Боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев "Асылтас" телеарнасының бағдарламасына берген сұхбатында а...
Мұғалім қағаздан арылып, шәкіртімен шұрқырасар күн қашан?
Білім және ғылым министрлігінің назарына
Ойламаған жерде қызметінен аластатылған бұрынғы білім министрі Е.Сағадиевтің мұғалімдерді қаншалықты «сүйсіндіргені», ал отандық білім беру жүйесін қай қырқаға дейін сүйрегені көпке мәлім. Дегенмен экс-министрдің тек мұғалімдерді ғана емес, келешек үшін қам жейтін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тегіс қуантқан бір ерекше бұйрығы болды. Ендігі сөз сол «сиқыры іске аспаған бұйрық» пен шынайы қым-қуыт тірлік жайлы болмақ.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру және мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығымен «Орта білім беру ұйымдары педагог қызметкерінің жекелеген санаттарының жүргізуі үшін ұсынылатын құжаттардың тізбесін анықтау туралы» бұйрығы шыққан еді. Соңғы он жылда қағаз қыспағында қалған қазақстандық ұстаздарды аршып алардай көрінген бұл бұйрық бойынша мектептерді тексеріп келер кез келген бақылау органдары олардан мынадай бекітілген құжаттарды ғана талап етуге құқылы болды: сынып журналы, тақырыптық-күнтізбелік жоспар, қысқа мерзімді жоспар, критериалды бағалау бойынша құжаттар (қалыптастырушы және жиынтық бағалау), білім алушылардың күнделігі. Және де дәл осы бұйрықта сынып жетекшісінің міндетін атқарушы мұғалімдер мен директордың орынбасарлары артық құжаттардан босатылғандығы жөнінде де жазылған. Қағаздағы шындық көңіл қуантып, «қағазсыз келешекке» жол бастағандай еді.
Әйткенмен №32 бұйрықтың дүмпуінен қатталған қағаз көші мықты болып шықты. Себебі, отыз екі тістен шығып, отыз екі рулы елге тараса да, аталмыш бұйрық қағазбастылық қасіретін тыя алмады. Оған мұғалімдердің шынайы өмірінен тірі мысалдар келтірейік. Кез келген мұғалім үшін қиындық тудырмайтын әрі міндетті түрде болуы тиіс тек қос құжат бар. Олар — тақырыптық-күнтізбелік жоспар мен қысқа мерзімді жоспар. Яғни, мұғалімнің бір жылдық жоспары мен соған сәйкесінше күн сайын әрбір сабаққа жазатын жоспары. Бұл екеуі күнделікті сабаққа дайындалу барысында басшылыққа алынатын басты құжаттар болғандықтан, оларды тексертуге әрбір мұғалімде ешбір мәселе тумауы тиіс. Десек те «тексеру келе жатыр» деген дақпырт шыққанда, әлгі жыл бойы оң деп танылып, мектеп басшылығы бекіткен тақырыптық-күнтізбелік жоспардан төтеден «ши» шығып, «олай емес, былай болады-мыс» деген «болжамдар» кесірінен мұғалім бақылау органдары келгенге дейін әлденеше апта «түзету, қайта қарау» жұмыстарын жүргізіп әлекке түседі. Бұл кезде оқушы бір құдайға аманат болып, мұғалімнің назарынан тыс қалатыны да жасырын емес. Мұғалім үшін басты мәселе — «келе жатырмын» деген құқайы қатты комиссиядан абыроймен құтылу. Оп-оңай көрініп, соңы қиынға ұласатын тағы бір құжат-сынып журналы. Күнделік.кз электронды журналына көшкелі бері бұл журнал әрі ақ, әрі қара жолақтарға ие болған. Неге десеңіз, рейтинг қуалайтын бұл «ғажап» журнал сынып жетекшінің тәулік бойғы уақыты мен төзімін сарп ететін ең басты «қатерлі құжат» болып табылады. Күнде тып-тыныш сынып журналын толтырып қойып, бейқам жүретін мұғалім тексерістің тап алдында ғана электронды журналдағы өзіне бұған дейін мүлде бейтаныс болған, бірақ «тексеру бас сап сол ұяшықтарды тексереді-міс» деген «аңыздан» соң күнін ғана емес, түнін де сол құпиясын кеш ашқан журнал беттерін толтыруға арнауға мәжбүр болатыны тағы бар. Оқу жылы басталғанда талапқа сай болып көрінген сынып журналының дәл бақылау алдында бүйректен сирақ шығаруы — түсініксіз құбылыс. Бәлкім, бұл құжаттардың ретсіздігінен туындайды немесе келе жатқан тексеру комиссиясы өз «сесін» арттыру үшін әдейі «төтенше күйдегі» сынып журналын талап етеді. Не десек те, бұл құбылыста сөз болып отырған №32 бұйрықтың дүмпуін жойып жіберіп отырған бір жайсыздық екені рас.
Қазіргі мұғалім — өзі тәлімгер, өзі ата-ана. Неге дейсіз ғой. Тексерілетін құжаттар тізіміндегі білім алушының күнделігі деген құжат айтуға ғана оңай, негізі алынбас асудай «күрделі» құжат. Әр апта сайын қойылуы тиіс ата-ана қолы жоқ болса, кінәлі тұлға мұғалім болып табылатыны бесенеден белгілі. Мұндай даудан қашқан мұғалім «сақтықтың соңғы шараларын» жасайды. Журналдағы бүкіл бағаларды немесе жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен сыныптарда комментарийлерді күнделікке тегіс көшіріп шығу мұғалімге «түк емес». Ал ата-анасы баласының үлгеріміне көңіл бөлмейтін немесе назар аударуға уақыты тым тапшы болса, мұғалім малтыққан мәселелер шырмауында қалады. Сондықтан ата-ананың міндетін қоса атқарғандай болып жүрген сынып жетекшілері үшін төленетін ақы қазіргідей бес мың теңгені шамалап жығылмаса игі еді.
Бұл құжаттарды түгендеймін деп шыдамы түгесілген мұғалімнің бала оқытуға уақыты қалды ма, ойлай беріңіздер. Жоқ, оның бала оқытуға мұршасы келмесе де, тағы бір қағаздарын сайлап қоюға міндетті. Ол — критериалды бағалау құжаттары (қалыптастырушы және жиынтық). Бір ғана атаумен берілген бұл құжат өз тасасында бірнеше қағазды «жасырып тұр». Өйткені жалпы атаумен берілген бұл құжаттың нақты бір бекітілген тізбегі жоқ десе болады. Тексеріс алдында ұстаз тағы да «таңғажайып тосын сыйларға» тап болады. Ол еш жерде нақты аты аталып, түсі түстеліп жазылмаса да, «комиссия тексереді» деген қауіппен толтыруы тиіс құжаттары кенеттен ұзара береді. Бөлім бойынша алған жиынтық бағалауларына әр оқушыға комментарий жазады. Тоқсан бойынша жиынтық бағалауларға әр сыныпқа анализ жазып, тірнектеп қол сөмкесін қампайтады. Бірақ бұл қол сөмкелердің мұғалімнің уақытын өлтіру арқылы және оқушыны ұстаз қабағынан ада ету арқылы «семіріп жатқанын» елге тұтқа тұлғалар біле ме екен?
«Критериалды бағалау құжаттары» деген бір ғана атаумен сәнденіп тұрған бұл қағаздар легі талай мұғалімнің бас ауруына, тіпті жан жарасына айналғаны ащы да болса шындық.
Міне, «мұғалімнің кәсіби деңгейін көтерем» деп құлшынған ескі министр бір ғана бұйрықпен оның басына қағаздан бостандық әпере алмады. Керісінше, төрт-бес құжат деп бекітіп, анықтап бергені ашыла беретін ертегідегі сандық тәрізді шым-шытырық сипатқа ие болды. Осы бұйрықта қамтылған мұғалімді өзінің кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегуден тыю жайы да әзір жүген-құрық көрмей тұр. Күні кеше ғана өткен әкімдердің есеп беру жиналыстарында халық есебіне жаппай барып, арнайы тізіммен ғана кіргізілген мұғалімдер кісі қарасын көбейту міндетін ғана атқарып, ішіндегі зар-запыраны көмейінде жұтылған күйі жұмыс орындарына оралды. Әкімдердің жиындарында қуыршақ болып қаздиып отыру министрдің бұйрығымен шектелсе де, тежеу болмай, «жазылмаған заң» жеңіп тұр. Заманды жеңе алмаған заң жазықты ма, әлде әлденеше қайнауы ішінде қалған бұйрықты шығарған басшылар ма? Адам түсініп болмайтын шырғалаң.
Түйін: Ескі министрдің естілерді жай ғана қуантудан арыға аса алмаған №32 бұйрығы, бәлкім, жаңа министрдің келуімен тамырына қан жүгірер. Көпшілік ұстаздардың зор үміт артып отырған жаңа министр Күләш Шәмшидинова бақылау органдары безбендейтін мұғалімнің құжаттарының тізбесін тиянақтап, аққа қарамен жазғандай етіп анықтап берсе, шіркін! Отандық білім беру жүйесінде жаңа Бас ұстаз бір ғана бұйрықпен төңкеріс жасап, мұғалімді қағаздан құтқарып, шәкіртіне толық қайтарып берер берекелі заман орнатар ма екен?!