Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбы...
Серғазы Қайырболды: Өлеңнің ғұмырынан сәл ғана ұзақ...
Ана
Сүт қатқан қою кешінде мынау тамыздың,
Ботадай боздап сүмбіле туған тәрізді,
Қыстауда қалған бейіттер үнсіз жыласын,
Айтшы бір, Ана, Аруана жайлы аңызды.
Себелеп өтіп сүмбіле мінез жауынды,
Көшеді бұлттар мама биедей сауырлы,
Айтшы бір, Ана, Аруана жайлы аңызды,
Сағынып жүрмін аспанға көшкен ауылды.
Үніңнен сенің дүбірлі дүние дамылдап,
Сәбидей бір сәт уанып қалсын дауылдар,
Бесікке жетпей шетінеп кеткен ағам да,
Ойнақтап келсін мініп ап ақбоз сағымға.
Айта бер, Ана, ошақта көжең піскенше,
Айта бер, Ана, сөз болып шықсын іштен шер,
Айта бер, Жаным, үніңді дүние тыңдасын,
Қасірет тиіп, ай көзі ағып түскенше.
Амнезия
Көкек үні – оралмас күндер үні,
Мендік тағдыр – бітпейтін көкек айы.
Қай қалада қалды екен күнделігім,
Қай вокзалда қалды екен бөкебайым?!
Кай апанға құлаттым бауырымды,
Қай көшеде жоғалттым өлеңімді,
Қайсы қырда қалдырдым ауылымды,
Қай тұғырда ұмыттым дерегімді?!
Ұмыт болды бал дәмі ерініңнің,
Қайда қалды өзіңе беретін гүл,
Қай кафеде қалдырдым сені, құрбы,
Қай вагонда ұмыттым темекімді.
Қоштасу
Сен бара бер...
Бара бер, ақылың бар,
Үнсіз жатсын арада шақырымдар,
Қарағым, мендік өмір – мәнсіз өлең,
Сұр үйлердің бүрлеген жатырында.
Сен бара бер, үйіме мен де барам,
Көз алдымда бұлдырап пенде қала,
Лимон қосып ішем де өткен күнді,
Түсініксіз тұмауды емдеп алам.
Тереземді перделеп таңда қырау,
Тәнде қуат қалмайды, жанда құмар,
Мен жоғалам Көкшетау көшесінде,
Ал сен
бара бер
Алматыңа...
MOOD
Сен де кеттің,
Мұң жұтты бөлмені бұл,
Көлеңкем тұр сүйкеніп қабырғаға,
Мұңбатыста қансырап өлген іңір,
Мұнарасы мешіттің сағымдаған.
Терезенің ар жағы: сәуір айы,
Құдайы өліп, сандалған жетімек ел,
Өлең оқып тұрмын мен өрмекшіге
өрмегінің бір жібі сетінеген
Марқа қоңыр түтінді жұта бердім,
Кімге керек мұңайып, өкінгенім,
Бекер болды бірақта ойларымның,
Бесінші қабатынан секіргенім.
Ауыл
Марқақоңыр күндерім шетінеп бір,
Қырық жамау көңілім сетінеп тұр,
Ауыл қайда дедім мен аң-таң болып,
Ауыл көшкен деп айтты жетімек қыр.
Жылынарға жан таппай, шағынарға,
Маң далаға қараймын сағым ауған,
Бауыр қайда дедім мен қосқа барып,
Қарқылдады тойынған кәрі қарға.
Еске түсіп ескі жұрт, ескі ғұрып,
Сүт татыған ауылдың кешқұрымы,
Әжем қайда дедім мен өксіп тұрып,
Әжең өлген деп айтты ескі құдық.
Жесір көше бойында жылайды арық,
Қайда барып құяды ылайланып?!
Безгек қысқан жетім құс шарқ ұрып жүр,
Қоңыр үйді қия алмай шыр айналып.
Бозбала жыр
Өзің жайлы айтып ем жеңгеге сыр,
Ол да кесір, ұқпайды, мен де кесір.
Кекетеді баласың, шаласың деп,
Қайтейін сенбегесін.
Өзің жайлы айтып ем жеңгеге сыр,
Ол да қоймай күлкі қып, мен де егесіп,
Хат жаз дейді, меніңше қажет емес,
Мен көретін түстерді сен көресің
Атымды айтпай, "Кішкентай кісім" дейді
Біздің үйге келін қып түсір дейді,
Қайдан білсін тым ұяң екенімді,
Ол Советтің адамы, түсінбейді
Smoking kills
Тағы да қала мұңайды,
Тоқтаған шығар уақыт,
Таусылып қалған сыңайлы
Телефонымның қуаты.
Білмеймін жасым нешеде,
Білмеймін тіпті атымды.
Үнсіздік сінген көшелер.
Мен қайда бара жатырмын?..
Жұтпайды мені неге өлім?!
Жықпайды мені неге мұң?!
Өмірім мені шегеді,
Өмірді мен де шегемін.
***
Махаббаттың айдынында меніменен жүзіп көр,
Аққу көзді армандарың гүл сезімге бөленсін,
Күйге толы жүрегіңнің бір нотасын үзіп бер
Терезеңе қонса бір күн мамыр қанат көгершін,
Меніменен бірге кезіп көшелерді түн сінген,
Алауласын ақ жүзіңде жастық шағың асқынған!
Күз жанарлы мұң кезіксе күрсінбеші, күрсінбе,
Қолшатырсыз жүруді үйрен нөсер жаңбыр астында!
№ 6 пәтер
Шатырында үйімнің
Көгершіндер уілі
Мен ешкімді сағынбаймын,
Күтпеймін.
Мылқау сәуір демінен
Мұнар шалған терезе
Ештеңені ойлағым да келмейді.
Іңір өлген бөлменің
Өшірем де жарығын
Бүгін түнде ештеңеге айналам
Тағы да #6 пәтер туралы
2002 жылы әкемнің киген беретіндей,
Төбеміздегі аспан да әбден жұтап тұр.
Жарты сағаттан кейін көктем келетіндей
қара пальто киген түн темекісін тұтатты.
Мен галстук байлауды үйренбедім,
Содан ғой, балконға жиі баратыным.
Жоғарыдағы көршілердің төмендегі
көршілерден айырмашылығы,
есікті сирек қағатыны.
Ортан терек
Бір музаға барып ем өлең іздеп,
Музам айтты «Алдымен төлеңіз!» деп,
Пролетариат баласы болғаннан соң,
Шығып кеттім, соңыра көреміз деп.
Шоққа толы кеудемді шабыт кернеп,
Бір ағама барып ем бағыт бер деп,
Ағам айтты, барып кел, шауып кел деп,
Балдай тәтті сыраңнан алып кел деп.
Мықты ақын болсам да неше жерден,
От шабытты мендегі еселер деп,
Бақыт сұрап барып ем Алматыға,
Ол да тұрды дамбалың шеше бер деп.
Соңғы нардай көтерген жүкті ақырғы,
Сатып алдым кіітабын мықты ақынның,
Ашып қалсам, шошайған ортан терек,
Халау-лалау, шошайған ортан терек.
Өлең
Қанша таңым алдымнан атты ағарып,
Қанша күнім қызарып батпақ әлі,
Мен келем көше бойлап, дүниені
Қырымен шалбарымның қаққа жарып.
Ақ өлең, қара өлең, күрең өлең,
Өлең деп өлеміз-ау жүре бере,
Біз осы дүниеге келген кезде,
Анамыз ақын бол деп тілемеген.
Жыр да өлең, өлең де өлең, дастан да өлең,
Өлеңім жарға жығып қашқан дөнен,
Аспан деген мұң дейді-ау анау ақын,
Жаңғақ қосқан шоколад аспан деген.
Мұңды өлең, рухты өлең, көңілді өлең,
(Түйіндеп қояр екем соңын немен?)
«Өмір - абсурд» деп біреу ойбайлайды,
Сондай, сондай деймін мен өмір деген.
Алыстай береді екен арман ұзап,
Өмірдің басымызға салғаны заң,
Өгіздің мүйізінде біздің ғұмыр
Өлеңнің ғұмырынан сәл ғана ұзақ.
СЕРІ ЗАМАН
(Ақан сері мазарындағы экспромт)
Ол кездің ұлы шетінен әнші,
шетінен сері болатын,
Бір тәтті күй боп шолпандай қыздың
шолпысы сылдыр қағатын,
Ол кезде таулар тұнықтау еді,
таулар да асқақ көрінген,
Ол кезде құстар биік ұшатын,
әнге орап құсни қанатын.
Ол кезде жігіт домбыра ұстап,
тұлпарды мініп ел кезде,
Ол кезде құдай қылқұйрықты да
жаратушы еді-ау кербез қып,
Күміс шақшаны бір қағып қойып,
шіреніп тұрып тартатын,
Насыбайы да керемет еді-ау,
керемет еді-ау сол кездің.
Не дерсің, ой-хой, қойшысы менен
ханы да күйші болғасын,
Дұға оқыса әнге салатын
сол бір заманның молдасы,
Аяттан да ол жалыққан шығар,
бір уақ өлең тыңдасын,
Қабірде мынау бұйығып жатқан
ән-күйге құмар сол ғасыр.
Жылқышы
Айлы түнде жылқы болды баққаным,
Айғызкөлде түлкі болды атқаным,
Ай маңдайлы Ақбақайды көрдің бе,
Ай астында шашын тарап жатқан Үр.
Үрдің әнін күндіз тыңдап, кеш тыңдап,
Қулыкөлдің жағасында кештім бақ,
Жез тағалы Жезкүреңді көрдің бе?
Әй, Жезтырнақ, Жезтырнақ!
Қарасудың бойы толы үрейге,
Қарасудың жағасында түнейді ел,
Сүлікқара кетіп еді суатқа,
Көрдің бе оны, су иесі Сүлеймен?
Шер толқыған шегір көзді қара түн,
Жықпылтаудың жын жайлаған қолаты,
Әй, Қақаман!
Уа, Қақаман!
Қақаман!!!
Қайда менің шегір көзді торы атым?!
Сақ-сақ күлді ну қоғалы сайда су,
Соқпақ жолдар – Көңаяқтың айласы,
Обыр отыр моласында атамның...
...Қасқа құлын, қырау-қырау, қайдасың?!
Қара жолды бойында тұр бір кісі,
Қара томар, Күлдіргіштің күлкісі,
Пері қызы боп шықпаса игі еді-ау
Айғызкөлдің түлкісі.