М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «МОНОДРАМА» байқауын жари...
«Дамудың» даңғыл жолында
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі бағдарламалар бойынша жұмыстар жасалып жатыр. «Кәсібің-нәсібің» дейтін халқымыздың кәсіпкерлікке деген көзқарасы да түзу, еңбек ету жағынан да осал соғып тұрған жоқ. Бұған өткен айда Cтатистика комитеті таратқан ақпарат дәлел бола алады. 2018 жылдың 1 қазандағы көрсетікіш бойынша бұл күнде елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір миллионнан асады. Дәлірек айтқанда шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 226 537, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 2 644, дара кәсіпкерлер – 790 447, шаруа немесе фермер қожалықтары – 197 370. Барлығы – 1 216 998. Бұл фактілер ортақ өгізден оңаша бұзауды артық санайтын халқымыздың мінез-құлқынан да хабар беріп тұр. Яғни, 790 447 дара кәсіпкердің бар болуы осындай ойға жетелейді. Ал, жалпы шағын және орта бизнес ел экономикасына серпінді үлес қосуда демей-ақ қояйық, бірақ, елдегі жұмыссыздардың санын қысқартуға, қаншама отбасының күнкөріс көзін жақсартуға септігін тигізіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Біздің пайымызша бизнес дегеніміз – шығармашылық ойлау. Қай жерлерден қалай ақша табуға болатынын алдын-ала болжап, бизнес-жоба жасап, жоспарын құрған адам сол бизнесті бастауға да қаражат табады. Бүгінде кәсіп ашқысы келетін адамға көмек қолын созатын ірі мекемелер сонша көп болмаса да, бар. Соның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. Біз көбінде үкімет жасаған бағдарламаларды айтамыз да, оны жүзеге асыратын тетіктер жайлы ұмыт қалдырамыз. Рас, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржы бөлінеді, бірақ, ол қаржы мақсатты нысанаға сатылап жетеді емес пе? «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың еншілес компаниясы санатындағы «Даму» 2010 жылдан бастап кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендірудің қаржылық агенті қызметін атқарады. Қарапайым әрі түсінікті ғып айтатын болсақ, кәсіпкерлерді несиелендіреді және кәсіпкердің несие алу үшін кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі болмаса не жеткіліксіз болса қордың өзі кепіл болады. 2015 жылдан бастап «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде кәсіпкерлерді қолдауда қаржылық агент қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде де былтырдан бері қаржыландырумен айналысады. Қордың бас офисі Алматы қаласында. Ал өңірлерде кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 18 орталығы бар. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдауға арналған қосымша тағы да 14 мобильді орталық жұмыс істейді. «Дамудың» филиалдары еліміздің барлық облысында жұмыс жасап тұр. Тек кәсіпкерлікпен айналысамын деген нақты шешім болса, сондай-ақ, қандай кәсіп жасайтыныңды алдын ала білсең, «Дамудың» көмегіне жүгінуге болатын сияқты. Төменде біз «Еңбек» бағдарламасы бойынша Қордан қолдау алып, іс бастаған бірнеше кәсіпкердің мысалын келтіріп отырмыз. Бұл мысалдар арқылы біз кәсіпкерлік дегеніміз міндетті түрде ауылшаруашылық өнімдерімен не мал шаруашылығымен айналысу, немесе сауда, тойхана, мейрамхана, мейманхана бизнестерін гүлдендіру деген сөз емес екенін айқын түсінеміз. Иә, көп адам кәсіпкерлік дегенді қол жетпестей көреді. Кәсіпкер атану үшін міндетті түрде күрделі әрі қиыннан қиыстырылған бір іс бастау керек сияқты түсінік көбімізде бар. Бұл түсінік әсіресе қалалықтарға тән. Өйткені шағын және орта бизнесті несиелендіру ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы бойынша жоғары. Осы салалар бойынша несиелендіру нысандары туралы ақпарат та көп.
Сонымен, «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Даму» қолдаған шағын кәсіпкерліктің бірі – «Ақжол» ЖК. Жоба биылғы жылы сәуір айында іске асырыла бастаған. «Ақжол» жеке кәсіпкерлігін іске қосу үшін иесі жеңілдікті шарттармен «Нұрбанк» АҚ арқылы жылына 6%-бен 4 миллион теңге алады. Жобаны іске асыру барысында кәсіпкер «Дамудың» көмегіне жүгінген. Ондағылар бизнес-жоспарын тегін әзірлеп, қаржыландыру үшін банктің оң шешімі шыққанға дейін кәсіпкерге құжат жинау барысында қолдау көрсеткен. Банктен алған қаражатқа кәсіпкер «Dong Feng» автобусын сатып алады. Петропавл қаласының №25-м бағыты бойынша қатынап жүрген автобуста бүгінде күніне 450 адамға дейін қызмет көрсетіледі.
Тағы бір кәсіпкердің есімі – Радик Сұлтанов. Ақтөбелік кәсіпкер көп жылдар бойы инженер электрик қызметін атқарады. Кейіннен денсаулығына байланысты жұмыстан босаған Радик металл бұйымдар сататын дүкенге бас сұққанда өзінің болашақ кәсібінің негізін миында қалайды. Ол дайын тұрған өнімдерді көріп, соның бәрін өзі жасай алатынын түсінеді. Ол өз үйінің ауласынан терезе торы, қақпа, металл есік жасайтын цех ашып, алғашқы тапсырыстарды да ала бастайды. Радиктің маңайында Темірден бұйым жасатқысы келетін тұтынушылар көбейіп келе жатады. Тұтынушы көбейген сайын Алматыдан тапсырыспен алдыратын материал саны да көбеймек. Металл иетін құрал-жабдық та сонау Алматыдан келеді. Бірақ, сонша көп тауар алатын қаржы кейіпкерімізде жоқ. Радик бірден «Даму» қорына келген. Қор «Еңбек» бағдарламасы аясында 6 пайызбен 2 миллион теңге алуға көмектеседі. Мүмкін біреулер үшін 2 миллион түк те емес шығар. Бірақ, Радик үшін ол өте маңызды сома. Оның тауарларының сапасы артқан. Бүгінде ол цехын кеңейтіп, ұсынатын тауарларын да көбейткісі келеді.
Ал, Камаз-6511 автокөлігін алып, іс бастап кеткен қызылордалық Амангелді Жамаділовтің оқиғасы да оқырмандарға ой салары сөзсіз. Өйткені көлік жүргізу бүгінде екінің бірінің қолынан келетін дүние. «Еңбек» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы 6 миллион теңгеге қол жеткізген Амангелді жеке кәсіпкер ретінде былтыр ғана тіркелген. Ол тіркеле сала жүк тасымалдау саласында кәсіп ашуды ойластырады. Міне, енді оның ойы бір жылдың көлемінде жүзеге асып, «Даму» арқылы қаржыға ие болып отыр.
Жалпы, айта берсе мұндай мысалдар көп-ақ. Жоғарыда біз елімізде сегіз жүз мыңға жуық жеке дара кәсіпкерлер бар екенін айтқан болатынбыз. Олардың көпшілігі осындай бағдарламалар арқылы іс бастап отырғанын ескерсек, бағдарламалардың елге бергені де, берері де көп екені айқын. Ал, қарапайым халықтың жоба-жоспарларын іске асыруда «Даму» даңғыл жолға бастайтыны екібастан анық.
А. Сейілова