Белгілі күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының ла...
Тентек Тайсон
Бала күнінде тіпті әлжуаз, ынжық, ауладағы барлық баладан түрткі көріп, қыздардың өзі оған қол жұмсап, жылатып қоя беретін болған. Оны ойынға қоспайтын, қосса да әжуәлап, келеке ететін. Бүгінде әлемдік бокстің «патшасына» айналған Майк Тайсонның балалық шағы тура осындай жағдайда өткен. Майктің әкесі шақалақ кезінде тастап кетіп, анасы, ағасы үшеуінің тұрмысы ауыртпалыққа тола болды. Тайсонның балалық шағы Бруклиннің шет жағындағы жайсыз аудандардің бірінде өтті. Бауырына қамқор болар туған ағасының өзі Майкті балалармен бірге келемеждеген. Ішкілікке салынған шешесінің баласында шаруасы болмады.
1960 жылдары Браунсвилл ауданының барлық жасөспірімдері сол кезде кептер өсіріп, оның ұшқанын, билегенін қызық көретін. Майк те өзіне кептер сатып алып бақты. Тайсонның «ермегін» көрген Гэри есімді осы ауданның бұзақысы кептерінің басын жұлып, қанға малынған денесін балаға лақтырған. Осы жағдай Майктің өмірін күрт өзгертті. Тайсон осы жерде Гэриді төпелеп ұрып, бүкіл ауданның жасөспірімдері бұл оқиғаға қанықты. Одан кейін Майк қарсылас таңдаған жоқ. Алдына келгені Тайсонның гүрзі жұдырығынан құлайтын еді. 13 жасында Тайсон ұрлығы үшін сотталып, арнайы жабық мектепте оқыды. Осы жерде бокс секциясына жетекшілік ететін Бобби Стюарт те Майктің шамасын байқаған. Қара күші болғанымен, бокстің техникасынан бейхабар Тайсонға ол бір-ақ талап қойды. «Ешқандай да бұзақылық жасамайсың» деген алғашқы ұстазының қатаң ескертпесін қаперінен шығармады. Көп ұзамай Тайсон үздік оқушылар қатарына қосылған. Білетінін үйретіп, шамасы келгенше шыңдаған Бобби шәкіртін кәсіпқой жаттықтырушы Касу Д'Аматоға ертіп апарып тапсырған. Кас Тайсонды бірден жұдырықтасуға салмай, қарсылас алдында үрейін жеңуге үйретті. Психологиялық сабақтың кейін көп көмегі тиген. 70 жасқа толған бапкердің әр сөзін Майк мұқият тыңдап өсіп, алған тәлімін рингте жүзеге асыра білді. Тайсонды үлкен бокске бастаған баспалдағы тікелей осы бапкерімен байланысты болды. «Ауыр салмақтағы әлем чемпионы өсіп келе жатыр» деп оңашада Кас әріптестеріне үнемі айтады екен. Ол үмітті Тайсон ақтады.
Нұрлан Қазиұлы