ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Qazaq kuresi ұлттық федерациясының президенті бо...
Нұр-Сұлтанға арналған концертке Төреғали үшін келгендер
Алматы облысы Елбасымен бірге! Елорда атының Nur-Sultan деп өзгеру құрметіне эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Бұл туралы Талдықорғандағы Жас АЛАШ тілшісі хабарлайды.
Орталық көшелерін Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атына шұғыл өзгерткен Алматы облысы басшылары бұл шара үшін бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ дейді. Әдеттегідей классикалық жауап кәсіпкерлер қаржылай жәрдемдесті.
«Жастар» саябағына жиналған 23 мыңнан астам адам Төреғали ТӨРӘЛІ, Мадина СӘДУАҚАСОВА, Әли ОҚАПОВ, Жанар ДҰҒАЛОВА бастаған әншілердің өнерін тамашалады. Қызығы концертке келгендердің арасында «Елбасымен бірге» екендерін білмейтіндер де бар екен. Яғни, бұл шараның ненің құрметіне өтіп жатқандарынан хабарсыз.
«Жолдасым мұғалім. Концер өтетінін содан естіп баламмен кеп отырмын. Атауын білмейді екем. Ол маңызды емес қой. Төреғали мен Мәдина ән айтады екен. Негізі, солар үшін келдік», — дейді Талдықорған тұрғыны Данияр ҚАЗИЕВ.
«Концерттің өтетінін инстаграмнан көрдік. Жанар Дұғалова мен Төреғали келеді деп тұрған соң дереу жеттім. Өзім Төреғалидың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдаймын. Ал концерттің атауын оқығанда Астананың атауы өзгеруіне байланысты деп тұрды. Бірақ, оған бола концерт ұйымдастыру қисынға келмейтін сияқты. Онымен байланыстырмай-ақ қоюға болар еді», — деп пікір білдірді Жас Алаш тілшісіне тағы бір талдықорғандық Қымбат ЖҰМАБАЕВА.
Концертті ұйымдастырған бастамашыл топ қаланың қалталы кәсіпкерлері мен Алматы облысының әкімдігі екен. Танымал әншілерден бөлек шараға жергілікті өнер ұжымдары мен өнерпаздар қатысты.
«Шараға ұйытқы болған Талдықорған қаласының белгілі кәсіпкерлері. Атап айтсақ, “Қайнар АКБ” аккумулятор зауытының директоры Қуаныш МӘДИҰЛЫ. Ол кісі кәсіпкер әрі облыс тұрғыны ретінде Елбасын қолдайтынын айтып, елдегі соңғы өзгерістерге байланысты үнсіз қалмайық деп (Астана қаласының Нұр-Сұлтан атауына өзгертілуі) облыс әкімдігіне осындай үлкен шара өткізу туралы бастама көтерген. “АСПМК-519” ЖШС өкілдері де мұны қолдайтындарын жеткізген еді. Облыс бюджетінен шараға ешқандай ақша кеткен жоқ. Тек әкімшілік ресурстарды қостық. Яғни, сахнаны әзірлеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін облыс әкімдігі өз мойнын алған», — дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат ЖҮКЕЛ.
Бірақ, әкімнің баспасөз хатшысы танымал әншілердің ганорары туралы ақпар бере алмайтынын жеткізді. Келіссөздер өнерпаздардың продюссерлері мен кәсіпкерлер арасында жасалыпты.
Мерекелік концерт сағат түскі 15-00 де басталып, кешкі 19-00 де мерекелік от шашумен аяқталды.