Қазақстан Республикасының 2018 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегерлеріҚА...
«Жетісу» телеарнасында кино бөлімі ашылады
Биыл Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының құрылғанына 20 жыл. Осыған орай аталған телекомпанияда көркем-деректі фильмдер түсірумен айналысатын арнайы кино бөлімі ашылмақ.
«Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары біздің ұжым кино түсіру саласына ақырындап бет бұрып келеді. Көрермендердің көңілінен шыққан «Құдайы қонақ», «О, Ләйлә!», «Бір уыс бидай», «Омарбек мерген» атты көркем фильмдер соның дәлелі», — деп атап өтті телеарна директоры Бейсен Құранбек.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында телекомпания жанынан облыстық «Жетісу» радиосы іске қосылатыны да мәлім болды. Осы орайда Бейсен Абайұлы керекті барлық құжаттар дайын тұрғандығын айтты. Бүгінде радионың техникалық базасын жабдықтауға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылу үстінде екен. Қазір мамандар жиілік алу үшін байқауға қатысуда.
Айта кетейік, «Жетісу» телеарнасының негізі 1999 жылы, сәуір айында Алматы қаласында қаланған. Бастапқыда облыс әкімдігінің аядай бөлмесінен хабар тарата бастаған телекомпания бүгінде өзіндік орны бар үлкен шаңыраққа айналды. Телеарна өзінің 20 жылдық тарихында сан белесті бағындырған. «Алтын жұлдыз», «Дидар», «Нұр сұңқар» және «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауларында көш бастаған. 2015 жылдан бастап, жаңа ғимаратқа көшкен ұжым қазіргі таңда халыққа танымдық бағдарламалар ұсынып, сапалы хабар таратып отыр.
Алдағы уақытта «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай бірнеше шаралар өтпек. Яғни, 10 сәуір күні елімізге танымал дәстүрлі әншілердің қатысуымен Мәдениет үйінде концерт болады. Одан бөлек, ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісованың жеке ән кеші өтеді. Концерттен түскен қаражат бір мұқтаж жанға беріледі. Наурыздың 21-де БАҚ өкілдерінің қатысуымен ұлттық ойындардан жарыс өткізу жоспарланып отыр. Ал, сәуірдің 28 күні шағын футболдан республикалық турнир өткізілмек. Бас жүлдені иеленген команда 700 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталады.
«Сүйікті шаһарымыз Талдықорғанды көгалдандыру мақсатында «Журналистер аллеясын» ашу ойымызда бар. Қазір осыған арнайы орын қарастырудамыз. Сондай-ақ, «20 жылдыққа 20 көшет» деген бастамамен ғимаратымыздың маңына жас көшеттерді отырғызу шарасы ұйымдастырылмақ», — деді Б.Құранбек.
Телеарна басшысы «Жетісудың» 20 жылдығына орай арнайы кітап шығатынын да айтып қалды. Ол жерде арнаның құрылған күнінен бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігіне дейін баяндалмақ. Мерейтойдың негізгі салтанатты шарасы маусымның 14 күні Бикен Римова атындағы драма теардың жаңа ғимаратында өтеді. Онда еңбегі сіңген біраз қызметкерлерге ақпарат саласының үздігі, облыс әкімінің құрмет грамотасы ұсынылады.
Редактор