Құлағын кескен қияли суретші жынға мініп, аспанға ұшқан ба?

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3334

Көптеген жазушылар мен суретшілердің өз шығармаларында  алыс болашақты, мәселен, өздері естіп-білуі мүлдем мүмкін емес ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктерін, болмаса келешекте болатын нақты жағдай мен оқиғаларды соншалықты дәлдікпен болжап сипаттағандары белгілі. Олардың болашаққа үңіле білетін ерекше қасиеті неден?

Мәселен, атақты Ван Гог, иә, бір құлағын өзі кесіп тастайтын қияли суретшінің 1889 жылы, өзін - өзі өлтіруінен бір жыл салған «Жұлдызды түн» атты картинасы бар.  Мұны неге айтып отырмыз? Осы ХХI ғасырда  ғарышты зерттеуге арналған «Хаббл» телескопы Жерден 20 мың жарық жылына тең қашықтықтан  галактиканы  түсіріп алған-ды.  Осы телескоп түсірген жұлдызды аспан Ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасына қатты ұқсайтыны астрономдарды ерекше таңырқатқан. Яғни, суретшінің картинасы мен түсірілімдегі жұлдызды аспанның,  ғарыштағы жарылыстан пайда болған шаң мен газдың түзілім формасы  бірдей болып шыққан. Айырмашылық тек суретшінің көк бояу қолданғанында, ал фотографияда қызыл бояу басым.

Ван Гог  осының бәрін қалай, қайдан білген? Әлгі телескоптағы жұлдызды аспан Жерден 20 мың жарық жылына тең қашықтықтан түсірілгенін айттық. Ал суретші тар шеберханасында-ақ отырып өзі аясында дүниеге келген Тоқты шоқжұлдызын, сондай-ақ Ай мен Венераны,  жарықтың қозғалысын,  физика мен математика  ғылымындағы шешуі табылмаған ең күрделі түсініктерді  дәлме-дәл бейнелеген. Қалайша? Бұл жайында түрлі болжамдар айтылуда. Ван Гог ғарышқа саяхаттап барып қайтқан болуы керек деушілер де бар. Кім біліпті, ұлы суретші шынымен  көріпкел болды ма, әлде жатпланеталықтар ұрлап әкетіп, қайта әкеліп тастады ма екен? Көптеген данышпандардың басынан осыған ұқсас түрлі жағдайлар өткен ғой. Қазақтың арасында да жын жүгендеп мініп, аспанда аққу болып ұшқандар туралы сан  әңгіме бар.

Ал атақты фантаст Жюль Верн өз кітаптарында болашақта нақты жүзеге асқан ғылыми жаңалықтар жайында бір емес, бірнеше рет жазып қалдырған. Соның бірі – «Жерден Айға дейін» (1865) романындағы Айға аттандырылатын «Колумбиада» снаряды. Флорида жарты аралынан желтоқсан айында ұшып шыққан үш адам  – Барбикен, Николь және Ардан Ай орбитасына жетіп, қайта кейін ұшады да Тынық мұхитқа келіп қонады. Көптеген жылдардан кейін америкалықтардың Айға «Аполлон-8» ғарыш ракетасын ұшырғаны белгілі. Ондағы экипаж да үш адамнан құралған және Флорида штатынан желтоқсан айында ұшып шыққан. «Аполлон-8» «Колумбиаданың» маршрутын айнытпай қайталаған. Біреуі ойдан құрастырылған, біреуі шын екі аппараттың да салмағы мен көлемі бірдей болып шыққан. Америкалық үш ғарышкердің аттары – Борман, Лоуэлл және Лидер. Үш ғарышкердің екеуінің есімдері Жюль Верннің кейіпкерлерінің есімдерімен үндес.

Осыған ұқсас тағы бір мысал – «Су астындағы 20 000 лье (шақырым)» (1869) романындағы суасты қайығының жобасы. Ол заманда жан баласы суасты қайығы жөнінде естіп-білмеген. А ХХ ғасырда суасты қайықтары шындыққа айналды. Сондай-ақ А.Н.Толстой жазған лазерлік қондырғы да бүгінде ешкімге таңсық емес.

Ағылшынның атақты жазушысы Свифттың қаламынан туған «Гулливердің саяхаттарын» бала кезінде оқымаған адам аз шығар. Зерттеушілерді осы кітаптың кейіпкері кездейсоқ тап болатын ұшатын арал қызықтырып келеді. Автор көркем әдебиетке онша жанаса бермейтін ғылыми-техникалық дәлдікке әдейілеп тоқталғандай. Мәселен, Свифт ұшатын немесе жүзетін аралдың формасы мен диаметрін, биіктігін, қысқасы барлық сипатын тура өзі өлшеп-пішкендей тәптіштеп келтіріп, аралдың алып магнитке сүйене отырып ауада ұшуға қабілетті екенін жазады. Ол кезде, яғни 1726 жылы бұған ұқсас нәрсе  өмірде әлі ойлап табылмаған-ды. Адамдар магниттік алаң жайынан еш хабарсыз болатын.

Свифт өлген соң отыз жылдан кейін француз химигі Лавуазье Лапута аралының оқымыстылары ашқан ауаның құрамын анықтаған. Романда Марстан оның екі серігіне дейінгі ара қашықтық жайында дәлме-дәл мәлімет беріліпті.

Ал атақты америкалық фантаст Роберт Хайнлайн тіпті алысқа сілтеген. 1941 жылы жазған повесінде ол америкалықтардың ураннан атом бомбасын жасағанынын жазады. Шығарма жарыққа шығысымен авторды ФБР шақырады: арнаулы қызметтегілер жазушының сол кезде ғалымдар өте сақтықпен іске асырмақ болып жатқан мемлекеттік аса құпияға қалай қол жеткізгенін және қондырғыны қалайша дәлме-дәл суреттегенін білмек болып, сан сұраудың астына алады.

Міне, осыдан-ақ  жазушылар  мен суретшілердің ішінде  болашаққа үңіле алатын қасиетімен таңқалдырғандардың  аз еместігін, оларды Жаратушы ерекше әулиелік қабілетпен дүниеге әкелгенін білуге болады.

Төреғали Тәшенов

«Қамшы» сілтейді

author

Төреғали Тәшенов

АҚЫН

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...