Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды made...
Тоқсан жасына дейін тақтан түспеген мемлекет басшылары
1940 жылы Гитлер әлемді қалтыратып тұрғанда, Ұлыбританияның премьер-министрі әрі қорғаныс министрі болып 65 жастағы Уинстон Черчилль сайланады. Оның Парламентте өз ұлтына арнаған алғашқы сөзі былай басталған: «Менің сендерге қан мен терден, көз жасы мен ауыр еңбектен басқа ұсынарым жоқ». Оның осы сөзінің нәтижесі бүкіл әлемге белгілі. Черчилль 1951 жылы 77 жасында екінші рет премьер-министр болып сайланып, 1955 жылға дейін 81 жасына дейін тақта отырды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң ФРГ-нің тұңғыш канцлері болып 73 жастағы Конрад Аденауэр таққа отырды. Қазіргі Германияның негізін салған ол 14 жыл тақта отырып, 1963 жылы 87 жасында доғарысқа кеткен. Осы уақыт ішінде ол соғыстан қисапсыз қирап шыққан еліне әлемдік жетекші держава дәрежесін қайтарып берді.
1953 жылы АҚШ-тың 34-президенті болып 63 жастағы Дуайт Эйзенхауэр таққа отырды. 1956 жылы 66 жасында ол екінші қайтара президент болып сайланады. Кәрі тарланның Кореядағы соғысты тоқтатып, коммунистік сенімдегі ғалымдар мен қайраткерлерді қуғындауды тоқтатқанын айтсақ та жетеді.
Генерал Шарль де Голль 68 жасында Францияның басшысы болып сайланған. НАТО-мен байланысын үзіп, французға бағынышты елдерге тәуелсіздік әперген ол 1965 жылы 75 жасында Франция президенті болып екінші қайтара сайланады.
Қытай реформасының атасы саналатын Ден Сяопин 1976 жылы 72 жасында коммунистік Қытайды басқарған. Қытай қазір әлемдегі екінші держава болса, ол – осы Ден Сяопиннің еңбегінің арқасы. 1989 жылы 85 жасында билік бұтағынан біржола кетсе де ол ұлтының рухани көсемі болып қалды. Қытай халқы үшін ол теңдессіз бедел иесі.
Рональд Рейган 1980 жылы 69 жасында АҚШ президенті болып сайланды. Екінші рет қайта сайланып, 1989 жылы 77 жасында тақты босатты. Оның орнына 65 жастағы Джордж Буш отырды. 2008 жылы 72 жастағы Джон Маккейннің Барак Обамамен бірге АҚШ президенттігіне таққа таласқанын ұмытқан жоқпыз. Францияны Француа Миттеран 78 жасына дейін биледі.
Израильді президент Шимон Перес 91 жасына дейін билеп, 93 жасында қайтыс болды. Жаһандық өкіметтің ұшар басында дәл қазір 96 жастағы Генри Киссинджер мен бұдан екі жыл бұрын 102 жасында қайтыс болған Дэвид Рокфеллердің тұрғанын да ұмытпайық. 89 жасында қайтыс болған Бжезинскийді айтпағанда, қазір 89 жастағы Соростың әлемдік ақша саясатында қалай атой салып жүргенін айдай әлем біледі. Міне, Американың ақиқаты.
Осы мысалдарға қарап-ақ мемлекеттік қайраткерлердің табысты болуында жас мөлшері емес, жеке сапалық қасиеттері басты рөл атқаратынына көз жеткізуге болады. Ел басына ауыр қиыншылық туғанда көптеген мемлекеттердің жасы шау тартса да аса тәжірибелі қайраткерлерді билік басына отырғызғандарына кәрі тарихта мысал көп.