Авторлық құқық қаншалықты сақталып жүр?

ӘДЕБИЕТ
1632

Бүгінде қаламгерлер жаңадан жазылған дүниелерін әлеуметтік желілерге тұрақты жариялап тұрады. Бұл бір жағынан әдебиеттегі аға буын мен кейінгі жас толқын арасын байланыстыратын көпір іспеттес болатынын да жоққа шығармаймыз. Өзің де оқырман ретінде кімнің не жазып жүргенін толықтай бақылап отырасың. Ал, әлеуметтік желілерге шығармашылығыңды еркін жариялай берудің кемшін тұсы да жоқ емес. Өйткені, ақындардың өлеңдерін ізін суытпай, авторын өзі ретінде көрсетіп жариялап жіберетіндер көп болып кетті. Бұған әзірше жекелеген адамдардың ескертуі арқылы тоқтау қою мүмкін емес сияқты. Дегенмен, ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңы барын білеміз. Заң аясында «қолды» болған шығармалар мен «жиендік» жасаған жандарға қандай шара қолданылатыны туралы кейінірек тоқталамыз. Қолды болған шығармаларға нақты мысал ретінде белгілі қаламгер Жұмабай Құлиевтың «Марқұм, ақжарма ақын Сағат Әбдуғалиевтің үш өлеңін ұрлап алған ақын қыз туралы әлқисса» деген жазбасын келтіруге болады. 

Жазбада қаламгер Жұмабай Құлиев жанайқайын көпшілікке жеткізе келе, жақында қолына Меруерт Рүстем деген ақын қарындастың «Жүрегімде бір адам бар» (Алматы, «Тоғанай Т» баспасы, 2017ж.) атты өлеңдер жинағы түскенін тілге тиек етеді. Ол кітап мұқабасының соңғы бетіндегі:

О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың! -

деген шумақтан қазақтың белгілі ақыны Сағат Әбдуғалиевтің тура осындай өлең жолдарын жазбай таныған. 

«Ақын қыздың мұнысы несі екен, жәй эпиграф үшін алған шығар, бірақ шын иесін неге жазбады екен деп, кітапқа үңілсем, мәссаған, Әбдуғалиевтің үш өлеңін әлгі қыз басыбайлы меншіктеп алыпты», - деп ағынан жарылды қаламгер.

Жазба авторының айтуынша, ол Сағатты кейінгі жылдары ғана танып-білген екен. Өмірден мехнаттан басқа ештеңе көрмей қыршын кеткен керемет ақынның жоғалуға шақ қалған біраз өлеңдерін марқұм Табылды Досымов 2008 жылы әркімдерден жинақтап, «Арыс» баспасына тапсырып еді. Обалы не керек, мәдениет қайраткері, баспагер Ғарифолла Әнес «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» деген атпен Сағаттың өлеңдер кітабын тегін шығарып берген болатын. Кезінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те Әбдуғалиевтің ойлы жырларын «Жұлдыз» журналына жариялады.

Осы жайттарды тізбектей келе жазба авторы Сағат Әбдуғалиевтің әлгі қолды болған үш өлеңіне жеке-жеке тоқталып өткен. Меруерт Рүстемнің «Лебіз» деген өлеңі 7 шумақтан тұрады. Біз оның барлығын бермей-ақ, алғашқы және соңғы шумақтарын келтіре кетуді жөн көрдік:

Айқындалар кімдер жалын, кім тарлан,

Болмысынан пенде болмас бұлтарған.

Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірлік бегі түлкі арман....


О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!

(Меруерт Рүстем, «Жүрегімде бір адам бар» кітабы, 5 бет)

Ал, енді С. Әбдуғалиевтің «Лебіз» атты өлеңі де жеті шумақтан тұрады және тура – осы өлең! («Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», Алматы, «Арыс» баспасы, 12 бет)

Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан,

Болмысынан пенде болмас бұлтарған.

Жүгіремін бір құмарды қуалап,

Жеткізбейді тірліктегі түлкі - арман.


О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым:

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!

Байқаған болсаңыздар Меруерт Рүстем бірінші шумақта Сағат Әбдуғалиевтің «кімдер жабы, кім тарлан» деген тіркестерін «кімдер жалын, кім тарлан» деп бір сөзін ғана өзгертіп бере салған. Ал осы шумақтың «Жеткізбейді тірліктегі түлкі – арман» деген соңғы жолын «Жеткізбейді тірлік бегі түлкі арман» деп мән-мағынасыз өзгерте салған! Балық шумақтар сондай деуге болады, барлығында бір-екі сөзін сауатсыз ғана өзгерте салып, өз атымен беріп жіберген. 

Осы екі ақынның өлеңін салыстыруды өздеріңіздің құзырларыңызға қалдырайын, оқырман!

Енді ары қарай кетейік. Сағаттың жоғарыда аталған кітабында «Тәтті мұң» деген өлең бар. Оны аталған кітаптың 55-бетінен тауып оқып алуға болады. Ал атышулы Меруерт Рүстем осы «Тәтті мұң» деген өлеңнің алдыңғы екі шумағын «Жаным» деген жаңа ат қойып, қалған жерін сол күйінде өз кітабына сіңіріп жіберіпті. Оны Меруерт Рүстемнің «Жүрегімде бір адам бар» атты кітабының 48-бетінен оқи аласыздар.

Енді Сағаттың қолды болған үшінші өлеңіне келейік. Әбдуғалиевтің «Шанақтарды шайқаса шапағат үн» деген өлеңі кітаптың 8-бетінде жарияланған. Сағаттың осы алты шумақ өлеңінің алдыңғы екі шумағын Меруерт Рүстем «Сезім сынды» деген ат қойып, тағы да барымталапты. Ол «Жүрегімде бір адам бар» жинағының 49-бетінде тайға таңба басқандай көрініп тұр. 

Осы жайттарды талдап жазған Жұмабай Құлиев сөз соңында: «Өлең десе елеңдеп тұратын жыр сүйер қауым! Шыққыр көзім осыларды көре қалыпты. Бұл дұрыс па, әлде мен алжасып отырмын ба, төрелігін өздеріңіз айтарсыздар. «Қойшы, мына дүниеде не пәлекет болмай жатыр, жас ақынды жасытып қайтем», - деп бір ойладым. Алайда, жастық жылдарының көбі жазықсыз түрмеде өтіп, ақыры боранды күні адасып кетіп, мүрдесі қар астында үш ай жатып, көмусіз қала жаздаған аяулы Сағат ақынның өлеңдеріне жасалған қиянатқа шыдай алмадым» - деп аһ қрып, әділдік іздейді...

Меруерт Рүстемнің бұған дейін де белгілі ақын Гүлнәр Шәмшиева, Әсел Оспан сынды ақындардың өлеңін кітабына енгізгенін авторлардың әлеуметтік желілердегі парақшаларынан көзіміз шалып қалған еді. Тіпті, бір мүшәйраға Монғолиядағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Кәкей Жаңжұңұлының «Мен қазақпын» атты өлеңінің мұртын бұзбай өз атынан бергенін көргенбіз. Бұдан не түюге болады? Біріншіден, ақындар бар қажыр-қайратын жұмсап, ақыл-парасатын салып, жан-жүрегімен өмірге әкелген өлеңдерін өзге біреулер асқан аярлықпен қолды қылып, өз атынан жариялап жатқанда, ауызша ғана ескертумен тоқтап қалуымыз қаншалық дұрыс?! Арнайы авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заң барын біле тұра оған неге жүгінбейді? Сонымен қатар, өлеңге «жиендік жасап» жүрген адамның да сөздің қадірін шындығында түсінбейтіндігін аңғаруға болады. Қалай дегенмен, пікір бір жақты болмасын деп бұл жағдайға байланысты Меруерт Рүстемнің өзіне хабарласып пікір сұраған едік. Ақын «Мен Сағат Әбдуғалиев деген ақынның кім екенін білмеймін. Гүлнар Шәмшиева апайымыздың өлеңіне бір өлеңім ұқсап кеткен екен. Алайда, апайдың өзінен жеке кешірім сұрадым. Ол кісі өзі кешірім берді. Ал Ерлан Жүніс пен Саят Әбеновтің өлеңін кітабыма ұнаған соң кіргіздім... Бұны мойындаймын. Кейін бұл жөнінде Ерлан Жүніске де, Саят Әбеновке де ескерттім...» - деді. 

Бұл ақын, шамамен, өзінің авторлық кітабын шығарған соң, ISBN алынып, кітапқа кірген өлеңдер өзінің атынан шығатынын түсінбесе керек. 

Ал құрылғанына биыл 20 жыл толып отырған «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Байғали Есенәлиевтің айтуынша, бірлестікке авторлардың, соның ішінде, қаламгерлердің құқығы бұзылғаны туралы шағымдар өте сирек түсетін көрінеді. Көбінесе, мәселе әннің мәтініне байланысты көтеріледі екен. Себебі, авторлардың орындаушылар тарапынан төленетін қаламақысы уақытында төленбегенінде. Бұл өз алдына бір тақырып.

Қалай дегенмен, әлдекім біреудің сөзін пайдаланып жатса, автордың аты-жөнін атауға, сілтеме жасауға және ешбір сөзін өзгертпеуге міндетті екенін айта кеткен жөн. Тіпті шығарманың авторын көрсеткіңіз келмеген жағдайда әлемдік стандарттарға сай қолданылатын арнайы шартты белгілерді қою керек (©; @). Ол белгілер қойылмаған жағдайда немесе авторын өзі қылып көрсетсе, жоғарыдағы заң аясында 100 айлық есептік көрсеткіштен 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада немесе туынды даналары құнының екі еселенген мөлшерінде немесе салыстырмалы мән-жайлар кезінде әдетте туындыны құқыққа сыйымды түрде пайдаланғаны үшін алынатын бағаға негізделе отырып айқындалатын, туындыны пайдалану құқығы құнының екі еселенген мөлшерінде өтемақы төлетіп алуға болады екен. Әрине, соңғы өтемақы құнын сот белгілейтіні тағы бар. Қалай десек те, арнайы заңның орындалуы – екінші жақтың талап етуі арқылы ғана жүзеге асатынын ескерсек, авторлар міндетті түрде өз құқығын білген жөн деген уәжге келіп тірелеміз... 

Айниса Серік

Шоу-бизнес

Бір кездері өнер әлемінде жарқ еткен, алайда кейін көрінбей кеткен әнші Сырым Исабаев "1001 түн" бағ...

Спорт

Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем...