Дидар АМАНТАЙ: КӨП СӨЙЛЕЙТІН ҚОҒАМ

ӘДЕБИЕТ
3777

Көпшілікке таныстыруды қажет етпейтін қаламгер Дидар Амантай «Мәдениет порталына» арнайы мақаласын ұсынған екен. Таразылауды оқырманның құзырына қалдырдық.Қазір ел ділмәр шешенге айналды. Сөзуар, тіл мен жағына сүйеніп, қаулап есіп отырады. Үнсіз тұра алмайды, от ауызды, орақ тілді, айтқаны жөн, дегені ақиқат, үнемі сөйлесіп, жарысып, қағытып отырғанды жақсы көреді, кейде, тіпті, бір сәт тізе бүгіп, кідіре қалған жерінде, үш приборды қатар сөйлетіп қояды, қабырғадағы ілгешек іліп, мұқият көтеріп тұрған теледидар дүркін-дүркін дыбыс шығарады, қолындағы смартфон адасқан ала қаздай айналасын жаңғыртып қаңқу салады, алдында жатқан лаптоп компьютер жүзінде дүниежүзілік қырғындар тоқтамай жүріп жатады. Бірінен-бірі қашқан, бірін-бірі қуған, бірін-бірі құтқарған, адамдар, шеріктер, елдер. 

Бүгінгі заман үзілісті түсінбейді, әрдайым қозғалыста, қашанда асығыс, бір минут дамыл жоқ, тез звондайды, қарсы жақ қайтара телефон шалады, жүрегі дүрсілдеп соғып, дүңкілдеп айтып төгіп жатады, келтірген уәжіне тапқан дерегін, жеткен дәйегін көлденең тартады, үздіксіз құйған жаңбыр сөздің аяғы сұйылып, өсек-аяңға айналады, бір-бірін киіп-жарып, сөзін бөледі, жаңылыстырады, ұзын құлақтан естіген, айтып жатып ұмытқан нәрсені тастап, паузаны созып, үрейді күшейтпейін деген ниетпен, басқа тақырыпқа көше салады.

Ішіне сыймаған сырын, қордаланған уайым-қайғысын, бір уақ елден бүгіп, жұрт көзінен жасырып, азапқа түсіп, бейнет кешіп отырмайды.

Сыртқа қотарады, құрбысына ақтарады. Сыры деп отырғанымыз, мүмкін, хат-хабар, әлде, дәйек-дерек, болмаса, ақпар-мәлімет, немесе өсек-аяң, қауесет, қулық... құрық бойламайтын.

Бір мезгіл тыныш, өзімен-өзі сырласып, мұңдасып... жоқ, телефонға жүгіреді, ұдайы байланыста болуы керек. Әлемде не өзгеріс бар екен, Фейсбук қанша ақша тапты екен, Форбстан кім шықты, байығаны қайсы. Қажет пе, пайдасыз ба, маңызды емес, тіпті, бәрібір, бірақ, бүкіл информация назарынан тыс қалмауы тиіс, ертең қалай естімей қалдық, неғып бізге жетпей, сырт айналып өтті, деп жүрмейік.

Ләззатқұмарлық төсектен ғаламторға көшті. Жаңалықтарды оқу қоздырушы күшке айналды. Қозғаушы күш те сол, жаңалықтар тізбегі, тасқындап келіп жатқан өсектер легі.

Телевидение мен интернет одақтасты. Екеуі бір-бірін насихаттады. Бір-біріне жеңіл-желпі нәрсе, арзан дүние, құнсыз ақпарат туралы хабар таратуды үйретті. 

Қазір телевидениенің маңызды хабары – жалған махаббат, жағымсыз істер, жылда келетін апаттар, күнде қайталанатын қылмыстар, таусылмайтын, бітпейтін дау-шарлар...

Развлечение. 

Барша жұрт бейопа қыз бен бейпіл ауыз жігіттің бейуақ, беймезгіл махаббатын кездейсоқ аңдап, көріп қалып, бүкіл шаруасын тастап жылап отырады.

Телетұлғалар ұзақ сөйлегенді жақсы көреді. Все хотят запомниться. Есте қалғысы келеді.

Появилось новое социальное явление под названием эффект телевидения. Вы популярны благодаря тому, что Вас показывают по ящикам. В кино просто так на экране не появитесь, а вот на ТВ – можно. 

Если каждое утро голограмма вашей персоны отражается на тысячи, даже на миллионы экранах необътяной страны, то по истечению некоторого определенного времени, Вы становитесь суперзвездой, необычайно популярны у народа, аудитории, и Вас узнают на улицах.

Свойства телевизионного эффекта таковы, что, как только Вы исчезнете из всех радаров, о Вас буквально через один телевизионный год благополучно забудут.

Әрине, киножұлдыздар тұрақтырақ, бірақ, халық жүрегінде ақын, қаламгер, композиторлар әлдеқайда ұзағырақ өмір сүреді. 

Даңқ (слава) пен танымалдылық (популярность) диалектикасы. Тез танылған – тез ұмытылады. Атақ-даңқына азапты шығармашылық жолында ұзақ жүрген жазушылар халық махаббатына мәңгілікке бөленеді.

Күрделі өнердің аты күрделі өнер.

Коммуникациялық дүмпу кезінде қалыптасқан ұрпақтың бәрі ақпаратты білім деп түсінеді. Телефонмен тілдескенді пайда көреді. Білімнің құрылымы өзгерген жоқ, жаңа ұрпақ оны ақпаратқа айналдырып жіберді. Кез келген мәселе сұрақтың жауабын гугл немесе яндекс тәрізді жүйелерден іздейді. Бұл білім оның бойында жоқ, бірақ, керек уақытында интернеттен таба салады. Мәнін жете түсінбеген соң, ол ақыл-ойдың қазынасына, қабілетіне айналмайды. 

Сөйтіп, жалған-білімділік пайда болады. Тест тапсырғанда – үздік бағаға ие, алайда, талапкерден, емтихан өткен соң, сұрасаң, жауап бере алмайды.

Бүгінгі сөйлемпаз заман парадокстары, қайшылықтары, антиномиялары. Түлектерге озық білім үйретпейді, тестті үздік тапсыруға дайындайды.

Көп сөйлегісі келген адамзатқа сөйлесетін құрал-жабдықтарды да көбейтті. Не құрал-жабдықтар көп сөйлеуге үйретті.

Қалай болған күнде де, көп сөйлейтін болдық. Көріп отырып та әңгімелесеміз, көрмей отырып та сұқбаттасамыз.

Қорыта айтқанда, көп сөз, айналымдағы ашық ақпарат, бұқаралық тарату құралдары қоғамды билеп-төстеп отыр. Бұрын газетпен шыбын өлтіруге болады деуші еді. Қазір ғаламтордың қойнауларына тірідей көметін болды.  

Кітапты бас қойып оқитын адамзат, бүгінде ірілі-ұсақты виртуалды әлемнен бас алмай ақпарат қарайды. 

Тілдесуге құмар, сөйлесіп жатқан, қайран адамзат.

Не деген қажеттілік!

Бұрындарда том-том кітаптарды тауысып, мәтіндермен сұқбаттасатын еді...

Енді не заман, не адам өзгерді. Мүмкін, екеуі де.

Ноқтасыз заманды аңсап жүріп, тізгінсіз қоғамға тап болдық. 

Әлемде. 

17.08.2018


author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....