Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендермен кездесті, деп хабарлайды ma...
“ Атпен топырлап кірмеңдер, айналып өтіңдер деді": Журналист көшпенділер ойыны басталған, аты орыс солтүстіктегі ауылдарды қатаң сынады
Фото - Caravan.kz
Ол мұндай жарыстар халықты ауызбіршілікке шақыратынын атап өтті, деп хабарлайды Caravan.kz. медиа порталы.
Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.
Танымал спорт журналисі, көпшілікке өткір ойымен көзге түсіп жүрген Аслан Қаженов көшпенділер ойынының маңыздылығы туралы пікір білдірді.
«Басынан ашып айтайын, осы жобаның жарнамасы үшін бір тиын да алған жоқпын. Әйтпесе, қазір ақша бермесе ауызын қимылдатпайтын блогер көп қой. О баста «осындай жорықтың пайдасы шамалы», «әбден шаршайтын аттарға обал», «нағыз еріккенің ермегі» және «бюджетен неге ақша жұмсайды» деген алып-ашпа әңгіме көп болды. Шыны керек, бұл сауалдар мені де алаңдатты. Осы мақсатта биылғы жорыққа өз еркіммен сұранып бардым. Ал, енді не байқағанымды максималды обьективті жеткізейін:
АҚША. Жалпы алғанда бұл жобаның шығыны көп емес. Былай айтайын, 1 легионердің 2 айлығына тең. Яғни, елімізде 30-40 миллион теңге жалақы алатын келімсек спортшылар болса, соның екі айлығы толықтай жетіп жатыр. Оның өзінде жобаның басы-қасындағылар қазір көп нәрсені өз қалтасынан жабуда. Сыйақысы да демеушілер тарапынан қойылған. Ал, аймақтардан келген командаларға сол өңірдің спорт басқармалары жарытып ақша бермейді. Сылтау көп. Бұл саған миллиардттап ақша бөліп, кейін жартысын қалтаға басатын футбол не хоккей сияқты бағыт емес. Аттың үстіндегі адамдар анау-мынау безприделға көнбейді. Тіке айтады. Кейін дау болуы мүмкін. Сондықтан, бұл жобаға қатысуға тек қана нағыз ат спортының фанаттары жиналған. Сәйкесінше, шығынның негізгі бөлігін тағы да өздері көтерді.
ҰЛТТЫҚ РУХ. Ұлы дала жорығы СҚО-дағы Лобанова ауылынан басталды. Жолшыбай Степное, Лесное, Горное, Приозерное, Балкашино, Петровка, Максимовка, Владимировка, Полтавка, Покровка, Борисовка, Малиновка, Каменка, Новосельское, Богородка, Зеленое, Новочеркасское, Верхний Бурлак және Нижний Бурлак сияқты елдімекендерді басып өттік. Ауылдардың төрінде Ленин ескерткіші қасқайып тұр. Оны тарих деп түсіндірді. Бірақ, басқа да тарихи тұлғалардың, оның ішінде батырларымыз мен хандарымыз, кешегі Алаш зиялыларының мүсіндері жоқ. Қысқасы, жорық сол жақтағы көпшілікке ұнамады. Аулыға атпен топырлап кірмеңдер, сыртынан айналып өтіңдер дегенді естідік. Түсіне білгенге, бұл жорықтың астарында осындай біраз дүние жатыр.
ЖОРЫҚ ЖЫЛҚЫСЫ. Аталмыш жобаның арқасында осындай түсінік пайда болды. Яғни, біз бұған дейін көкпар мен бәйге аттарын ғана айтып, соларды жоғары бағаласақ, енді жорық жылқылары шыға бастады. Тіпті, оны 5 миллион теңгеге сатып алып жатқандарды көрдім. Яғни, бұған дейін тек мал бағуға және соғым болуға жарамды жылқы тұқымдары қайтадан жаңғырып, ұлттық құндылықтарымызды түгендей бастадық.
НАСИХАТ. Ашығын айту керек, соңғы жорық тек еліміздің ғана емес, әлемнің назарын өзіне аударды. Өйткені, Иран, Түркия, Венгрия, Қырғызстан, Ресей, тіпті, Оңтүстік Африка Республикасынан қатысушылар келді. Өздерімен бірге блогерлер мен журналистер әкелді. Сөйтіп қазақтың даласындағы жарыс көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Біз де қолдан келгенше жұмыс істедік. Тіпті, соңына қарай түрлі қоңыраулар келіп, жарнамасын азайтуды сұрады. Яғни, көре алмай, іші жанып жатқандар бар деген сөз және ол өзіміздің қазақтар. Міне, ұлы дала жорығының эфектісі.
НАМЫС. Ұлы дала жорығынан нағыз қазақтың, яғни, дала қазағының образдарын көрдім. Бұл жігіттер, жоғарыда айттым, тік мінез. Бетіңе айтады. Тәуелсіз. Ешқандай қитұрқылыққа көнбейді. Бұған қоса, намысшыл. Оларға сыйақы көлемі маңызды емес. Маңыздысы — қазақтың абыройын асқақтату, басқаларға есе жібермеу. Оның жолында малын да, жанын да құрбан қылуға дайын. Міне, осындай көріністерге куә болып, бір марқайып қалдым. Бар екен азаматтар.
АУЫЗБІРШІЛІК. Алғашқы күндері қырғызстандық команда алға шығып, 3 күн бойы топтың басын бермей қойғанын білесіз. Сол кезде қазақ азаматтарының біріккенін көрдім. Өйткені, оның артында ел мүддесі жатты. Сол кезде бастары қосылып, ортақ тактика құра бастады. Бір-бірінің жылқыларын қарап, ем-домына көмектесті",- деп жазды ол.