Иван Буниннің қысқа әңгімелері

ӘДЕБИЕТ
2600

Иван БунинҚАРСАҢДА

Қала. Вокзалға тартып келеміз. Арбакеш еңіске қарай құйғыта жөнелді, алдымызда өзен үстіндегі тар көпір. Көпір астындағы тайыз жағалауда екі иығы едірейіп, теріс қарап тұрған босяк жемтік қарпыған аш иттей асығып-үсігіп кір шүберектің арасынан бірдемені жеп жатыр. Артымыздан салдыр-күлдір ырдуан арба қуалап келеді, ырдуан арасынан салбыраған мұжықтардың талыстай аяқтары қорқынышты-ақ. Бәрінің үсті-басы ұн, диірменшілер, бәрі де гүжбандай дәу мұжықтар, бәрі де өңшең жирен бас, жалаңбас, қызыл көйлекті қынай буынып алған...

Бұдан соң вагон. Екінші класс. Менің қарсы алдымда отырған қырықтар шамасындағы әлдебір мырза таңқиған шелектей келте танауына алтын көзілдірік киіп алып, мені менсінбей осқырынып қайта-қайта тұра береді де қайта-қайта қапталған чемоданын қозғап-қозғап қояды. Жинақы, әрі сабырлы, әрі өзіне сенімді, барға тоқ мырза бағасын да тым жоғары бағалайтын болса керек...

Дегенмен, он алтыншы жылдың күзі де жақындап қалған еді...

1930.


ҚАНІШЕР

Замоскворечье. Шатырында күркесі бар ағаш үй. Көгілдір бояумен әдемі сырланған, терезелері жарқырап тұр. Алдында үймелеген тобыр, қазынаның үлкен машинасы. Ашық есіктен жоғарыға шығар баспалдаққа төселген сұр кілем көрінеді, ортасында жіңішке қызыл алаша. Жиналған тобырдың назары сонда, сызылған сыпайы дауыс естіледі:

- Солай, қарағым, өлтіріп қойыпты! Жесір қатын жас еді, бай көпестің тұқымы... Оны өлердей қатты сүйеді деуші еді. Ал ол неме соның тек байлығына ғана қызығыпты да кім көрінгенмен жүрсе керек. Әйел оны ақтық қоштасуға шақырыпты да дәмін беріп, шарабын ішкізіп отырып, "көне жүзіңді бір көріп қалайыншы" дей беріпті. Содан масайған кезде пышақты салып алыпты ғой.

Күркенің терезесі ашылды да ақ қолғап киген әлдебір қол машинаға белгі берген. Автомобиль гүжілдеп ілгері жылжығанда жұрт қақ жарылды. Бір кезде әйел де шықты-ау - алдымен түп-түзу аяғы, одан соң бұлғын ішіктің өңірі көрінді, ақыры бүкіл көркі жарқ етті - құдды шіркеуге, некеге бара жатқандай баспалдақтан бұралып, жайқақтап түсті. Сазандай аппақ, көзі, қас-кірпігі қап-қара, жалаңбас, шашын жылмита қайырып тараған, құлағында ұзын сырға жалтылдайды. Беті бүлк етпейді, жарқын, жұртқа езуін жымырып қана күлкі тастады... Машинаға келіп отырды, оның артынан кірген жеңіл шекпенді жиылған тобырды жақтырмай қатқыл қабақпен сүзіп өтті; есік сарт етті де машина жұла жөнелді...

Соңында қалған жұрт лепіріп:

- Ойпырай, құйғытуын қарашы! - десіп таңдай қағысты.

1930.

ЖАЛМАУЫЗ

Қайыршы қыз, жетім, дені-басы таза, қой аузынан шөп алмайтын момын, тіпті жарымес десе де" болады. Байдың үйінде есік көзінде жүрді, ең ауыр, қайдағы лас жұмыс осының мойнында - сілесі қатқанша тыным жоқ, әйтеуір жағыну үшін жағын ашпайды. Староста, отставкадағы гренадер-солдат, осы үйдегі шаруаның бас-көзі, бірде бас салып байғұсты пәктігінен жұрдай қылды. Қайтсін, қаншама алпарысып қарсылық жасағанмен дәрмен жоқ. Ай өткенде құрсағы қампиып шыға келді. Мұнысын жұрттың бәрі біліп қойған. Старостиха ойбайын салып отбасының шаңын қаққан соң қожайын ханум қызды қуып шықты. Сорлы байғұс жоқ-жұқанасын мөшекке жинап алып, жылап-еңіреп тайып отырды. Старостиха баспалдақта тұрып алып қуаныштан жарылып кете жаздады: жындыша жұлынды, ысқырды, иттерді айтақтады, жез легенді таңқылдатып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты:

- Қаншық! Қайыршы! Қаңғыбас! Жалмауыз! Сиқыршы!

1930.

КӨЗ ЖАСЫ

Қайыршы кемпір усадьбаның қақпасын қақты. Кигені кемпірдің алба-жұлбасы, аяғында шылғаудан жаман кемпірдің жыртық шұлығы, башпайы ағаш, көз уайымнан шүңірейіп кеткен.

Қолына елу тиын ұстатып сөзге тарттым:

- Әжей, сенің бармаған жерің, баспаған тауың жоқ, сонда не қызық көрдің?

Кемпір егіліп тұрып жылады:

- Оның несін сұрайсың, қарағым, мен не көрмеді дейсің!

Аяғын шалыс сүйретіп жынды Ваня келе жатыр, шашы аппақ. Онысын жұлмалап қырқып тастаған, үстінде әйелдің көйлегі, иығында дорба.

- Ваня, амансың ба! Қал қалай?

Ол сілекейін шұбыртып ыржиып күлді:

- Жүрміз ғой, көке, көл-көсір жастың көмегімен! Көл-көсір жастың қуатымен!

1930.


КАПИТАЛ

Қарны шартиған қып-қызыл квас сатушы бүкіл жәрмеңкені басына көтеріп шырылдап айқайлап тұр:

- Мінеки, иіскесең танауыңды жаратын, ішсең өңешіңді қабатын тентек квас қайнап тұр!

Топ ішінде абажадай бөркін желкесіне басып киген алпамсадай мұжық қолтығына қысқан ақ нанды арпадай асап келеді, аузын кере шайнағанда пысылдаған танауы шелектей боп кетеді.

- Квасыңның құны қанша?

- Бөтелкесі бір сом, стақаны жеті тиын.

- Бір тиынға шырп еткізсең қайтеді?

- Бауырым, шырп еткенге торғай да шырылдамайды.

Мұжық езуін кере шайнап ойланып тұрды да күрсініп салды:

- Жоқ, жеті тиын тым қымбат екен. Оған капитал мүмкіндік бермейді.

1930.


КОМЕТА

Әлдебір комета келе жатыр дегенге ауылда да, аулада да ешкім сенбеді. "Ол әншейін баяғы заманда бір болған нәрсе ғой" десті. Бір күні түн ішінде сарайдың артқы жағынан, батыс көкжиекте соңына шұбырған құйрығын тастап жарым аспанды жарық қылып әлдене заулап өтті. Мырзалар баспалдақ үстінде қарап тұрысты. Былайғы жұрт лашықтан шығып шоқынысып жатты. Ертеңінде староста қожайын үйінің шатырына шығып булықты тақтаймен шегелеп жатқан. Тарсылға үйден жүгіре шыққан иесі айқай салды:

- Әй, староста! Нағып жатырсың?

- Булықты бітеп жатырмын.

- Неге?

- Комета кіріп кетпесін деп.

1930.

СЫРҒАУЫЛ

- Сәлеметсіз бе, мырза, құзырыңызға құлдық! Қалай күн көріп жатырсың дейсіз бе? Құдайға шүкір. Әйтеуір тырпылдап жүріп жатырмын ғой. Жәрмеңкеден жәрмеңкеге, базардан базарға жүгіремін... Жас болса қырыққа таяп қалды - тыным таппай безектегенімді көріп мықты екен деп ойлап қалмаңыз. Жанымды сақтайтын баспанамның барына да құдайға разымын - өзегім талып, өлейін деп жетемін, әйтеуір өз үйім ғой... бірақ ол да қайбір жетісіп тұр дейсін, шынымды айтсам, тірі пенденің басына салмасын, жалғыздықтан жарылып кете жаздаймын. Слободканың тіршілігін өзіңіз білесіз: қапырық ыстық, құрғақшылық, күн де батып бермейді... Үй болса қаңырап тұр, қатын өлген, балаларды да о дүниеге аттандырып жібергем, жалғыз шешем ғана қалқайып жүр. Бірақ соңғы кезде ол да сыр бере бастады: шама кеткен, аяғын зорға сүйретеді, құлақ керең, көз көрмейді, естен айырылып алжып отыр, жүдегені соншалық, деп қазір табытқа сала салсаң да сия кетеді. Кезінде қандай әйел еді десеңізші! Көрік десең көркі бар, ажары айдан аппақ! Ал қазір дым да жоқ, сырғауыл боп қалды.

ҚАРИЯ

Қудай аппақ, дудыраған қалың шаш ағарып кеткен, күні бойы темекі сораптайды.

Құлқынсәріден оянады, тұра салып темекі тартпаса, жынды адам секілді, ымға да, дымға да түсінбейді.

Адамға да, құдайға да қажеті жоқ, мынау жарық дүниеге де, ұрык-шарқына да, жұрағатқа да жат (әйтеуір әке деп, ата деп алдай салысқан болады), ұзамай бір күні үн-түнсіз өле салатын шығар, мынау мещанның отбасынан, мынау түкпірдегі мылқау қалашықтан мәңгілік жоғалар, сонда ғұмыр бойы темекі түтініне қақалып оның не үшін, кім үшін өмір сүргенін біреуден сұрап көр, біліп көр.

Дегенмен оның да оз орны бар еді:

- Ата, тамаққа келіңіз. Кеспе суып барады.

- Жә, іше беріңдер, менсіз-ақ іше беріңдер... мен кейін... қалған-құтқанға да разымын...

Ал шындығында, сол тамақты шыдамсыздана күтіп отырған - құлқынсәріден.

- Ата, ең болмаса дамбалыңызды ауыстырып кимейсіз бе, сізде ішкиім деген қатпар-қатпар жатқан жоқ па!

- Мұныңа да рахмет! Қатпар-қатпар кейсің бе? Шырағым-ау, менде жыртық шұлғау да қалған жоқ қой! Болса оны несіне аяп отыр дейсің! Келін шырақ, маған енді түктің де қажеті жоқ. Шүкір, аз өмір сүргем жоқ, қанағат керек, құдайдан ендігі бар тілегім - тезірек өлсем деймін...

Ал оның сараңдығында шек жоқ, дірілдеп-қалшылдап жиған тергенін аңдып жүр, жарық дүниені қимайды, жүзге жетсем деп көксейді.

Не үшін?

Оны өзі де білмейді.

"Жаттың жаны - жұмбақ" деседі. Жоқ, өз жаның одан да жұмбақ.

1930.

author

Иван Бунин

ЖАЗУШЫ

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...

Сұхбат

Instagram мен TikTok-та мұғалімдер мен оқушылар жайлы қызықты видеоларымен таныла бастаған ер мұғалі...