БІЗ ДЕ БІР СӨЗ ҚОСАЛЫҚ

РУХАНИЯТ
1326

Жуырда «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасының мақаласы қызу талқыға түсіп, зиялылар мен қоғам қайраткерлері жарыса пікір жолдасқанына барша жұрт куәміз. Осы мақала - өміршең де өзектілігімен, күллі қазақ атаулының бойындағы бұғып жатқан ата тегін түртіп оятқандай болды. Соның салмақты саусағының әлеуетінен тым әсершіл зиялылар мен қоғам қайраткерлері бір-бір рет талып та алды. 

Осы орайда бір танымал азамат «Елбасы, әр бастаманы тек өзінен ғана бастауы керек пе?» деген сауал қойыпты. Әрине, бұған бір текті жауап та бере алмайсың. Тек, ойға қалтырады. Отыз жылға таяу дербестік жолмен келе жатырмыз. Үлкен асулардан да астық. Ұлт ретінде қоғамы берік қалыптасқан, бауырына өзгелерді де туысындай басқан, ғаламдық деңгейдегі саяси ұйымдар мүшесі аталған - толыққанды субьекті дәрежесіне жеттік.   

Дейтұрғанмен «Рухани жаңғыру» және оған сабақтаса туындаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала не себептен дүниеге келді? Осының барлығы әр қазақтың болмысына туа бітті жазылып келмеуші ме еді? Әлде біз өзімізді танудан қалдық па? Әлде ішкі ныспымыз ескерілмей, ортақ бет-порымдық таңбамен ғана тобыр ретінде жаралып жатырмыз ба? 

Елбасының соңғы кездегі ой тастаулары жоғарыда аталған сұрақтарға жауап іспетті. 

Біздің осындай «мәңгүрт» хәлге түсуімізге қатысты себептер де асып төгіледі. Расында, «Мың өліп, мың тірілдік!». Сөйтіп жүріп, жеті атамыздан жаңылмадық. Яғни, Елбасы айтқан «Ұлттық код» бойымызда әлі бар екен. Бірақ, сол ұлттық кодтың таңбасы тұтылып бара жатқандай ма? Егер олай болмаса, осы тектес ой туар ма еді. Таңба деп отырғанымыз - түйсік-сана. Оны қалыптастыратын отбасы мен қоғам екені әлімсақтан белгілі. 

«Бізде ұлттық идеология жоқ» деген қаңқу сөздер де жиі естіледі. Керісінше, неге мемлекеттік идеология толық қалыптаса алмай жатыр деп айтпаймыз? Ал осы мемлекеттік идеологияның өзі сол ұлттық иедологияның негізінде қалыптасатынын да ескергеніміз жөн. Әйтпесе, ұлттық идеология туралы сөз қозғалса, ұлтшылдық, шовинизм деп дабыл қағып шыға келеміз. Ал  іс жүзінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет емес, бұл тек қазақ халқының тарихи отаны және Қазақстан унитарлы мемлекет екенін қадап қайталау да артық болмас. Осы орайда Біріккен Ұлттар ұйымының қағидасы бойынша әрбір ұлт өз Отанында өзі қожа болуы тиіс деген ұстанымды да еске түсірген орынды сияқты. Қорыта келгенде ұлттық идеологияның жемісі ретінде: халқымыздың тарихын, өнерін, ана тілін, ата салтын, әдет-ғұрпын яғни ұлттық мәдениетімізді дамытуға кім қол байлау болып отыр? «Айтпаса, сөз атасы  өледі» демекші, биылғы Елбасының кезектен тыс Жолдауы да тектен-тек, аяқ-асты пісіп жетілмегені аян. Салмақты себебі болды. Бізге тек рухани жаңғыру ғана емес, рухани айығу да қажет секілді. Саясат туралы айту оңай шаруа емес. Десек те ұлт болмысын улауға тырысқан фактілердің болғаны ақиқат. Осы орайда білім рөлінің де ерекше екенін несіне жасырайық. Жақсылығы жағып, кемшілігі халық наразылығын тудырған, реформадан көз ашпаған «қасіретті салаға» айналды. «Ұлттық код» осы мектеп қабырғасынан бастап, жас өркеннің бойына сіңірілуі тиіс қой. Біз құшақ жетпейтінді құшуға неге әуеспіз? Елбасының соңғы мақаласындағы өнеге тұтуға лайық тұлғалар мен басқа да ұлттық құндылықтарды бала санасына дарытуға неге шорқақпыз? Оның себебі: іс басындағының өресіздігі ме яки өзге бір бой бермейтін төтенше күш ықпал ете ме? 

Қалай десекте, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ернеуінен асып, ірікілдеп тұрған осындай сұрақтарға жауап болды. Енді жауапты адамдар жабыла кірісіп, осы күрмеуді шешер деген үміттемін.

Қарапайым бір азамат ретінде, ұрпағымыз «Гарри Поттердің» басұрары болып кетпесе екен деген алаңмен «Қазақ мифологиясы» хақында шағын шолу жасағанды жөн көрдім. Себебі фентези, миф, мистикаға қалам тартып жүрген жазушыларымыздың шабытын рецепсиялық түйсік оята бермейтін секілді. Сонау антикалық әдебиетті күллі адамзат әдебиетінің бастауы деп санасақ, күні бүгінге дейін сондағы мифологиялық образдар бейнесін қанша түрлендірсек те қайталаумен келе жатырмыз.  

Сол сияқты түркі әлеміне ортақ мифологияның да өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары жетерлік. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мəдениеті болды.» - деген еді.  

Осы орайда өзге елдердегі сынды өзіміздің отандық философия да аңыз-ертегілер, нақыл сөздер, әфсаналар негізінде қалыптасты. Көне түрік түсінігінше әлем жоқтан пайда болған. Оны ұстаға ұқсас өте шебер Жаратқан жаратыпты. Дүние - жер, су, от және ауадан тұрады деген екен. Білге қаған мен Күлтегіннің құрметіне тасқа қашалып жазылған жазуда: «Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаратылған...» деп дүниеге түсінік береді.     

Көне түрік ұғымында айырықша орынға ие болған әйел құдай – Ұмай. Ол үй, шаңырақ, ошақ қамқоршысы саналып, балалардың сүйеніші, сонымен қатар өнердің де қолдаушысы болған көрінеді.

Түріктер өзінің тотемі ретінде қасқырды қатты әспеттеген. Олардың патшалық рәміздерінде осы аңның тотемдік сипаты көрініс тапқан. Ал көтерген туларында қасқырдың алтындаған басы бейнеленген. 

Сондай-ақ ежелгі түріктер табиғат бойында киелі күш бар деп есептеген. «Киелі қасиетті жер» деп ағашқа жыртыс байлау сияқты ырымдар көне заманнан келе жатқан дәстүр. Ата-баба рухына сыйынып, ақсарбас шалу, өлген адамның аруағына арнап қырық күн от жағу, өлікті жерлегенде онымен бірге үй заттары мен тағамдарды қоса жерлеу сияқты салттар да болған. Көне бабалар кие мен кесір дегенді қатты ескерген. Егер әдет-ғұрыпты сақтап отырса, басыңа байлық пен бақыт орнап, «құт» қонады деген. Ал оны орындамасаң қырсық шалып, жұтайсың яғни кесірге жолығасың. «Қызыр» немесе «Қыдыр» да ерекше қасиет саналды. «Қыдыр дарыды» деген сөз бар. «Қыдыр ата» деп те жатамыз. Бұл да бақтың жаршысы, қолдаушысы іспетті түсінік-тұлға. 

Біз ежелгі грек мәдениетінің тереңдігіне таң боламыз. Ал 2,5 жыл шамасындағы ертеректе ғұмыр кешіп, көне грек ой-өрісіне өшпес ізін салған Анахарсисті (Анарыс) неге айтпасқа? Ол Қара теңіздің солтүстік жағалауын мекендеген скифтер тайпасынан шыққан дана болды. Жалпы тарих атасы саналатын Геродоттың өзі осы тұлға туралы еңселі пікір қалдырған. 

Ал бертін келетін болсақ, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» аталған дана бабамыз әл-Фараби қазақ рухының шыңы емес пе! Табан тіреп, еңсе көтеруге дем беретін ұлы күшті осы бабамыздан неге іздемеске...

Отандық философия мен мифологияның кәусар бұлағы Қорқыт ата дастандарында мөлдіреп жатқан жоқ па. Желмаясын желдіртіп жерұйықты іздеген Асанқайғы, лиро-эпостық жырлардағы батырлар легі табылмас өнеге көзі емес пе.

Сонымен қатар алғашқы түрік тілінде жазылған «Құтадғу біліг» (Құтты білік) кітабының авторы Жүсіп Баласағұн, ислам діні аясындағы сопылық ағымды насихаттаушы философ Қожа-Ахмет Яссауи қазақ ой әлемінің тұнықтығы мен өрісі кеңдігін аңғартатын дәлел екеніне кім шүбә келтіреді.

Шағын шолуымызды қорытар болсақ, «Көрмес түйені де көрмес» деген бар. Ауызды құр шөппен сүртіп, әлдекімдерді аға санап, кішірейгенді, "ұлы халық" санап сүмірейгенді қою керек секілді. Өйтпесек, жеріміздің киесі, еліміздің иесі соғып, ата-баба аруағы мен болашақ ұрпақ алдында ұятқа қалуымыз ғажап емес.   

Кешегі өткен заманда орыстың бір қатын патшасы: «Бұлар өздерінің тектерін білмей жүр. Егер білер болса, жер-әлемді билер еді» деген көрінеді. Тек дегеннің өзін де әрқалай түсінетін сияқтымыз. Қарның тоқ, көйлегің көк болса, тек те өзі келіп қона ма дерсің. Ал негізінде осылай ойлау - нағыз тексіздіктің белгісі. 

Елбасының айтқан«Ұлттық коды» немесе түйсік-сана таңбасынан дүниеқұлдық бояу көре алмайсың. Бүгінгі дүниеге табынған пенде үшін бұл – жан берумен пара-пар да болар. Жазмыш солай болса, оны да көре жатармыз...

З. Самалбекұлы              








author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Биыл 15 қазаннан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ақылы автотұрақ қымбаттайды, деп...

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...