Бұрынырақта Бесқаланың Қоңырат қаласында Наурызбектің алғашқы шәкірттері болып саналатын Төребай, Жа...
Кітап - тек таңбалар жиынтығы ғана емес
Біздің оқырманымыз, Гүлмира Әжіханованың фейсбук желісіндегі жазбасы көңілі ояу жанды ойға жетелемей қоймайды. Себебі, адамзаттың ең қымбат қазынасы Кітап туралы ой қозғалған екен. Сол жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Және сол ойды сабақтай түсетін ұлылардың алтын сөздерімен тиянақтағанды да жөн көрдік.
"Кітап - тек таңбалар жиынтығы ғана емес. Мына ғаламның қайталанбас сәттерін таңбалап, кейінгі санаға қалдырған аманаты. Кітап – адамзаттың ақыл-есінің қалыптасып, өсуі мен есейу жолының тарихы. Кітап – адамзат баласының өмір кешу ортасына айналған, осынау шетсіз, шексіз кеңістік пен уақыт атты өлшемді тану жолын бейнелейтін ізденістердің ізі. Жаратушы тарапынан әр адамға теңдесі жоқ сый берілген. Ол - Ойлау қабылеті. Ойды таңбалап, кітапқа түсіре алу мүмкіндігі. Әр адамның санасы ой арқылы шексіз мұмкіндіктер мен шетсіз еркіндікке ие болды. Жаратушының ең асыл мәрттігі – адамның өз жан-дүниесі ішіннен Әлем көре алуы болар.
Осыдан барып, Кітап дегеніміз де бір әлем. Бір ғажабы ондағы түскен Ой сірескен таңба болып қатып қалмайды. Ол әр оқыған сайын өзге қырынан көрініп, жаңа танымдарға жетелейді. Ойдың қырына сан жетпес. Ой тірі субстанция. Яғни, Кітап жанды дүние. Егер онымен тіл табыса алсаң, ол сенің ең сенімді серігіңе айналады. Онымен әр кездескен сәтің өмірдің өзге қырларын танытады. Кітап – ұстаз, дос, ұлы мұратқа жетелер киелі өнеге".
"Кітап дегеніміз – қоғам. Жақсы кітап жақсы қоғам тәрізді сезім мен санаңды нұрландырады, көркейтеді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін" деген екен Н. И. Пирогов. Иә, адамның қандай екенін оқыған кітаптары арқылы да айтып беруге болады. Өйткені, сенің оқыған кітабың - сенің өмірлік ойларың...
* Кітап жансыз, бірақ шынайы дос. Гюго
* Кітап біздің ең соңғы досымыз, олар бізді алдамайды, сондай-ақ үнемі жаныңнан табылады. Фагэ
* Ашқаныңда ықыласпен шақырып, жабыққаныңда зор рухани байлыққа кенелтетін кітап қана - жақсы кітап. Олкотт
* Қолға түскенін емес, әбден таңдап-сараптап оқыңыз. Діл мен жаныңызды байытып, оны тәрбиелеңіз. Тургенев
* Бұрынғылар оқитын кітап таппай қиналушы еді; қазіргілер кітап таңдай алмай дал болуда. Шынайы еңбек үшін аса зейінді болмақ керек. Леббок
* Сізді ойлауға мәжбүр ететін кітап қана өз міндетін толық атқарған кітап. Паркер