Венгриялық режиссер Тамаш Тоттың «Өліара» фильмінің соңғы түсірілімдері Алматы облысы Ке...
БЕЙБАРЫС СҰЛТАН" ЖАНТӨРИННІҢ ОЛЖАСЫ
Образ – әртіспен бірге біте қайнасып, өміріне енетін сиқыр. Нұрмұхан Жантөрин – қазақ кино туындыларындағы қайталанбас КЕЙІПКЕРЛЕРДІ сомдаған сом тұлға. Көп қазақтың жүрегінде Бейбарыс сұлтанның БЕЙНЕСІНДЕ жатталды. Болашақ айтып жүретіндей айрықша ойнап шықты.
1989 жылы «Қазақфильм» Египеттің «Әл-Алимия» киностудиясымен бірлесіп екі бөлімнен, төрт тақырыптан тұратын «Бейбарыс сұлтан» тарихи фильмін жарыққа шығарды. Сценарий 80-ші жылдардың басында жазылып, түсіру жұмыстары ақырын-ақырын жүргізілген болатын. Фильмге арқау болған Морис Симашконың «Жусан» повесі. Осы повестің желісімен және фильмнің режиссері Болат Мансұров киноға тән оқиға желілерін қосып, сол кезеңдегі тың дүниені жарыққа шығарды. Болат Мансұров «Бейбарыс сұлтан» фильмін түсіруді ертеден ойластырып, 60-шы жылдары сценарийді Шәкен Аймановқа бағыттап жаза бастайды. Өкінішке орай, Шәкен аға 1970 жылы 56 жасында өмірден өтті. Лайықты актерді алыстан іздемеді, сұсы мен мысы басым түр-тұлғалы Нұрмұхан Жантөринді шақыртты. Бейбарыс бейнесін ашуда Жантөриннің үлесі басым болса, Бейбарыс образы Жантөрин үшін үлкен олжа. Осы саланың хас маманы, Халық әртісі Есмұхан Обаевтың «кез келген әртіс Бейбарысты дәл Жантөриндей ойнай алмайды» деуі артық мақтау емес, лайықты берілген баға.
Қараңызшы, «Бейбарыс сұлтан» фильмінің көзірі неде? Иә, ішкі монологтар. Монологтар оқиғалар арқылы қатар өріліп отырады. Бұл бірсыдырғы фильмдердің желісінен ада. «Мысыр елі мені «Египеттің әкесі» деп атайды» деп басталатын монологтағы қоңыр, қатқыл, батыл дауыс Бейбарыс бейнесін айшықтай түседі.
Жантөринді негізгі планда алып, басты рөлде ойнату арқылы фильмнің айналасындағылар ұтқан. Шынтуайтына келгенде Жантөрин ортаңқол фильмнің дәрежесін көтеріп, деңгейін өсіріп тастады. Сол заматта белгілі де беймәлім болған Бейбарыс сұлтан образын сомдау маңдайға біткен үлкен бақ болса, соншалықты күрделі де қым-қуыт шаруалары аз болған жоқ.
Бұл фильмде қазіргі киноларға керек, жетіспейтін үлкен ұтқырлық бар. Ол – фильмді бастау және аяқтау. Ал сол аралықта оқиғаны шиеленістіру. Соңғы шығып жатқан қазақ фильмдерінің басым көпшілігінің аты орыс тілінде болғаны өз алдына, бастап алып нүктесін таба алмай аяқтап жатады. Бұл сөз қарапайым айтылып, жазылғанымен, істеуге оңай көрінгенімен осы бір қағидаға келгенде көптеген киногерлеріміз шеңбер сыртына шығып кетіп жатады. Актерлік шеберлік өз алдына.
Бейбарыс образына орыс тілінде дубляж жасаған Сергей Бондарчук, өз ісін аяқтап болғаннан кейін «Не деген әртіс?!» деп Жантөриннің шеберлігіне тамсанып, талантына таңданып, басын шайқаған екен. Сөзінің соңында «Жантөрин сияқты әртістер бізге де керек-ақ» деп түюді тас атсаң әртісіне тиетін елдің азаматы тегін айтпаса керек.
Өзінің тоғыз мәмлүктерінің көзіне тік қарап, қауіптің алыстан емес, жақыннан келетініне күдіктенген бейне ше? Сондағы дене қозғалыс, іс-қимылмен ғана образ ашылады деп жүргендерге Жантөрин көзімен-ақ жауап берген жоқ па?
Қазіргі қазақ әртістерінің басым көпшілігі атқа дұрыс міне алмайды. Шекара күзететін қытай сарбаздарындай жүгенді қос қолдап ұстап, жылқының жасаған әр адымы сайын бұрандалы ойыншықтай қозғалақтап, желген сайын секеңдеп отырады. Бейбарыс образындағы Жантөриннен бүкіл қазақтың болмысын, бітімін көруге болады. Жүгенді сол қолымен ұстап, оң қолымен қамшы, болмаса бүйіріне таянып, ал бір эпизодта қыпшақ салтын ұстанған көшедегі келіншектің ұсынған бір тостаған қымызын тамсана ішіп, ат үстіндегі нағыз қазақтың бейнесін көрсетті.
Дыбыс режиссер Қадыржан Қосайдың естелігінен: «Ол фильмге түсіп жүрген киімін киген сәтте, образға кіретін. Оны ешкімнің мазалауға құқы жоқ! Мазаламайтын да. Сол киімді кигенде жанына адам жақындатпайтын және жақындап кеткенмен сөйлеспейтін. Нағыз Бейбарыс», – дейді.
Фильмнің нүктесі. Қолында таяқ, аяғында қонышы ұзын қоңыр етік, сол иығына асқан дорба, үстінде етегі ұзын көне тоз көк киімімен басына ораған ақ шалмасы бар Бейбарыс образы. Кино түсірушілер аңызды арқау етіп қазақтың кең даласына жаяу келген бейнесін көрсетті. Оның тау етегіндегі жусанды оң қолымен алып, иісі танауды жарғанша уысында мыжғылап, мұрынына алақанын тақатып, өмір бойы аңсаған иісіне көзін жұмып, ләззат алған бейнесін Жантөрин қалай сәтті алып шықты?! Туған жердің қадірін осы бір бейне арқылы тамаша жеткізді.
Бейбарыс рөлі үшін Жантөрин кеңес киносы актерларының бүкілодақтық «Созвездие – 90» фестивалінде «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Ресейдің Тверь қаласының көшелерінде Жантөринді көрген жұрт «Сұл-тан Бей-барыс! Сұл-тан Бей-барыс!» деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған.
Серік ҚАНТАЙ
Madeniet.kz