Бүгін Алматы облысының Турист шыңында (3954 м) құтқарушылар адасып кеткен 11 жасөспірімді аман-есен...
Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы болған Жанар Өтешова қызметінен кеткенін мәлімдеді
Фото: olympic.kz
Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы болған Жанар Өтешова 13 қыркүйектен бастап қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды madeniportal.kz azattyq-ruhy тілшісіне сілтеме жасап.
Ол өз сөзінде заңгерлер тарапы сотқа жүгінуге кеңес бергенін айтты.
«Мен үшін ҰОК тарауы жабылды. 13 қыркүйекте мен ресми түрде бас хатшы лауазымынан өз еркіммен кеттім.
Бірден айта кетейін, БАҚ беттерінде осыған дейін өзім құрған дереккөзге сүйене отыра сенсация ретінде таратқан «қызметінен босатылды» деген жаңалықтары шындыққа жанаспайтын еді.
Заңгерлер маған өз атымды қорғауым үшін сотқа жүгінуге кеңес берген болатын. Алайда менің атым, ниетім мен ар-намысым таза және қорғауды талап етпейтініне сенімді болғандықтан мұндай ұсыныстан бас тарттым», - деп жазды Жанар Өтешова.
Ол өзіне бірнеше ұсыныс түскенін, оның ішінде өзге елдерден де болғанын қозғап өтті.
«Мен ӨЗ ҚАЛАУЫММЕН кеттім. Өз шарттарым бойынша, өтемақысыз, үнсіз қалу міндеттемесінсіз және ертең жалған жымиюды талап етпейтін жағдайда бір бөлімнің есігін жаптым. Жер домалақ. Алдымызда бізді қаншама дүние күтіп тұр.
Тамыздан бері маған бірнеше ұсыныс түсті, соның ішінде басқа елдерден де келген ұсыныстар бар. Бірақ Қазақстаннан артық ешбірі жақын бола алмайды. Дегенмен, алдағы уақытта не болатынын кейінірек шешемін.
Болып жатқан дүниенің барлығы жақсылыққа жетелейтініне сенемін. Мұны маған туған-туыстарым мен достарым да айтып жүр. Достар қатарына соңғы жылдары спорттан көптеп қосылғандары тағы бар», - дейді ҰОК-тың бұрынғы бас хатшысы.
Сөз соңында ол спортшыларға тілегін арнады.
«Осы жазбамды сүйікті спортшыларыма арнаған тілегіммен аяқтағым келеді:
Сіздер медаль үшін талай рет күрестіңіздер, оған дейін басқа «шайқастарда да» жеңіп шықтыңыздар. Сіздердің бұдан әрі де жетістіктерге жете беретініңізге, жеңісті жолдарыңыздың жалғасын табатынына сенімдімін. Мен әрдайым сіздердің жанкүйерлеріңіз болып қала беремін, сіздермен мақтана беремін. Өйткені жеңістің құны қандай екенін білемін.
Өткен оқиға менің жеңісім деп санаймын. Ол үшін ақымды төледім», - деді Жанар Өтешова.
Айта кетейік, осыған дейін ҰОК президенті Геннадий Головкин өзінің бас хатшысын қызметінен босатқаны хабарланған болатын.