадап, ертеңнен үміт күткен күндер көзден бұл-бұл ұшты. Президент біз үшін шынайы жолбастар, бағыт сілтер шамшырақтай көрінді. Тәуелсіздік алған жылдары алдымызда тек кемел келешек күтіп тұр деп сендік. Биліктің әр сөзі біз үшін ұран болды. Азып-тозуды да елемей өткердік. Өйткені біз расында сол кездері жарқын болашаққа қол ұстасып, бірге аттанған ел едік.
Бір кездері Пакистан туралы жазғанды оқып едім. Оларда бай мен тақыр кедей ғана бар көрінеді. Орта дәулеттілер жоқтың қасы. Солардың кебін біз де кидік. Жалған статистикамен өрледік, өркендедік. Сағымдай бұлаңдаған отыз елді қудық. Ақыры, өтіріктің арқасында оны да қиналмай қағаз жүзінде қалпақпен соғып алдық.
Мынадай ел ішінде бір әжуа бар: Жоғары жақтан төменденгі аурухана басшысына қоңырау түседі.
- Батыр, халың қалай? Бәрі дұрыс па?
- Көке, көп рақмет, халым жаман емес. Тек, мына аурулар қанымды ішпесе, тіптен жақсы болар еді!» деген екен.
Неше күн болды, сайлау деп дүрлігісіп жатырмыз. Сол сайлаудың халыққа әкелері не? Немесе қазіргілердің сленгінше айтсақ: «Что я буду иметь?!».
Біреу тойып секірсе, енді біреу тоңып секірген бір заман. Экономикасы қалыптасқан елдердің олигархтары өз мемлекетінің беделі мен мықтылығын арттыруға күшін салады. Ал біз болсақ, рейдерлік, коррупция дегеннен көз аша алар емеспіз. Бұл дегеніңіз байлық пен билік тек таңдаулы бір топтың қолында екенін аңғартады. Оларда өзінікінен өзге мүдде жоқ тәрізді. Яғни осы сайлаудың да түп мақсаты - халыққа қатысы жоқ топтардың өзара тартысы болып кете ме деп ойлайсың.
Ана бір жылдары тау бөктерінде көлікпен келе жатып, зәулім қорғанмен қоршалған үйге көзі түскен серігім: «Өздеріне өздері түрме салып алған иттің балалары!» дегені. Кешегі жалаңяқтар дер кезінде қақпақсыз қазанның қасынан табылып, көзді ашып-жұмғанша бай болып шыға келді. Кедей бай болсам десе, бай құдай болғысы келді. Артында қиянаты бар бұндай байлықты сақтау үшін саясатқа лажсыз араласуың керек. Яғни, билікке.
Осы сайлау бүкілхалықтық таңдау жасай алатын алтын шараға айналса деген бір жасық үмітті үкілегіміз келеді-ақ. Қалауымыз - демократиялық тұрғыда қалыптасқан мемлекет дәрежесінде ғұмыр кешу ғана.Теңізді қақ жарып, көксеген кереметке жеткізетін пайғамбарды да ешқандай кемеңгер, данышпанды да аңсамалық.
Біздің жердегі «Тәңіріміз» - ардың демі, қанның ізімен жазылған Ата Заң ғана болуы тиіс.
Енді көтерсек, тек, халықтың ғана шашпауын көтерелік!
З. Самалбекұлы