Салыстырмалы әдебиетті зерттеудің үш түрлі үлгісі бар: алғашқысы уақыт пен кеңістіктің алқымынан атт...
Қазақ театры жаңа кеңістікте
Тәуелсіздік мерекесінен кейін астаналықтар мен қала қонақтары үшін іле-шала тағы бір мереке басталып кеткендей болды. Ол – көптен күткен әлемдік мюзиклдың премьерасы! Желтоқсанның 18-нен бастап бір апта бойы Бейбітшілік және Келісім сарайына ағылған халықтың қарасында шек болмады. Тіпті, барлық әлеуметтік желілерде тұрғындардың таңдай қағып жариялап жатқан жаңалықтарының бәрі – «Notre dame de Paris»! Осыған дейін әлемнің 9 тіліне аударылып, бірнеше мемлекетте сахналанған атақты мюзиклдың 10-шы аялдамасы – Қазақстан болды. Бұл осыдан бір жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің үлкен бастамасымен қолға алынған үлкен жоба болатын. Нәтижесінде Гиннеске енген әлдемдік мюзиклдың Қазақ еліндегі премьерасын тамашалаған халық та, БАҚ өкілдері де бұл жаңалықпен жарыса бөлісіп жатты. Біз де сол өрісі кеңейе түскен өнеріміздің өткеніне көз салып, ертеңіне елеңдейтін театр сыншысы, әдебиетші Әлия Бөпежановамен аз-кем әңгімелескен едік.
- Биылғы жылы руханият, өнер салаларында көптеген игі істер атқарылды. Театрларда әртүрлі жанрлар бойынша жаңа спектакльдер дүниеге келді. Ал, айтарлықтай көркем туынды, сәтті премьералар қатарында «Астана-мюзикл» театрындағы «Notre dame de Paris» мюзиклын айтуға болады. Әңгімеміздің осыдан бастасақ...
- Пікіріңе толығымен қосыламын. Ең алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасы әдебиет пен өнердің дамуына жаңаша серпін беріп отырғанын айтар едім. Еліміз халықаралық қарым-қатынастардың толыққанды субъектісі болғандықтан саясат, экономика, бизнес, т.б. салалардағы халықаралық шаралар жүйелі түрде өткізілетіндіктен қоғам оны қалыпты ахуалдай қабылдайды. Ал, өткен жылдан бері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әдебиет пен өнер саласындағы биік деңгейлі шаралар өтуде. Таза театр саласын алатын болсақ, өзге шараларды айтпағанда министрліктің қолдауы және Қазақстан Театрлар ассоциациясының қатысуымен Астанада екінші рет өткізіліп, Италияның атақты дель-арте театрынан бастап әлемнің он сегіз театры өнер көрсеткен Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өзі неге тұрады! Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» баяндамасында, көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайтынына назар аударған болатын. Ендеше Т.Манның қисынына салғанда, тобырды ұлтқа айналдыратын театрлардың да көрермендерімен бірге үлкен кеңістіктерге шығуына игі әсер етіп отырған мұндай үлкен фестивальдің нәтижелерін біздер, сөз жоқ, уақыт өте келе сезінетін боламыз.
«Астана-мюзикл» театрындағы «Notre dame de Paris» мюзиклы да кеңістік ұлғайтудың жасампаз бір көрінісі. Бұл мюзикл театрдың, осы халықаралық жобада жұмыс жасаған үлкен ұжымның тынымсыз ізденісі мен үлкен еңбегінің жемісі. «Астана-мюзикл» театрының ғана емес, жалпы қазақ сахнасының табысы деуге болады.
Театрлардың жаңа маусымы басталғалы өзге де көптеген премьералар қатарында М.Әуезов театрындағы режиссурадағы аға және жас буынның жалғастығындай Е.Обаевтың қойылымындағы «Анна Каренина» мен Д.Жұмабаеваның «Ғасырдан ұзақ күн» қойылымдарын да атау керек.
-Бүгінгі таңда Париждің өзінде бір-бірін қайталамайтын, эстетикасы мен көркемдік ұстанымы әр түрлі 300-ге жуық театр бар екен. Ал, біздің елімізде таза мюзикл бағытында жұмыс жасайтын тұңғыш «Astana Musical» театрының ашылғанына да көп уақыт болған жоқ. Жалпы, елімізде мюзикл жанрының бұған дейін аса бір бой көрсетпей келуін театрлардың аздығымен байланыстыруға бола ма?
-Театрдың көбеюі - қоғамның дамуына байланысты. Франция театрларының бірнеше ғасырлық тарихы, қалыптасқан құрылымдары бар. Сондықтан Парижде соншама театрдың болуы заңды да. Бізде де тәуелсіздік кезеңінде көптеген мемлекеттік театр ашылды, жеке театрлар саны да молайып келеді.
Жанр ретінде пайда болғанына ғасыр енді толатын мюзикл өз бастауын музыкалық комедиядан алатыны белгілі. Ал, қазақ театр тарихындағы алғашқы музыкалық комедия М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» 1934 жылы ашылған музыкалық театр, қазіргі Абай атындағы академиялық опера-балет театрының алғашқы қойылымы. Ал, бергі тарихтан алсақ, республикамыздың драма театрларында мюзикл деп айдар таққан «Ханума», «Әлі баба мен қырық қарақшы» («Мың бір түн» желісімен), «Аршын мал алан», америкалық мюзикл «Ветстайд хикаясы», тағы да басқа көптеген қойылымдар болды. Бүгінгі таңда белгілі режиссер Н.Жақыпбайдың жетекшілігіндегі Астана Жастар театрының репертуарындағы мюзиклдарын көрермен сүйіп көреді. Дей тұрғанда кәсіби мюзикл театрының құрылуы және оның репертуарында әлемге жақсы танымал мюзиклдардың қойылуы – қуанышты жағдай. Мысалы, Америкада мюзикл Бродвейде қойылса ғана бедел алады.
Күрделі жанр мюзикл шарты – талантты актерлер, әдемі әндер мен ұшқыр билер, яғни, дауыс драматургиясы мен қимыл-қозғалыс драматургиясы, түрлі-түсті жарық драматургиясы көркем мағыналы сценография мен костюмдер. Ең бастысы - сөз, вокал және пластиканың әдемі үйлесім табуы. Белгілі өнер қайраткері, талантты арт-менеджер А.Маемиров көркемдік жетекшілік ететін «Астана-мюзиклдың» өткен маусымдардағы «Қыз Жібек», «Ромео мен Джульетта», биылғы «Notre dame de Paris» қойылымдары осы талаптарға жауап беретін қойылымдар.
-Осы тұста Мәскеу оперeтта театрының директоры Владимир Тартаковскийдің айтқан сөзі еске түсіп отыр. «Біз Мәскеуде алғаш рет «Метроны» қойғанда халық қалай қабылдайды екен, сырттан келген шығарманы өз тілімізге аударып сахналағанымыз халыққа қаншалықты өтеді деп қобалжыдық, алайда халық оны сырттан келген шығарма деген жоқ, өте жылы қабылдады. Содан кейін біз «Notre dame de Paris-ді» де өз тілімізде сахналауға бел будық. Оны да дәл солай қабылдады» дейді. Бұл жерде айтпағым, француздар қатаң талап қойған аударманың тек кейбір тұстарын ғана өз менталитетімізге бұрмалауға мүмкіндік алып, түпнұсқаны барынша сол күйінде жеткізіп, «Notre dame de Pari-ді» біздің ел де сахналап шықты. Айтыңызшы, жалпы осы аударма мәтінін өз менталитетімізге бейімдеудің қажеті бар ма?
-Мюзиклдың француздық түпнұсқасынан ауытқымай қою авторлар талабы болғанымен бейімдеулер, шамалы өзгерістер жасалуы заңды нәрсе. Ал, жеке пікірімде – өзге тілден аударылатын драмалық туындылардың негізі, ділі сақталуы керек, айталық, Чеховтың немесе Гогольдің кейіпкерлерін қазақ жасап әуреленудің қажеті аз.
-Дәл осы жерде сөзіңізді тағы бір мысалмен толықтыра отырсам. 2015 жылы «Notr dame de Paris» Ливан астанасы Бейрутта сахналанды. Сондағы баспасөз отырысында либреттоның композиторы Риккардо Коччанте мырза «Француздар әнді айқайлап айтпайды. Біздің ән айтудағы басты мақсат – мәтінді жеткізу» дейді. Ал қазақ сахналарындағы мюзиклдың мәтіні көрермен құлағына қаншалықты жетіп жатыр?
- Бұл – актерлер ролін жүрекпен ойнауы керек деген сөз ғой. Мюзиклдарда үні ашық та таза, ән мәтінін айтатын емес, кейіпкерінің тағдырын ойнайтын актерлер басым. Жастар әлі де шеберліктерін жетілдіре түседі ғой. Сөз қаншалықты жетеді, деген сауалға орай – республика театрларында сөзбен жұмыспен қатар музыкалық режиссерлердің жауапкершілігі мен мәртебесін көтеру мәселесіне назар аударар едім. Бұл туралы биыл өткен II Дүниежүзілік театр фестивалі туралы «Ұлы мәртебелі театр сөз алады» атты көлемді мақаламда кеңірек жазғанмын.
-Қазір драматургияға көңіл бөлінбейді дейтін жас драматургтер де бар. Театрға жаңа леп, жаңа тыныс әкелетін жас драматургтерге қолдау аз шығар мүмкін?
- Бұл бір жалпыламалау пікірлер ғой. Әйтпесе қай театр да жақсы дүниелерді қоюға мүдделі. Драма деп жазғанның барлығын сахнаға шығару қиын. Бүгінде театрда, оның ішінде драматургияда да буын алмасу процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар буындар жарастығы жақсы нәтиже беріп келеді. Айталық, М.Омарова, Ә.Бағдат, А.Нұрғазылар жаңа буын өкілдері. М. Әуезов театры 2014 жылы өткізген байқауда үздік деп танылған, сондай-ақ көзге түскен жас драматургтер пьесалары бүгінде республика театрларында қойылып жүр. Сол байқаудың бас жүлдегері Қ.Мұраттың пьесасын аға буын өкілі, көрнекті режиссер Е.Обаев сахналады. Ал, А.Аламан пьесасы М.Әуезов театрында, Ә.Байбол Жастар театрында, М.Отарбаев пьесасы Атырау театрында сахналанды. Олардың қатары толыға түсері анық. Жас драматургтар театрлармен, жас режиссерлермен шығармашылық байланыста болса құба-құп. Театрларда эксперименттік алаңдар құру тәжірибелері бар. Ол жұмыстар да нәтиже берер.
-Өзіңіз айтып отырғандай, театрларда эксперименттік алаңдарды ұйымдастыру үшін, өзге театрлармен тәжірибе алмасу процесін жүзеге асыру үшін біздегі театр менеджменті әлсіз шығар?
-Театр процесін ұйымдастыру сахна өнеріндегі аса жауапты буын. Театрларда заманға сай менеджмент толық қалыптасты деп айту қиын. Кезінде Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында арт-менеджерлік (продюсерлік) бөлім ашылған, кейінірек жабылып қалды ғой деймін. Театр дегеніміз – жартылай өндіріс, жартылай шығармашылық екенін еске алғанда бізде кәсіби түрде арт-менеджерлер дайындау мәселесі өте өткір болып тұр деп ойлаймын. Өзімізде маман дайындау мәселесін шешумен қатар «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік мәртебелі оқу орындарына талантты жастарды оқуға жіберу ісіне ерекше маңыз берілсе дейміз. Өйткені өнерде бұл бағдарлама бойынша оқығандар саусақпен санарлық. Өзім білетіндерден жоғарыда есімі аталған, Франция мен Ресейде оқыған Асхат Маемиров пен осы күзде Ұлыбританиядағы оқуын бітірген Әсия Бақдәулетқызы.
- Жастар арасында А. Маемировтің шәкіртіміз деген пікірді жиі естиміз.
- Бүгінгі буындар жарастығы мен буын алмасу процесі туралы жоғарыда айтып өттім. Асхат та жаңа буын өкілі - «Болашақ» бағдарламасымен режиссура бойынша білім алып келген алғашқы түлектердің бірі ретінде елге қызмет етсем дейтін мемлекетшіл, ұлтшыл, қоғамшыл азамат. Жаңаға ашық, өнердегі көркемдік пен заманның тынысын үйлестіре жұмыс жасайтын режиссер. Бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры болған оның тәжірибелі арт-менеджер, кәсіби ұйымдастырушы ретінде жастармен де көп жұмыс жасайтынын жұртшылық жақсы біледі. Жас буын режиссерлер үшін Театрлар Ассоциациясы екі жылда бір рет өткізе бастаған, марқұм Қ.Сүгірбеков атындағы форум-фестиваль да ең жас буынның шеберлік ұштауына, рухани айналымға түсуіне ықпал етері анық. Сөз соңында айтарым - Жаңа жылда жақсылықтарымыз көп болсын. Сахнагерлер қауымына, қалың көрермендерге жаңа табыстар, бақыт-береке тілеймін.
- Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
әңгімелескен
Арай Қанатбекқызы
«Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігі