Кешегі Арыс апаты да қару-жарақ бар жерде тек бейбіт халық зардап шегетінін дәлелдеді. Көрдік. Әсіре...
ЖАҚСЫ СӨЗ ҚҰЛАҚТА ЖҮРСІН
Жүзі жылы, жүрегі сырға толы Естай ағаны тұңғыш рет 1974 жылдың қысында облыстық кітапханада көрген едім. Кітапханада «Он бес жыл өткен соң» кітабының жарық көруіне байланысты жазушымен кездесу өтті. Сол кездесуде мен де сөз сөйлеп, қаламгердің жаңа туындысы жайында оң пікірімді білдірген едім. Көкшетау қаласының Урицкий көшесіндегі 112-үйдің 8-пәтерінде тұрған ардақты ағаның отбасында әлденеше рет болып, ақыл-кеңесін, әңгімесін ұйып тыңдап, көңілім көтеріліп қайтатынмын. Содан бері қаншама жылдар зымырап өтті.
Он бір рет ажалмен бетпе-бет айқасып, аман қалған Естай Мырзахметов денсаулығы онша болмаса да, қолынан қаламын тастаған жоқ. Оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген «Он бес жыл өткен соң» повесін толықтырып, роман етіп кеңейтті. «Медет» романын, көптеген әңгімелер мен тың зерттеулер жазды. Есағаң аз жазса да сазды, мағыналы, қызықты жазатын. Жұртшылық оның туындыларын бас алмай, сүйсініп оқитын.
Дарынды жазушы Естай Мырзахметов өмірінде не көрмеді дейсің? Өзінің бейнеті аздай, ұрпақтарының шетінеуі, әсіресе кенже ұлы Абайдың жол апатынан қайтыс болуы оған оңайға түскен жоқ. Ақырында Құдай қосқан қосағы Гүлжәмиладан айырылды. Бірақ тағдырдың азабына көніп, қиындығына мойымай, қайсарлық танытты.
2008 жылдың жазында Көкшетауда болғанымда Бауыржан Момышұлы көшесіндегі үйіне бас сұқтым. Сексенге таяп қалса да ширақтық танытып, есікті өзі ашты. Үстел үстіндегі аппақ машинканы көріп, Естай ағаның әлі
жазуды тоқтатпағанын аңғардым. Екі сағат бойы әңгімелесіп, шер тарқатқан едік. Бұл соңғы кездесуіміз екенін қайдан білейін. Күзге қарай 80 жылдығын тойлап, желтоқсанда көз жұмды. Дүние жалған деген осы.
Бірақ артында Асқар, Алтай атты ұлдары, қызы Зәмзәгүл, немерелері қалды. Қыз бала қашанда тиянақты, қайда жүрсе де әке-шешеге бүйрегі бұрып тұрады екен. Зәмзәгүл зыр жүгіріп, әкесінің «Арайлым», «Медет», «Көгалдайдың көкшақпағы» кітаптарын көзге көрінетіндей етіп әдемі мұқабамен, ұқыптылықпен шығарыпты. Орталық көшеге, бас почтамттың алдына Естай ағаның суретін іліп қойыпты. Өзі «Тұмар» корпорациясын басқарады, іскер кәсіпкер, өнегелі ана, қоғам жұмыстарына белсене араласады.
Кезінде мен Естай Мырзахметов жайында «Ажалмен он бір рет айқасқан» атты очерк жазып, баспасөз бетінде жариялаған едім. Ол кейін «Күңгіртау құпиясы» кітабымда жарық көрді. Өзінің жарқын істерімен, ерлігімен бәрімізге өнеге болған қайсар қаламгер жөнінде айтылар әңгіме жетерлік. Ардақты ағаның ертеде маған жазған хаттары әлі сақтаулы. Сарғайған қағаз беттеріндегі жазулар, үлкенге тән қамқорлық сөздер жүрегімді толқытады, арманға, қиялға толы жарқын күндерді көз алдыма әкеледі. Енді өзім Есағаңа деген үлкен құрметпен өмір бойы сақтап келе жатқан сол хаттарға кезек берсем деймін. Естай ағаның соңынан ерген іні-қарындастарына жанашырлықпен қараған бұл хаттары оқырмандарды бей-жай қалдырмайды деген ойдамын.
* * *
Есенгелді!
Хал жақсы ма, айналайын?
Сенің хатыңды кеше алдым. Хат жазғаныңа да, маған деген жақсы көңіліңе
де көп-көп рақмет!
Газет жұмысына орналасқаның жақсы болған. Жазуға төселесің. Ел көресің, жер көресің. Үйренесің. Соның өмірге бәрі де керек. Тек өзің бойкүйез, жалқау болмағайсың. Талпына бер, іздене бер. Талпынған қанат жетіледі, ізденген таппай қоймайды.
...Саған айтатын ағалық ақылым: жақсы жігіт не болса соған ренжи бермейді. Рас, көңілге келу деген бола береді. Ал аса бір асып кеткен жағдай болмаса, көңіліңді реніш деген татпен шетінете бермегейсің, айналайын!
«Жақсы сөз құлақта жүрсін» деген бар, менің осы сөзімді есіңе ұсташы.
Сау-саламат боп тұр, айналайын!
Ағалық сәлеммен, тілекпен Естай.
27.09.75 жыл
* * *
Есенгелді, хал жақсы ма, айналайын!?
Қалай, газет жұмысына төселіп, көндігіп келесің бе?
Бұл өзі қызық жұмыс. Қиындығына шыдап, көтеру керек, қызығына қанығу керек. Сонда ертең-ақ дыңдай журналист боп шыға келерің хақ.
...Есіңде болсын, сенің көңіліңді қимай, сөзіңді жықпай жіберіп отырмын бұл әңгімені. Абыройлы бола берсін деген ниетім ғой. Осы жайды ұққайсың.
Өзің Нұркендікінде тұрып жатырмын деймісің? Оған сәлем айт менен. Нұркен тым жақсы жазатын жігіт. Ақылын алып, айтқанын тыңдап жүрсең, жаман болмайсың, айналайын!
Жұмыста абыройлы болуыңа тілектеспін!
Сәлеммен, Естай ағаң.
10.10.1975 жыл
* * *
Есенгелді!
Хатыңды да, одан бұрын жіберген құттықтауларыңды да алдым. Көп рақмет айналайын!
Хатыңда менің атыма көп-көп мақтау сөздер айтқан екенсің. Жақсы сөз естіген кімнің жүрегіне жылы тимеуші еді? Әйтсе де тым асыра мақтап жіберу – тоя жеген тәтті тәрізді болады. Рас, мақтағанды жаны сүйетін адамдар тіпті көп. Неғұрлым көп мақтасаң – солғұрлым жаны кіре түседі. Шын көңілмен айтып отыр деп түсінеді де, есі қалмай ыржалақтап бітеді. Ондайларды өтірікті-шынды мақтай беруге әбден болады. Ал мақтан сүймейтін баз-баз бір адамдар да бар. Оларды мақтасаң сыпайы ғана мақта. Сонда сөзің сыйлы да, иланымды шығады. Осыны ұмытпағайсың, айналайын. Мақтау үшін алдымен сол мақтайтын адамның мінез-құлқын ескерген ләзім!
Сен «Неге адамдар бір сөзді болмайды?!» деп ашынасың. Мен саған «Әлі ер жетесің, өмір көресің, білесің, үйренесің. Сонда көзің жетеді бәріне» дегенді ғана айтамын. Әзірше ашыну жағын азайта тұр, айналайын!
Ағалық тілек-ниетпен Естай.
05.05.1976 жыл
* * *
Есенгелді!
Марфуға екеуің қосылып жазған хатты алғаныма көп-көп рақмет айтамын.
Әсіресе Марфуғаның мына өлеңі үшін мың мәрте рақмет! Мұндай өлеңді көрген де, барын білген де жоқ едім.
...Талант адамға табыла бермейді. Табылды екен, оны құртпау керек, ал
өлтіруге тіпті де болмайды!
Естеріңде болсын, адамның өзін-өзі қор қылғанынан өткен қылмыс жоқ бұл өмірде! Ал талантты қор қылса, ол екі есе қылмыс. Ондай оңбайтындарды ауыр жазаға тартса да болады.
Әлбетте, бойда барларыңды ондай қор, кем күйге салмайсыңдар ғой. Қадірлей, қасиеттей біліңдер. Адам өз қадірін ең алдымен өзі түсіне білуі керек. Онсыз оны ешкім де қадірлемек емес. Өзің жақсы болсаң ғана жұрт сені жақсы көреді. Ал жаман болсаң маңың түгіл, шаңыңа да жоламайды.
...Әділін айтайын, Есенгелді, сенен де Марфуға күшті жазады өлеңді.
Сәлеммен, Естай атты ағаларың.
27 шілде 1979 жыл
* * *
Есенгелді!
Хал-ахуалдарың жақсы ма?
Баспада, ең болмаса сол маңда бір жақсы ағаң болса, жинақ жолы оңайлау болар еді. Әттең дүние, ондай ешкім жоқ қой. Әйтсе де бұған қарап түңілуге болмайды.
...Таныла бергеннің ешқашан да зияны болмайды. Қайта жұрт біліп, құлағы қаныға береді. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарына өлеңдеріңді жібере беріңдер. Бар өлеңдер шықпай-ақ, жартысы жалғанның жарығын көрсе, ол да қуаныш.
Өздеріңе денсаулық, жақсы-жақсы өлеңдер тілеуші ағаларың Естай.
13 тамыз 1979 жыл
* * *
Есенгелді!
Кітаптарды алдым. Көп рақмет! Марфуға екеуің де осындай қалың кітаптарды топ-тобымен алатын болыңдар!
Нұрғожадан хабар алғаның дұрыс екен. Ұзамай пікір де келіп қалар. Содан кейін жинақты қайда жіберу жайлы ақылдасармыз. Ол үшін онша көп алаң болмай, өлеңді топырлатып жаза беріңдер.
Сәлеммен, Естай атты ағаң.
11 ақпан 1980 жыл.
Көкшетау қаласы.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.
Астана қаласы.