«Тянь-Шань маржандары»: экспедиция туралы жоба «Kazakh TV» телеарнасында көрсетіледі

Жаңалықтар
777

Қазақстанның кең байтақ даласындағы бірегей мекендерге жаңа бағыт-бағдар белгілейтін экспедиция жалғасып жатыр. 

Осыдан 6 күн бұрын елордадан жолға шыққан кәсіби мамандар тобы Алматы облысының тұмса табиғатына куә болып, Тянь-Шань тауының бөктерімен жүріп келеді. 

Шілденің 18-і күні жолға шыққан экспедиция мүшелерінің алғашқы бағыты «Тянь-Шань маржандары» деп аталады. Алты күннен бері құрамында кәсіби саяхатшы, журналист, фотограф, бейнеоператор, тіпті, шетелдік трэвел-блогер бар топ тау-тасты кезіп, Қазақстанның тұмса табиғатын көзбен көріп, жасыл желекті жазиралы аймақты аралап жүр. 

Экспедиция Алматы облысының Баянкөл шатқалында, Шалкөде жайлауы мен Дардамды саяхатшылық базасында болды. Экспедиция құрамына түрлі сала өкілдерін топтастырған – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы. Мақсат – арнайы мамандардың көмегімен еліміздің 20 табиғи нысанына жаңа бағыт-бағдар белгілеу. Сол арқылы инфрақұрылым жүйелерін жетілдіруді қолға алу. 

Айта кетейік, Астананың 20 жылдығына арналған экспедиция қазір Шонжы елді мекеніне жеткен. Алдағы 5 күнде олар Тянь-Шянь бөктерімен шамамен 450 шақырым жол жүрмек. Айта кетейік, туристік жобаның нәтижесі телекөрермендерге алдағы күз айларында «Kazakh TV» арнасынан көрсетіледі. 

Сандуғаш Рахымжанова, «Kazakh TV» арнасының директоры: - Экспедиция қорытындысы бойынша «Across the kazakh land» атты жаңа жобамызды көрермен назарына ұсынамыз. Оның аясында әрқайсысы 25 минуттық 32 хабар эфирге шығады. Экспедиция мүшелерінің жүріп өткен жолдары, Қазақстанның көрікті орындары жайлы жоба төрт тілде жасалады.

Экспедицияның басталғанына аз ғана уақыт болса да, оның мүшелері ұлы дала табиғатына тамсанып үлгергенін айтады. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Себебі, кәсіби мамандар Тянь-Шань маржандарынан кейін қалған туристік 5 бағыт бойынша, Жоңғар Алатауы, Алтай өлкесі, Сарыарқа төсін аралап Жаңа Жібек жолы бойымен және Арал мен Каспий теңіздерінің аралығын жүріп өтпек. 

Авторы: Рауан Мыңбаев



Шоу-бизнес

Блогер Клара Иса әлеуметтік желіде өміріне қатысты жазба жариялады, деп хабарлады madeniportal.kz....

Жаңалықтар

Елімізде дәрігерлерге күш көрсетіп, жұмысына кедергі келтіретіндер қылмыстық жауапкершілікке тартылу...