Сатыбалды Нарымбетов. БІЗГЕ ҚАЖЕТІ ҚАЗАҚ ФИЛЬМ БЕ, «БА-БАХФИЛЬМ» БЕ?

Жаңалықтар
3214

Кешелі бері теледидарда да, интернет желісінде де гу-гу әңгіме: «Бір өжет жігіт қазақ киносын оңдырмай сыбап тастапты! Енді парламент мінберінен сөйлеп, өкіметтен қаржы сұрапты! Киноны қалай түсіру керек екенін білем, қара да тұрыңдар, біз тамаша кино түсіріп береміз! – деп жатыр деген жұрттың әңгімесі интернетті аштыртты. Қарасам бір жігіт, орысша тілі тіліне жұқпай асығып, аптығып, артынан біреу қуып келе жатқандай сөз сапырып тұр екен. Оған сөз беруші Б.Әйтімова да орысша: «Лучший вайнер года!» деп оны салтанатты түрде жариялай таныстырды. Көзқарақты жігіттерден сұрастырып көрсем – бұл жігіт қысқа әзіл-сықақпен көзге түсіп жүрген КВН-нің «сарбаздарының» бірі болып шықты. Сөздері – зіл, қара тас, арсың-гүрсің, көздері – алақ-жұлақ, қашып, артынан біреу қуып келе жатқандай. Әдетте қалта ұрылары осылай қашатын еді. «Қазақфильм» жыл сайын бюджеттен пәленбай миллион қаржы алып көп фильмдер түсіріп жатады, «сол фидьмдер қайда?» деп жар салды. Оған ардақты депутаттарымыз қойлары егіз тапқандай жырқылдап күлгендері, ду-ду қол шапалақтап қуанғандары мені қараптан қарап таңғалдырғаны! «Вайнер жігіт» «Қазақфильмнің» соңғы туындыларын көрмесе оған кім кінәлі? Бармаған, көрмеген өзі кінәлі! Біздің жас режиссерлеріміз халықаралық кинофестивалдерден абыройлы жүлделер әкеліп жатқандарынан бейхабар болса,  тағы да осы «вайнер» жігіттің өзі кінәлі! Ал осы жүлделі фильмдерді Астанада тұсаукесер рәсімінде жаңа ғана «вайнер» жігітке құлшына қол соғып мәз-мейрам болған депутат ағайындардың көбісі көрген кезінде. Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік сыйлық алған Ақан Сатаевтың «Анаға барар жол» фильмін де көрмесе – тағы да сол «вайнер» жігіттің өзі кінәлі болады да, ал депутаттарымыздың оны білмегендей, көрмегендей болып тым-тырыс, жұмған аузын ашпай, «вайнерді» қолпаштап, қол соққандарына таңым бар! Демек… Демек, олар да қазір өздері шулап, жұртты да шулатып, мол «табыс тауып» жүрген: «Сиситай», «Жена не стена», «Загадай желание», «Инстаграмщица», «Келинка тоже человек», «Брат или брак», «Оралман из Питера», «Все из-за мужиков» т. б. арзанқол, арзан күлкіден тұратын фильмдерге тамсанады екен да?!.. Айтпақшы, әлгі тізіп өткен арзан күлкіден тұратын даңғаза фильмдер «Қазақфильмде» емес, жеке студияларда түсірілгенін баса айтқым келеді. Және де Мәдениет министрлігіне келіп қол жайып, қаржы талап еткен жоқ, той-томалақтан тапқан, не басқалай тапқан өз ақшаларымен түсірген. Оған да шүкір! 

Ары кетсе, қазақтың төл кинотуындыларын екі-үш күн-ақ көрсетіп, қалған ұтымды – праймтайм-сеанс сағатын шетелдік атыс-шабыс, графика тәсілін мол қолданатын қияли-фэнтези фильмдеріне олжалап беріп жатқан  прокатты кінәласын! Айтпақшы, оларды да кінәлауға бұл пақырдың әдісі жоқ, прокат ғасыр басынан жеке тұлғалардың еншісінде!  Құдайға шүкір, мәдениет министрі Арыстан Мұхаммедиұлы өткен жылы үлкен іскерлік көрсетті.  Екі жылға жуық басымызды қайта-қайта қосып, тыным таппай жүріп, жиырма жылдан бері парламент қайта-қайта талқылап қайтарып, әуре-сарсаңға түсірген кино туралы заңның жобасын жұмыла  жедел әзірлеп, жыл соңында киногерлер зор қуанышқа бөленді.  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев заңды құптады да бекітті! Ендігі мақсат – жоғары сапалы фильмдер түсіріп қана қоймай, прокатпен де заңдастырып, өз көрермендерімізбен тығыз байланысқа шығу. Ал осы екі арада «Қазақфильм» киностудиясы қаншама фильмдер түсіріп үлгерді! Көрмес – оны да көрмес! Естімес – оны да естімес! Ал вайнер жігіт болса жеке студиялардың аталмыш әлжуаз фильмдерін көріп, мен де олардан кем фильм түсірмеймін деп, құлшынып, білек түріп, трибунадан бар даусымен бюджеттен маған да қаржы бөліңдер, «такие проекты снимем! Такую комедию бабахнем!!!» (Өз сөзі! ) – деп депутаттарды бір рахаттандарып күлдірді. Соған қарап отырып, және де жоғарыда мен біразын тізіп өткен, өнерге еш қатысы жоқ, рухани жүдеу, солғын, көрермендерді арзан күлкіге қарық қылған фильмдерді өздері өздерін мақтап, айға көтеріп жүрген фильмдерді көргенде есіме түскен ескі мәтел: «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады!». 

Осы бейнежазбаны көріп отырып, мені бір тылсым ой мазалады… 

«Бұл вайнерді парламентке, депутаттар алдында аса жауапты мінберден осындай оқыс сөйлеуге, (бейбастақ десеңіз де болады!) кім арнайы шақырды??? Ол неге еркін, әдеттен тыс, ауыздығын шайнаған аттай, жер тарпып, ышқына сөйлеп тұр? Депутаттардың алдында құдды бір сүйікті нағашысының үйіне… (Бұл жерде «үкімет үйіне» деп оқысаңыз да болады! –авт. ) келіп, төрге шығып алып, бәсіре тайын… (кино түсіруге қаржы талап етіп тұр» деп оқысаңыз да болады! – автор) сұрап тұрған ерке жиен сықылды! Сол жерде тұрып, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлын жекпе-жекке шақырғандай әсер қалды!… Есіме тағы түскені: Николай Васильевич Гоголдің бір кейіпкері айтушы еді: – Оно, конечно, Александр Македонский герой! Но зачем стулья ломать?! 

Сол есіме түсіп,  күлкім келді, бірақ күле алмадым…  Күле алмаған себебім, тағы бір сұрақ туындады: Біздің рухани деңгейіміз қай шамада? Біздің болашақ ұрпағымызды «тәрбиелейтін» осындай вайнерлер болмақ па? Осы Абылай атамыздың түсі шындыққа айналып бара жатқан жоқ па???  т. б. ойлар мазалап, күле алмадым. Мүмкін, әлгі депутат ағайындармен бірге жорта күліп, жорта қолшапалақтауым керек пе еді? 

Дей тұрғанмен, осы қысқа экспромт-мақалаға біздің Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының соңғы уақытта түсірген фильмдерінің тізімін қосып жіберіп отырмын. 

2018 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» (реж. Р.Әбдіраш)  және «Елбасы жолы. Астана» (реж. А.Сатаев) тарихи картиналарын, «Шыңырау» философиялық драмасын (реж. Жәнібек Жетіруов), «Шырақшы» драмасын (реж. Ермек Тұрсынов), «Аруақ» моно-фильмін (реж. Хуат Ахметов), «Балуан Шолақ» биографиялық фильмін (реж. Нұргелді Садығұлов), «Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасын (реж. А.Заиров пен М.Мамырбеков), «Саташ» вестернін (реж. Төлеген Байтөкенов), «Түн құдайы» фантастикалық фильмін (реж. Әділхан Ержанов), «Тренинг личностного роста» драмасын (реж. Фархат Шарипов), «Талан» тарихи фильмін (реж. Болат Қалымбетов), «Өзен» драмасын (реж. Эмир Байғазин), Қазақстан-Қытай бірлескен киножобасы – «Композитор» және де анимациялық  «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» фильмдерін түсірді. Сондай-ақ жуық арада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» ірі ауқымдағы кинокартинасының  тұсаукесерлік көрсетілімі өтіп, прокатқа шығады. 

Мүмкін, «вайнер» жігіт көріп қалар? Ол көрмесе, депутат ағайындарды арнайы шақырамыз.  …Алтын уақытын қиып, келетін шығар деп сенеміз! Ал әзірге тағы да бір-екі «үздік вайнерді» парламентке тағы да шақырып ап, көңілдерін көтеріп отырсын! Біз қарсы емеспіз… Айтпақшы, көрші елдегі атақты Киркоров пен Басков, Лепстерді де КВНшик-масқарабоздардың арасына салтанатты түрде шақыруға да болады. Қызық болсын! Көрермендер теледидардан айтып жатыр: «Сахнаға Димаш Құдайберген шыққасын олардың шақыру құны күрт төменге түсіп кетіпті!».  Ендеше, қимылдап қалайық, ағайын! Құрметті депутаттарымыздың жұмысы тым ауыр, анда-санда бүгінгідегідей көңіл көтеріп, бір серпіліп қалсын! Қанша дегенмен олар да адам ғой, компьютер емес, шаршайды, шалдығады. Соны да ескере жүрейік, жамиғат!…   

Ұмытып бара жатыр екенбіз ағайын, тағы бір жаңалық: атағы бүкіл Қазақстанға мәлім КВНшик Қоянбаев шетелде түсірген кезекті кинохитін бітіріпті деп интернет мәре-сәре қуаныш хабар жеткізді! Енді дүниежүзін дүр сілкіндірер блокбастер түсіруге дайындық жүргізіп жатыр екен. Сол киножобасына өзінің қаржы жағы жетіңкіремей, ол да Мәдениет министрлігіне көмек сұрауға келмек ойы бар деген сыбыс шықты ел арасында, несі бар, келсін! Депутаттарымыздың сүйікті масқарабозы ғой, оны да Қабатовпен бірге шақырайық! Біздің кино түсіріп жатқан әншілерден қай жеріміз кем деп құлшынған, басқалар да келсін! Қол шапалақтап, оларды да қарсы алайық! Олар да құрметті мінберден жүрекжарды жобасын қысылмай айтып берсін!Олардың да орысша араластырып бүткіл Қазақстанға әлгі «вайнерше»: – Дорогой Арыстанбек Мұхммедиұлы, дайте из госбюджета нам немножко денег, мы тоже БАБАХНЕМ кинокомедию! – деп айтарына өз басым кәміл сенем… 

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер, драматург. 

Коллаж: Сәбит Құрманбеков

aikyn.kz

ТЕАТР

XVIII ғасырдағы итальяндық скрипка өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, қырыққа жуық операның авторы,...

Жаңалықтар

Адвокат Ләззат Рақышеваға келген хаттың бірінде келіншек сырын жазған, деп хабарлайды madeniportal.k...